10 Қазан, 2018

Дүйсебай Жаңабаев: Алматы декларациясын жаңғыртатын кез келді

472 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Осы айдың 25-26-сы күндері Ас­та­­­­на­да медициналық-санитарлық алғаш­қы көмек (МСАК) жөніндегі жа­һандық конференция өтеді. Бірік­кен Ұлттар Ұйымының Балалар қоры мен Дүние­жүзілік денсаулық сақтау ұйымының және Қазақстан Респуб­ликасы Үкіметінің қолдауымен ұйымдастырылып жатқан форум МСАК жөніндегі Алматы декларациясының 40 жылдығына арналады. Біз конференция қарсаңында Денсаулық сақтау министрлігінің МСАК жөніндегі жаһандық конференцияны ұйымдастыру және өткізу жөніндегі штаб басшысы, Астана медицина университетінің Радиобиология және радиациялық қорғау институтының бөлім басшысы, медицина ғылымдарының кандидаты, профессор Дүйсебай Жаңабаевпен әңгімелескен едік. 

Дүйсебай Жаңабаев: Алматы декларациясын жаңғыртатын кез келді

– Медицина қызметкерлері арасында кеңінен танымал Алматы дек­ларациясы ту­ралы былайғы жұрт біле бер­мейді. Білетіндер бұл құжат­тың дү­ние жүзі елдерінің медици­на­лық-санитарлық алғашқы көмек жүйесін құруға негіз болғанын айтады. Сол туралы таратып беріңізші?

– Әлемде денсаулық сақ­тау жүйесін жетілдіру үшін қабыл­дан­ған маңызды құжаттар бар­шы­лық. Десе де, олардың арасында Ал­ма­ты декларациясы­ның жөні бөлек, сон­дықтан да ол заманымыздың Ұлы хартиясына теңестіріледі. Себебі шет мем­лекеттер де өз елдеріндегі МСАК жүйесін Алматы деклара­ция­сына сүйене отырып дамытты. Бұл құжат 1978 жылдың қыр­күйек айында Алматыда өткен Медициналық-санитарлық алғаш­қы көмек (МСАК) жөнін­дегі жаһандық конференция­да қабылданды. Ол жиынға 157 елден өкілдер қатысқан болатын. Жалпы, аталған жиынның Алматыда өтуіне сол кездегі Ден­саулық сақтау министрі Төре­гелді Шармановтың сіңір­ген еңбегі орасан. Ол кезде Мәс­кеуге бағынамыз ғой. Міне, сол Мәс­кеуде МСАК жөнін­дегі жа­һандық жиынды қайда өткі­земіз деген мәселе сөз болғанда, Төрегелді Шарманұлы біздің елді ұсынып, ұзақ тайталастан кейін жеңіске жеткен еді. Өйткені мұндай маңызды жиынды өткізуге басқа республикалар да мүдделі болды. Бұл жиынның біздің елде өтуі ауыл-аймақтардағы медициналық, санитарлық көмек көрсетудің дамуына тікелей ықпал етті. Себебі Алматы декларациясының негізгі принциптері мен қағидаттары негізінде ауылдарға медициналық қызмет жетті. Ал оған дейін елді мекендердің көбінде дәрігер жоқ еді. Ал бізде сол жылдары 7 700-дің шамасында ауыл болғанын ескерсеңіз, оларды медициналық қызметпен қамтамасыз етудің қандай өзекті болғанын түсінесіз. 
Денсаулық сақтау жүйесі және халықтың денсаулығы деген заңда әр елді мекенде медицина қызметкері болуы керектігі көрсетілгенімен, ауыл деген ұғымдарға заңдық тұрғыдан түсі­ніктеме берілмеген еді. Көп ұза­май ол заң да қабылданды. Сөй­тіп елді мекенде 50 және одан көп адам тұрса, ауыл деп аталады деген анықтама пайда болды. Енді біз медицина қызметкерін халықтың санына байланыс­ты бөле бастадық. Мәселен, 50-300 адам тұратын ауылда меди­циналық мекенжайы жоқ медбике, 300-800 адам тұратын елді мекенде фельдшерлік пункт, ал 800-2000 адам тұратын аумақта фельдшерлік-акушерлік пункт ашылды. Халық саны 2000-нан асатын елді мекенде дәрігерлік амбулатория ашылды. Соның барлығы үкімет қаулысымен бекітілді. 1997 жылы Ақмолада ауылдардағы денсаулық сақ­тау­ды дамытуға арналған медици­налық-санитарлық алғашқы кө­мек жөніндегі конференция өтті. Сол конференцияға ауыл-ауыл­дан келгендердің қолына үкі­мет қаулысын ұстаттық. Осы­лайша іс алға жылжыды. Бүгін­гі таңда барлық елді мекенде ме­дициналық қызметкерлер жұ­мыс істейді. Аталған игілікті істер Алматы декларациясы қа­ғи­даттарын орындаудың нәти­жесінде жүзеге асты. 

