Әлем • 10 Қазан, 2018

Әлемдік бейбітшіліктегі діндердің орны мен адамзаттық көркем мінез

591 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Адамзат тарихында діндердің белгілеуші әрі бағыттаушы күші ешкімнің жоққа шығара алмайтын жаратылыс ақиқатына айналды. Осы себептен адамзат тарихы мен діндер тарихы бір арнада дамып келеді. Өйткені адам өміріне арқау болған биік идеялар мен идеологияларды қамтыған діндер – жеке тұлғалар мен қо­­ғамдардың тіршілігіне мән бітіретін ықпалды құнды­лық­тардың жиынтығы. 

Әлемдік бейбітшіліктегі діндердің орны мен адамзаттық көркем мінез

Адамның болмысына қатысты сұрақтарға жауап беретін кейбір діндердің иләһи негізі мен қайнар көзі болса, иләһи негізі жоқ кей діндер де қоғамдардың дамуына ықпал етіп отырады. Әсілі, барлық діндердің ортақ құндылығы көркем мінезге негізделеді. Осылайша дін өкілдері көркем мінезге ие болып отырған адамдармен әлемдегі тіршіліктің әлде­қайда жақсаратындығын, бейбітшілік пен тыныштықтың орнайтынын үнемі айтып отырады. Сондықтан діндердің басты мақсаты көркем мінезді тұлғаларды жетілдіру деп нық айтуға болады.

Діндердің арасында теориялық айырмашылықтарды таразыға салып талқылау болады, алайда тәжіри­бе­лік жағынан алып қарағанда, қалып­тастырып отыратын көркем мінез тұрғысынан келгенде, мақсаттары бір екені аян. 

Пайғамбарымыз Хазірет Мұхам­медтің (с.ғ.с): «Мен көркем мінезді толықтыру үшін жіберілдім» деген құтты сөзі негізінен ислам дінінің өзегін көрсетіп отыр. Құран Кәрімнің аяттарында да көркем мінезге үлкен көңіл бөлінгендігі байқалады. Онда көркем мінез тақырыбы шеңберіндегі иләһи бұйрықтар мен тыйымдар баян­далып, жаһандық құндылықтарды қамтитын идеялар айтылған. 

Ислам – адам табиғатына сай ке­летін идеялары мен ұстанымдары және көркем мінезді адамды тәрбиелеу философиясының негізінде азғантай уақытта көптеген қауымдар мен қоғамдар тарапынан қабылданған дін болды. «Бақытты ғасыр» деп аталатын бұл кезең исламның алтын жылдары болған. Кейінгі жылдары Құран, хадис және ижма шеңберінде қалыптасқан «ислам көркем мінезі» түсінігі пайда болды. 

Осы орайда түркі халықтарына қатысты бір мәселені жеткізгім келеді.

Түркі елдердің мұсылмандықты қабылдауы өте оңай жүзеге асқан. Өйткені бұдан бұрын көркем мінезге негізделген тіршілік мәдениеті ислам дінінің идеясы мен философиясына сай келетін. Алыпаслан сұлтанның сөзімен айтқанда, «Түркілер – шынайы мұсылман». Дінге біткен қасиет бәрінен де биік тұрады және дүниелік пәни тіршілікте діннің құралға айналуы көркем мінезге қайшы келеді.

Иә, түркілер – мемлекеттік жүйе­сін­де де, қоғамдық тіршілікте де осы идеяға адал болған ержүрек халықтар. Түркілердің исламдық көркем мінез­бен іргесін қалаған мемлекет пен қоғамдық тәртібі өздеріне адамзат тарихына із қалдыруға мүмкіндік бе­ріп, осылайша түркі-исламдық мәде­ниеті жүзжылдар бойы әлемге, адам­затқа әділетті, бейбіт өмірді, қауіп­сіздікті, гүлдену мен өркендеуді, ты­ныш­тықты орнатып, адамзатты, қор­шаған ортаны, барлық тіршілік иелерін «жүйелілік пен мейірімділік мәде­ниетімен» табыстырған-ды. Өйт­кені түркі елдердің мәдениет ұғы­мын­да көркем мінез, әділет, келісім, құр­мет және сүйіспеншіліктің орны ерекше. 

