30 Желтоқсан, 2011

Ел экономикасы тұрақты даму үстінде

555 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

ҮКІМЕТ "Егемен Қазақстанның" апталық қосымшасы

Он бір айлық қорытынды осыны дәлелдеді Осы аптада өткен Үкімет отырысында еліміздің әлеумет­тік-экономикалық дамуының 11 айлық қорытындысы қаралды. Бірден айтайық, ол ойдағыдай болып шықты. Аталған мәселе бойынша негізгі баяндаманы жасаған Эко­но­микалық даму және сауда министрі Қайрат Келімбетов 11 ай­дың ішінде ішкі жалпы өнімнің 7,5 пайызға, ал қысқа мерзімді экономикалық индикатор 7,3 пайызға өскендігін мәлімдеді. Осы ретте атап көрсететін маңызды бір жәйт, өңдеу өнер­кәсібі мен қызмет секторының шапшаң қарқынмен дамуы бол­ды. Мәселен, аталған мерзім ішін­де  тау-кен өндірісінің, яғни шикізат секторының өсуі 1,6 пайызды құрағанда, өңдеу өнер­кәсібіндегі өсім 6,7 пайыз бо­лып шыққан. Соның ішінде химия өнеркәсібіндегі өсім 22,5 пайызды, мәшине жасау сала­сын­дағы өсім 19,6 пайызды, металлургия өнеркәсібіндегі өсім 6,7 пайызды құраған. Бұл көрсеткіштер елімізде қолға алынған экономикалық сала­ларды әртараптандыру мен индустрияландыру ісінің жалпы көрсеткішке жағымды ықпал етіп отырғандығын дәлелдейді. Қазақстан экономикасының осылайша қарқынды дамуына үстіміздегі жылы үлкен үлес қосып отырған бірқатар өңірлерді атап көрсете кетейік. Олар 11 айдың ішінде өздерінің өнеркәсіптік өндірісінің өсімін 31,5 пайызға қамтамасыз ете алған Жамбыл облысы, 28,2 пайызға қамтамасыз ете алған Астана қаласы, 16 пайызға қам­тамасыз ете алған Ақмола об­лысы және 14,9 пайызға қамта­масыз еткен Алматы қаласы. Сонымен қатар биылғы жы­лы экономиканың бірқатар сек­торлары жақсы жұмыс істеп, атап көрсететіндей көрсеткіш­терге қол жеткізді. Осы ретте ең алдымен үстіміздегі жылы 2 миллиард пұтқа жуық астық өндіріп, рекордтық көрсеткішке қол жеткізген ауыл шаруашы­лығы саласының табыстарын айту парыз. Бұл салада астық жинау көрсеткіші 2010 жылмен салыстырғанда 2,1 есе артып, жиыны таза салмақпен алғанда 26 миллион тонна астық өн­дірілген. Соның нәтижесінде 11 айдың ішіндегі салалық ішкі өнімнің өсімі көлемі 27,3 пайы­з­ға ұлғайған. Сондай-ақ құрылыс сала­сын­да да қозғалыстың бар екендігі байқалып отыр. Мұндағы да­му деңгейі 2,9 пайызды құ­рауы басқа экономикалық салалармен салыстыра қарағанда тө­менгі көрсеткіш болып табылға­нымен, саладағы бірқатар қиын­дықтарды еңсеру мәселесі тұр-ғысынан алғанда үлкен үмітке лайық көрсеткіш болып санала­ды. Оның үстіне құрылыс сек­торы дамуының мультипликативтік тиімділігінің экономика­мыз үшін үлкен екендігін еске алсақ, халқымыздың «қанағат қарнын тойдырады» деп айтқа­нын­дай, осынау аздаған алға басудың келешегіне үмітпен қа­райтындығымызды білдіре кетпекпіз. Осы ретте Қайрат Келімбетов есепті кезең ішінде тұр­ғын үйлерді іске қосу көрсет­кіші 3,2 пайызға, ал тұрғын үй саласындағы инвестициялардың өсім көлемі 24,7 пайызға өскен­дігін атап көрсетті. 