31 Желтоқсан, 2011

Ислам Ынтымақтастығы Ұйымының Бас хатшысы Экмеледин ИХСАНОҒЛЫ: «Қазақстандық Төрағалық Ұйымның басымдықтарын, бағдарламаларын және бастамаларын іске асыруға жәрдемдесетініне сенім мол»

526 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін
– 2011 жылғы маусым айының аяғында Қазақстанның елордасы Ас­тана қаласында Ислам Ынтымақ­тастығы ұйымына мүше мемлекеттер Сыртқы істер министрлері ке­ңе­сінің 38-ші сессиясы болып өтті, онда Қазақстан Ұйымның Төрағасы болды. Сіз қазақстандық төраға­лық­тың негізгі ағымдағы қорытын­дыларын қалай бағалар едіңіз? – 2011 жылғы маусымда Қазақстан ИЫҰ СІМК 38-ші сессиясының төр­аға­лы­ғын қабылдап алғаны белгілі. Он бес жыл бойы ИЫҰ-ға мүше бола отырып, Қазақстан Ұйымға мүше мемлекеттермен де, оның инсти­тут­та­ры­мен де ынтымақтастықтың жоғары деңгейін орнатты. Мұны мойындап, ИЫҰ мемлекеттері бірауыздан Қазақ­станды 2011-2012 жылдарға ИЫҰ СІМК 38-ші сессиясының төрағасы етіп сайлау жөнінде шешім қабылдады. Өз төрағалығының басынан бастап, Қазақстан өз күш-жігерін ИЫҰ ішіндегі көп жоспарлы ынтымақтастықты ны­ғайтуға, сондай-ақ Ұйымның мәр­те­бесін халықаралық қатынастардың беделді қатысушысы ретінде сақтап тұ­руға шоғырландырды. Жарғыны және ИЫҰ 10 жылдық іс-қимылдар жоспарын басшылыққа ала отырып, Ұйым демократияны, тиімді мемлекеттік басқаруды, заң үстемдігін, адам құқықтарын сақтауды ілгерілетумен, сондай-ақ мүше мемлекеттер ара­сындағы ынтымақтастықты тереңдету­мен айналысуда. Қазақстанның төраға­лы­ғымен аталған үдерістер ИЫҰ ке­ңістігінде көзге көрінерлік деңгейде белсенді бола түсті. Мысалы, қазақ­стандық өкілдер Ұйымға мүше әртүрлі мемлекеттерде парламенттік және президенттік сайлаулардың мониторингін іске асырған ИЫҰ Бас хатшылығы делегацияларының құрамына енді. Қазақстандық төрағалық Ұйымның басымдықтарын, бағдарламаларын жә­не бастамаларын іске асыруға жәрдем­де­се­тініне ИЫҰ-да берік сенім қалып­тасты. Астана «Бейбітшілік, Ынтымақ­тастық және Даму» ұранымен табысты өтіп жат­қан қазақстандық төраға­лық­тың ба­сымдықтарына толық сәйкестік­те, осы бағыттағы ИЫҰ күш-жігерін бі­ріктіре отырып, барлық Ислам әле­мінің дамуы­на елеулі үлес қосатынына күмән жоқ. – Ислам Ынтымақтастығы Ұйы­мы құрылғанына 40 жылдан астам уақыт өткен БҰҰ-дан кейінгі әлем­дегі ең ірі халықаралық ұйым ретінде белгілі. Осы орайда Ұйымның әл­емдегі алатын орны мен рөлі туралы айта кетсеңіз. – Ең алдымен ИЫҰ бүкіл мұсыл­ман әлемінің ұжымдық үн қатысуының көрінісі болып табылады және түрлі халықтар арасындағы қатынастардағы бейбішілік пен үйлесімділікті ілгерілету рухында осы әлемнің мүдделерін қор­­ғауға ұмтылып отыр. ИЫҰ-ның қа­зіргі кездегі Жарғысы мүше мемлекеттер арасындағы пікірлестік пен ын­ты­мақтастықты нығайтудан тұратын Ұй­ым­ның мақсаттары мен қағи­да­ла­рын айқындайды. Ұйымның 40 жыл­дан астамғы тарихы ішінде оның мүше­ле­рінің саны әуелдегі 25 елден бүгінде 57 мемлекетке дейін ұлғайды. ИЫҰ БҰҰ-мен және басқа да халықаралық, өңір­лік және субөңірлік ұйымдармен сын­дар­лы және мазмұнды қатынастар ор­натты. Ұйымның Ислам әлемінің негізгі мүдделерін қорғау, мүше мемлекеттер арасындағы қақтығыстар мен қар­сы тұруларды реттеу бойынша жұмысы басты басымдықтардың бірі болып та­бы­лады. ИЫҰ Исламның шынайы құн­дылықтарын қорғай отырып, бар­лық пішіндер мен көріністердегі мұ­сыл­­ман­дарға қатысты кемсітушілікті жою бойынша қызметін жалғастыруда. ХХІ ғасырда ИЫҰ-ға мүше мемлекеттер көптеген сынақтармен бетпе-бет келіп отыр. Осы сын-қатерлерді еңсеру жолдарын қарастыру үшін 2005 жылғы желтоқсанда Меккеде Ұйымның үшін­ші төтенше саммиті шақырылып, оның қорытындылары бойынша, 10 жылдық іс-қимыл жоспары қабылданған бола­тын. Аталған жоспар ИЫҰ-ға мүше мемлекеттер арасындағы ынтымақ­тас­тықты, төзімділік пен