Түгел түркі жұртында зұлым­дық­тың орнына әділет, қастықтың орнына бейбітшілік, кектің орнына келісім сынды ағлақтық ұстанымдар басты бағыт-бағдар болып саналған, соның нәтижесінде түркі тілдес мемлекеттердің құрамындағы этнос­тық топтардың тыныштық пен бейбіт өмір сүруіне ықпал еткен. Себебі түркілердің өмір салтында «дін бар жерде дүрдараздық болмайды» деген ұстаным көркем мінездің басты ұстанымына айналған. 
Түркі-исламдық мәдениетінің, ислам дінінің мақтанышына айналған түркі жұрты ғасырлар бойы алып мем­лекеттерді құруы әлемдік бейбітшілік тұрғысынан келгенде үлкен мүмкіндік болып саналған. Осындай ұзағынан созылатын тауариқтың беттерінде із қалдырған түркілердің әділ басқарған кезеңінің бар құпиясы – ақыл мен көңіл арасында құрылған байланыс еді. Сондай-ақ ғылымға және ға­лымдарға, зиялы жұртқа көңіл бөлін­гендіктен, осындай биік дәрежеге қол жеткізгені ақиқат. 

Діндердің саясиланып, саясаттың құралына айналуы – бүгінгі күнде адамзаттың ең маңызды мәселелер­дің бірі. Әлбетте, бір жағынан бұған қарсы көзқарастың да ықпалы бар. Бас кескен, адамды отқа лақтырған, газбен жойған, суда батып кетуіне, жарылғышпен бөлшектеніп кетуіне себепші болған, адамның ар-намы­сын есепке алмаған және осындай жағ­дайларды тоқтата алмаған идея­лық, догматикалық және тәжірибесі жоқ діннің қалыптасуына буддистің де, индуистің де, яхудидің де, хрис­тианның да, мұсылмандардың да ықпалы бар екені мәлім. 

Әлем және адамзат бейбітшілікке, әділдікке, келісім мен қауіпсіздікке зәру. Осы себептен дін өкілдері жеңіл­тектік және қорқақтық мінез танытып, жауапкершіліктен бас тартпау керек. Аракан, Шығыс Түркістан, Йемен, Сирия және Палестинада әлі күнге дейін қантөгіс тоқтамай көз жасы ағып жатса, діннің атынан бұлбұлша сайрайтындардың айтатын басқа қандай мәселелері болуы мүмкін.

Бүгінгі күнде әлемде бейбітші­лік­тің орнығуы үшін діндер уағыз еткен қағидаттар тіршіліктің әр саласында көрініс табуы керек. Осы орайда дін лидерлерінің атқарып отырған миссиясы өте маңызды. Олар­дың қоғамға тигізіп отырған ықпа­лын жоққа шығаруға болмайды және олардың сөзі мен амалы жеке тұлға­лық тұрғысынан әрі қоғамдық тір­ші­лік тұрғысынан үлкен күшке ие. Сон­дық­тан әлемдік бейбітшілікке дін ли­дерлерінің қосатын үлесі орасан зор.

Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, осындай маңызды тақырыпта аса құнды жиын ұйымдастыру әлемдік бейбітшілік пен адамзаттың тыныштығы үшін өте қажетті іс. Әлемдік бейбітшілікке үлес қосатын аса тиімді әрі оңтайлы қадам жасалатын болады. 

Биылғы жылы өтетін шараның бастамашысы, түркі әлемінің дана лидері, иісі мұсылман жұртының абызы Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа ұлы адамзат әулеті атынан әрі түрік, әрі мұсылман ретінде, тіпті адамзат әлемінің өкілі ретінде, мұсылман ай­мақ­тарында жалғасып жатқан соғыс пен лаңкестіктің салдарынан қаза тапқан кінәсіз жандардың атынан шын жүректен алғыс айтамын!

Ялчын ТОПЧУ,

Түркия Республикасы Президентінің Бас кеңесшісі