Қазақстан • 10 Қазан, 2018

Татулықты сақтаудың сара жолы

334 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Татулықты сақтаудың сара жолы

Аса қамқор, ерекше мейірімді Алла­ның атымен бастаймын! 

Өткенімізге назар салсақ, тарих қат­парындағы небір қарақұйын пәлекет, сұрапыл соғыс пен қақтығыс­тардың орын алуына адам бойындағы астамшыл пиғыл мен дарақы дандай­сушылық һәм тәкаппарлық пен үстем­шілдікке үйірсек қараниеттің түрткі болғанына көз жеткіземіз.

Адамзат баласының қасіреті мен дүрдараздығына ізгіліктен бет бұрып, адамшылдық ақ пейілден ауытқып, әу бастағы дүниеге келудегі мұрат-мақсаттан айнуы, қарадүрсіндік пен қатыгездікке бой алдыруы әсер еткені талассыз шындық. Ал адамзат осындай өткен өмір соқпақтарындағы шалт кеткен қателіктерінен сабақ алуы тиіс. 

Осы тұрғыда ғаламдық бейбіт­ші­лікке үндеген кез келген ізгі қадам, оның ішінде дәстүрлі дін жетек­ші­ле­­рінің үнқатысу орнатуы, адам­зат бала­сын татулыққа үндеуі, адам­дық мақ­сат-мүддені танып білуге ұмты­луы, сөз жоқ, аса маңызды іс-шараға жатады. 

Татулық орнатудың кілті

Алла тағала Құран Кәрімде: «Әй, адам баласы! Шүбәсіз сендерді бір ер, бір әйелден (Адам, Хауа) жараттық. Сондай-ақ бір-біріңді тануларың үшін сендерді ұлттар, рулар қылдық» (Хұжурат, 13), деп баяндаған. Бұл аят адамзат баласының әртүрлі нәсілде, әртүрлі қабілет пен реңкте жаратылғанын білдіреді. 

Сонымен бірге, Жаратушы Иеміз: «Әр үмбеттің бір пайғамбары бар» (Жүніс, 47), «Ескертуші пайғамбар келмеген ешбір үмбет жоқ» (Фатр, 24) деп, барлық ұлттар мен ұлыстарға Хақ Елшілерінің келгенін баян етеді.

Десе де, тарихи кезеңдердегі алғы­шарттардың негізінде ұлттар мен ұлыс­тардың әралуандығы қалыңдай түсіп, діни нанымдар өзгеріске ұшы­рай бастағандығы белгілі. Бұл адам­заттың әркелкі өмір сүру форма­сы­­ның қалыптасуына себеп болды. Сондай-ақ түрлі діни нанымдар – Жа­­ратушыны өзіндік тұрғыда таны­тып қана қоймай, қоғамдық қаты­нас барысындағы белгілі бір өлшем­дер мен қағидаттарды туғызды. Осы­ның негізінде алажаңқа (плюрализм) көзқарастардан тарихта түрлі қай­шы­лықтардың орын алғанын да жоққа шығаруға болмайды. 

Әйткенмен, адамзат баласына ке­неусіз талас-тартыстан гөрі тату­лық­та, сыңарезу ымырасыздықтан қара­ған­да, ынтымақтастықта өмір сүру аса қажет. Осы тұрғыдан алғанда, қазір­­гі таңда діни үнқатысу мен діни төзім­­ді­ліктің насихаты бізге ауадай қажет екені баршамызға түсінікті деп ойлаймын. 

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жа­һандағы тұрақтылық пен бейбітші­лік­ті сақтап қалу үшін үшінші мыңжыл­дықтың басында Астанада алғаш рет Әлемдік және дәстүрлі діндер көш­ба­сыларының съезін өткізді. Бұл игі бастама әу бастан өз үдесінен шы­­­ғып, өзінің өміршең платформа еке­нін әйгілей алды. Елордамызда дін көшбасшыларының қатарынан бес рет съезі өтті. Жай күнде бір-біріне қырын қарай­тын барша жұрттың діни һәм рухани жетек­шілерінің Астана төрінде бас түйіс­тіріп, келелі сұхбат құруы, әлбетте, жаһандық деңгейдегі үлкен жетістік еді. 