11 айдың ішінде тұтыну ры­но­гындағы сұраныстың ұл­ғаю­ы­ның да экономикалық даму­дың маңызды факторы екендігін айта кетейік. Мұндағы бөлшек сауда тауар айналымының өсуі 12,5 пайызды құраған. Ал кө­ліктің барлық түрлерімен  жүк тасы­малдау көлемі 22 пайызға өскен. Экономиканың нақты секто­рындағы жоғарғы өсу қарқыны сыртқы конъюнктураның жағым­ды ықпал етуі нәтижесінде Қа­зақстанның сыртқы тауар айна­лымының 39,7 пайызға ұлғаюын қамтамасыз етті. Соның ішінде  импорт 22,4 пайызға өсіп, сауда теңге­рімінің оң сальдосы 42,3 миллиард долларды құрады. Бұл 2010 жылдың осы мерзіміндегіден 1,7 есе көп. Экономикадағы осындай жа­ғымды көрсеткіштердің нәтиже­сінде республикалық және мемлекеттік бюджеттер кірісінің орындалуы да ойдағыдай болды. Осы мәселе жөнінде есеп берген еліміздің Қаржы министрі Болат Жәмішев республикалық бюджет кірісінің 4 триллион 367 миллиард теңгеге қамтамасыз етіліп, жоспардағы көрсеткіштің (4 триллион 346 миллиард теңге) 101,9 пайызға орындалғандығын атап көрсетті. Сондай-ақ оның айтуына қарағанда, жоспар­лан­ған мемлекеттік бюджет кірісі де қамтамасыз етілмек. Жоғарыда ел экономикасы­ның көзделген бағыттарға сәйкес дамуына қолға алынған ин­дус­трияландыру ісінің жағымды ық­пал еткендігін айттық. Осы мә­селе жөнінде жеке баяндама жа­са­ған Премьер-Министрдің орын­басары – Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев 11 айдың ішіндегі өнеркәсіп өнімдерінің өсімі өткен жылдың осы мерзімімен салыс­тырғанда 103,8 пайыз болған­дығын мәлімдеді. Соның ішінде электрмен қамту, газ және бу беру көлемі 107,3 пайызға, мәшине жасау өндірісінің дамуы 119 пайыз­ға орындалған. Ішкі жалпы өнімдегі өңдеу өнеркәсібінің үлесі 10,5 пайызға өсе түскен. Бұл көрсеткіштер индустриялан­дыру нәтижесінде іске қосылған жаңа жобалар арқылы мүмкін болып отыр. Соңғы екі жылда ғана индустрияландыру картасы­ның аясында жалпы сомасы 1,8 триллион теңгені құрайтын 389 жоба іске қосылды. 90 мыңнан астам жұмыс орны құрылды. Бұл кәсіпорындардың 70 пайызы қа­зіргі күні өздерінің қуаттық жүктемелерінің 50 пайызы мен 100 пайызы аралығында жұмыс істей бастады. Олар жалпы жиыны 390 миллиард теңгенің өнімін, соның ішінде 106 жаңа өнімді игерді. Өнеркәсіп өндірісі саласын­дағы еңбек өнімділігі де артуда. Мәселен, жалпы сала бойынша үстіміздегі жылдың 11 айында оның көрсеткіші 20 пайызға көтерілген. Соның ішінде химия өнеркәсібі саласындағы еңбек өнімділігі 58 пайызға, мәшине жасау саласында 38 пайызға, металлургиялық өнеркәсіпте 29 пайызға өскен. Қазіргі күні 220 жобаны іске қосу бойынша жұмыстар жал­ғасуда. Солардың қатарында ірі жобалар ретінде Балқаш жылу электр стансасының құрылысын, мұнай өңдеу зауыттарын қайта жаңғырту ісін, Шардара су элек­тр стансасы, Бурабай курор­ты секілді нысандарда жүргізіліп жат­қан жұмыстарды айтуға болады. Осындай жұмыстардың нәти­жесінде  қазіргі күні біздің эконо­ми­камызда үлкен қаржы әлеуеті мен қор қалыптасу үстінде. Мә­селен, ұлттық қордағы қаржы көлемі 11 айдың ішінде 27,3 пайызға