– Алматы декларациясы меди­циналық оқу орында­­ры­­ның оқу­лы­ғына енгізілгені рас па? 

– Алматы декларациясы қа­былданған жылдан бастап ме­ди­циналық институттарының 5-6 курс студенттеріне оқытылып келеді. Мен Астана медицина академия­сында Алматы декларациясына сүйеніп, денсаулық сақтау ісін ұйымдастырудың жаңа технология­лары деген тақы­рыпта дәріс оқыдым. Көп жыл бұрын қабылданған құ­жатта қайдағы жаңа технология деген сұрақ туындауы мүмкін. Біз дек­ларация қабылдағаннан соң, әр бес жыл сайын мерейтойлық конференция өткізіп келеміз. Сол конференция­ларда декла­рацияға заман талабына сай толықтырулар енгізіп отырдық. Әлі күнге дейін медициналық мекемелер мен дәрігерлердің қайсысы МСАК-ке жатады деген мәселеде талас туатын сәттер бар. Ондайда бірінші кезекте, МСАК дегеніміз не деген сұрақтың жауабына жүгінеміз. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының тілімен айтсақ, МСАК пациент пен медициналық қызметкердің алғаш кездесетін жері. Пациент медициналық көмек алу үшін бірінші кіммен кездеседі? Ауылда медбикемен, фельдшермен, амбулаторияда дәрігермен кез­деседі, қалада қаралу үшін учас­келік дәрігерге барады. Ауыр халде жатса, жедел жәрдем ша­қырады, демек науқаспен бі­рінші болып байланыс жасайтын медицина қызметкерлерінің барлығы МСАК көрсетушілер қатарына кіреді. 
МСАК дәрігерлері мен меди­цина қызметкерлері – меди­ци­наның алғы шебіндегі жауынгерлер іспетті. Қай майданда да алдыңғы шептің бірінші болып соққы алатыны белгілі. Қалалық жерлерде жалпы тәжірибе дәрігерлері тұрғындар тарапынан жиі сөз естіп жататыны содан. Жалпы тәжірибе дәрігеріне алдын ала жазылу мүмкін емес, кезек көп деген сын айтылып жатады. Осының өзі 8-10 маманның біліктілігін бір өзі меңгерген жалпы тәжірибе дәрігерлерінде бүгіндері жүктеме көп екенін көрсетеді. Біздегі ереже бойынша жалпы тәжірибе дәрігеріне қарасты учаскедегі адам саны жақын келешекте 1700-ден аспауы керек. Осы жылдың алғашқы жартысындағы статистика бойынша ол көрсеткіш 1950 болды. Бұрнағы жылдары бұл көрсеткіш 2220-2400 еді. Бұл норма әр елде әрқалай, мысалы, Кубада 1 дәрігерге 700 пациенттен келеді, кей елдерде 1300. 