Исламдағы дінаралық үнқатысудың негізі

Ислам дінінде діни сенім-наным бостандығына еркіндіктің берілгендігі Құран Кәрімде: «Дінде зорлық жоқ» (Бақара, 256) деп тайға таңба басқандай анық айтылған. Хақ дінге өзге діни сенімді телуге болмайтындығы да Құран Кәрімде: «Сендердің діндерің өздеріңе, менің дінім өзіме тән» де» (Кафирун, 6) деп ескертілген. Ал өзге дін өкілдерімен бір мемлекеттің қарамағында өмір сүруге болатындығы Құран Кәрімде: «Дін турасында сендермен соғыспаған әрі сендерді өз отандарыңнан қуып шығармаған адамдарға жақсылық жасауларыңа және оларға әділетті болуларыңа Алла тағала қарсы емес. Өйткені Алла тағала әділеттілік жасағандарды жақсы көреді» (Мумтахина, 7) деп баяндалған. Яғни, әділеттілік қағидасының негізінде мұсылмандардың өзге дін өкілдерімен бір шаңырақтың астында ғұмыр кешуіне рұқсат етілген. 

Алла Елшісі (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) Йасрибқа (Мәдина) қоныс аударып, онда жаңа саяси бірлестіктің негізін қалау кезінде «Мәдина конститу­циясын» (Уасиқа-тул Мәдина) қабылдады. Ол (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) осы құжатта яһуди қауымымен келісімшарт жасап: «Яһудилердің діні – өздеріне тән, мұ­сылмандардың да діні – өздеріне тән» (25-бап) деген құқықтық норма бекіткен еді. Сонымен бірге Хақ Елшісі (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) Йемендегі Нажран және Сириямен шекаралас аймақтағы Әйла, Жарба, Әзрух елді мекендеріндегі христиан діні өкілдерімен де «дәр ал-ақд» (бір мемлекетте өмір сүру туралы келісім) жасаған болатын. 

Ислам дінінде діни сенім-наным бостандығы ғана емес, ұлт пен ұлыс­тардың да теңдігі паш етілген. Бұл жөнінде Алла Елшісінің (Алла­ның оған салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде: «Араб ұлты өзге ұлт­тарға үстемдік ете алмайды, өзге ұлт­т­ар да араб ұлтынан үстем емес» (Бұқари, Хаж, 132) деп тайға таңба басқан­дай нақ айтылған. Яғни, Хақ дін­нің не­гіздері бойынша мұсыл­ман қа­уы­мы өзге дін өкілде­рімен, сондай-ақ Ислам дінін қабыл­даған ұлт­тар өзге ұлыс­тармен адам­гер­шілік құнды­лық­тар мен төзімділік қағидат­тарын басшы­лыққа ала отырып, ортақ плат­фор­мада өмір сүруіне толық рұқсат етіледі.

Түйін

Елбасының идеясымен дүниеге келген Астанадағы Әлемдік дәстүрлі діндер көшбасшыларының үнқатысу алаңы өзінің өміршең жоба екенін әлдеқашан дәлелдеді. Дінаралық үнқатысудың қазақстандық үлгісі әлемде діндерге деген құрметтің сара жолын салып, кемел үлгісін қалыптастырды. 

Түрлі дін өкілдерін дінаралық үнқатысуға шақыра, күн тәртібіне қойылған мәселені бір қырынан ғана қарастырып қоймай, әртүрлі діндердің ұстанымы мен көзқарасын ескере отырып шешім қабылдау, сарабдал саясаттың биік көрінісі екені даусыз. Мұны қазақ топырағында ғасырлар бойы қалыптасқан толеранттылық пен адами құндылықтардың жаңа мазмұнда жаңғыруы десек болады. 

Сөз соңында айтпағым, жуырда өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының кезекті VI съезіне сәттілік тілеймін!

Серікбай қажы ОРАЗ,

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, 

Бас мүфти