өсіп, жалпы жиыны 75,4 миллиард долларды құраған. Дегенмен, экономиканың бар­лық секторлары бірдей өздері  ме­желеген көрсеткіштерге қол жеткізе алмады. Соның бірі мұ­най саласы. Аталған мәселе жө­нінде сөз алған еліміздің Мұнай және газ министрі Сауат Мың­баев мұнай мен газ конденсатын өндіру көрсеткіші өткен жылдан жоғары болғанымен, жоспарлы көрсеткіштен төмен болып шық­қандығын мәлімдеді. Бұған бізге белгілі себептермен бірқатар кә­сіпорындардың өндіру көлемін төмендетіп алғандығы әсер еткен. Мәселен, «Өзенмұнайгаз» компаниясы өндіру көлемін 14,8 пайызға азайтып алды. Сондай-ақ екі кешенді технологиялық электрлі жүйедегі апат салдары­нан «Теңізшевройл» компаниясы да желтоқсан айында өндіріс көлемін күрт азайтуға мәжбүр болған. Осы Үкімет отырысында бір­қа­тар министрлер сөз алып, өз­дері басқарып отырған салалар­дағы жұмыс барысын баян етті. Соның ішінде еліміздің Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара Әбдіқалықова есепті кезең ішінде «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасын жү­зеге асыру ісіне қатысуға 84 мың адамның өтініш бергендігін ай­тып өтті. Олардың 58 мыңы қа­зіргі күні бағдарламаға қосылып, олармен арада әлеуметтік келісімдер жасалған. Бұлардың 59,6 пайызы немесе 34,5 мыңы – 29 жасқа дейінгі жастар. Сонымен қатар елімізде жұ­мыссыздарды қайта оқыту арқы­лы жаңа жұмыс орындарына қа­рай бейімдеу ісі одан әрі жал­ғасуда. Қазіргі күні осындай кә­сіп­тік оқуларға 69,2 мың адам тартылып отыр. Бұл – жоспар­лан­ғанның 94,8 пайызы. Еліміздің Кеден одағына қо­сылуы экономикалық дамуға оң ық­пал еткендігін айта кетсек ар­тық болмас. Әлеуметтік-экономи­калық дамудың 11 айлық қоры­тындысы осыны дәлелдеп отыр. Осы жайында Экономикалық даму және сауда министрі Қайрат Келімбетовтің сөзімен айтсақ, атал­ған мәселеге байланысты жү­ріп жатқан үдерістер Қазақстан­ның алдында келешек дамудың зор әлеуетті мүмкіндіктерін аш­ты. Бұл факторлар ең бірінші, елімізде өндірілетін өнімдерді өт­кізу рыногының кеңеюіне, сауда және кедендік бөгеттердің алы­нып тасталуына, өзге елдердің инфрақұрылымдарында қол жетімділікке үлкен ықпал етті. Соның нәтижесінде үстіміздегі жылдың 10 айында Кеден одағы елдерімен өзара сауда көлемі 43,3 пайызға немесе 19,6 миллиард долларға өсе түскен. Со­ның ішінде экспорт көлемі 51,4 пайызға (6,2 миллиард дол­ларға), импорт көлемі 39,8 па­йызға (13,4 миллиард долларға) артқан. Сонымен, осы аптада өткен Үкімет отырысында қаралған елі­міз­дің әлеуметтік-экономикалық дамуының 11 айлық қорытын­дысы еліміздің Елбасы жолдаула­рында белгіленген бағыттар бойын­­ша нәтижелі түрде алға басып келе жатқандығын тағы бір дәлелдеді. Елбасының Үкі­метке тапсырғанындай ел эконо­микасының 7 пайыздық дамуы қам­тамасыз етілді. Қазақстан әлем­дік экономикалар арасында барынша қарқынды және тұрақ­ты дамушы елдердің алдыңғы легінен орын алды. Енді осы қол жеткен нәтижелерді іспен бекітіп, одан әрі алға баса беруіміз қажет. Сұңғат ӘЛІПБАЙ.