– Конференцияда Астана декларациясы қабылданады екен, сіз жоғарыда бес жыл сайын Алматы декларациясына толықтыру мен өзгерістер енгі­зілетінін айттыңыз, олай болса, жаңа декларация қабылдаудың қажеті бар ма? 

– Бүгінгі медицина осыдан қырық жыл бұрын проблема саналған ауруларды, инфек­ция­лық аурулардың көбін жеңді. Қазіргі күні аурудың басқа түр­лері пайда болды. Адамдар саламатты өмір салтын ұстанбау сал­дарынан туындайтын дертке ұшырап отыр. Оның үстіне цифр­­лы медицина қарқынды да­мып келеді. Емделуші мен дә­рі­гер арасындағы қатынас та өз­герді. Осының барлығы Алма­­ты дек­ларациясын жаңғыр­та­тын уақыттың келгенін көрсетеді. Сондықтан Қазақстан конфе­ренция қорытындысы бойынша заманауи сындарды ескере отырып, жаңартылған Астана Декларациясын қабылдауды ұсынды. Ұсыныс қабылданды. Енді жаңа Декларация ережелері 2030 жылға дейін БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарының бірінің негізі ретінде денсаулық сақтау қызметтерімен жаппай қамтуға қол жеткізу үшін негізгі мәнге ие болады. Сондай-ақ МСАК-ты заманауи цифрлы технологияларды пайдалана отырып дамытудың негізінде халыққа көрсетілетін медициналық қыз­мет­тердің қолжетімділігін жақ­сар­туға ықпал етеді. Астана дек­­ла­ра­­циясы қабылданған соң ДСҰ Ассам­блея­сы­ның қарауына ұсынылады. Бұл құжат БҰҰ-да қаралуы мүмкін. 

– Сіз жаһандық конференция­ны ұйымдастыру штабын басқарып отырсыз. Жиынға кімдер келеді, дайындық қалай жүріп жатыр? 

– Бұл конференция «Алма­тыдан басталған денсаулық сақ­тау қыз­мет­те­рімен жаппай қам­туға және тұрақты даму мақсат­тарына» деп аталады. Кон­фе­­ренция МСАК жөніндегі Алматы декла­рациясының 40 жыл­дығын атап өтуге, оның бастапқы қағи­даттарын рас­тауға және МСАК ісіне саяси адал­дықты жаң­ғыр­туға бағытталып отыр. Кон­фе­ренцияны Мемлекет және үкі­мет басшыларының деңге­йін­де өткі­зуді Мемлекет басшысы қол­дады. Сон­дай-ақ БҰҰ Бас хат­­шысы Антониу Гут­тереш мыр­заның, ДДҰ Бас директоры Тед­рос Гебрейесус мырзаның, ден­­сау­лық сақтау, білім беру ми­нистр­ле­рі­нің, халықаралық және үкіметтік емес ұйым­дар, ака­демиялық, ғылыми орта өкіл­дері, 190-нан астам мемлекет­тен МСАК жө­ніндегі мамандармен қатар, жас дәрі­герлер және біздің бола­ша­ғы­­­мыз студенттер де қатысады деп жос­пар­ланып отыр. Қазіргі күні 52 ел­дің ми­нистр­лері келетінін растады. Бұл ақ­­па­рат әлі де толыға түседі. 7-8 елдің бас­­шылары да келеді деп күтіп отырмыз. 
Тәуелсіздік сарайында өте­тін кон­фе­ренция щеңбе­рінде бірқатар іс-шара­лар ұйым­дас­тырылады. Мәселен, Ұлттық музейде денсаулық сақтау саласын цифрландыру көрмесі, Бота­никалық саябақта жүру мен жүгіру­ден марафон, ал Назарбаев Универ­си­тетте медициналық ЖОО студенттері мен жас дәрі­гер­лер форумы өтеді. 

– Әңгімеңізге рахмет. 

Әңгімелескен

Айдана БЕГІМ