ұстамдылықты қамтамасыз етуді, ғылым мен тех­но­ло­гияларды, білім беруді, сауда-саттықты қоса алғанда өмірдің барлық салала­рын­да мазмұнды реформалар жүр­гі­зуді, Ислам әлеміндегі тиімді мемлекеттік басқаруды жүзеге асыра отырып, адам құқықтарын сақтауды көздейді. – Сіз ИЫҰ-ның жоғарыда атал­ған жоспарларына қосымша олар­дың болашағы туралы не айтар едіңіз? – Жоғарыда атап өткенімдей, ИЫҰ-ға мүше мемлекеттер басталған жүз жыл­­дықта көптеген сын-қатерлерді кез­­­­дестіруде және оларды еңсеру жол­дарын дайындау үшін 2005 жылы Меккеде Ұйымның төтенше саммиті ша­қы­рыл­­­­ған-тұғын. Саммиттің қоры­тын­ды­лары бойынша мүше мемлекет­тер­дің бірлескен іс-қимылдарын көздейтін ИЫҰ-ның 10 жылдық іс-қимылдар жос­­пары қабылданды. ИЫҰ СІМК-нің Астанадағы 38-ші сессиясы Ұйымның Адам құқықтары жөніндегі тұрақты комиссиясын құру туралы қарар қабылдады, ол ИЫҰ-ға мүше мемлекеттердегі осы жағдайды бақылайтын болады. Жалпысында, атал­ған комиссияны құру мәселені ілгерілетудегі ірі қадам болып табылады. Сонымен қатар, төзімділік пен ұс­там­дылықты, ғылым мен техноло­гия­лар­ды, білім беру мен сауда саттықты қоса алғандағы өмірдің барлық салаларында көлемді реформалар жүргізуге, Ислам әлемінде тиімді мемлекеттік басқару мен адам құқықтарын қорғауды қам­та­масыз етуге қатысты нақты басым­дық­тар белгіленген. Осы орайда ана мен бала, аға ұрпақ құқықтарын қорғау, дәс­­­­түрлі исламдық отбасылық құнды­лық­тарды сақтау, терроризм мен экс­тре­мизм­ге, дін беделін түсірудің кез келген көріністеріне, діни және мәдени төзім­сіздік негізіндегі қорлауға және, әрине, исламофобияға қарсы күрес ИЫҰ қыз­метінің күн тәртібінде тұрған маңызды мәселелер екенін айта кеткен орынды. – Ислам Ынтымақтастығы Ұйы­мы­ның Ислам әлемінде, атап айт­қанда, Таяу Шығыста және Сол­түс­тік Африкада өріс алып отырған сая­си оқиғаларды елеусіз қалдыра алмайтыны анық. Тунис, Ливия және Сирия сияқты елдердегі саяси жағдайды тұрақтандыруға ИЫҰ-ның қосатын үлесі қандай? – ИЫҰ Жарғысы, Ұйымның 10 жыл­дық іс-қимылдар жоспары ИЫҰ-ның қызметі мен іс-әрекеттерінің негізі бо­­лып табылады. Мәселен, Ұйым бас­ты құн­дылықтар мен қағидаларды бас­шы­лыққа ала отырып, мүше мемлекеттерде білімге негізделген қоғамдар құруға жәрдемдесіп, мемлекетті тиімді басқару, демократия қағидаларын ілгерілету, сон­дай-ақ әлеуметтік әділет­сіз­дікті және ха­лықты саяси басып-жан­шу пішіндерін жою бойынша дәйекті жұмыс жүргізуде. Таяу Шығыстағы және Солтүстік Африкадағы саяси тұрақсыздықтың бас­­тапқы кезеңінен, ИЫҰ қарсыласу­шы жақтарды үнқатысуға шақыра оты­рып, кикілжіңдерді бейбіт реттеуге үндеуде. ИЫҰ жетекшілігімен министрлік дең­гейінде тұрақты өкілдердің және Атқа­рушы комитеттің төтенше кездесулері өткізілді. Мысалы, ИЫҰ Ливиядағы оқиғаларға алаңдаушылық білдірген ал­ғашқы халықаралық ұйым болды. Ресми мәлімдемелерді де уақы­ты­мен жасады, тұрақсыздық орын алған елдерде арнайы өкілдіктерінің жүйесін ашты. Сондай-ақ ИЫҰ қауіпсіздікті, тұ­­­рақтылықты, аумақтық тұтастықты және елдердің егемендігін сақтау, онда тұра­тын халықтардың заңды талап­та­рына тиісті жауап қайтару мақсатында «дә­не­кер дипломатия»әрекетін іске асыруда. – ИЫҰ-дағы Қазақстан Төраға­лығы біздің елде өте үлкен жетістік ретінде қабылдануда. Мұның ИЫҰ-ның әлемдегі танымалдығымен бай­ла­нысты екендігі анық. Осыған бай­ланысты, сіздің ойыңызша, Қазақ­стан мен ИЫҰ өзара ынтымақ­тас­тықтан қандай тиімділік көре алады? – 1995 жылы Қазақстан ИЫҰ-ның то­лық мүшесі болды. Айналасы бес-ал­ты жылда Қазақстан мен ИЫҰ Ұйым ке­ңістігінде ынтымақтастықты дамыту­да жаңа кезең аша білді. Қазақстанның ИЫҰ-ға мүшелігі Қазақстанның Ұй­ым­ға мүше өзге де мемлекеттермен қа­рым-қатынасын нығайтуға айтарлық­тай кө­­мектесіп, Ислам әлеміндегі бо­лып жат­қан саяси және экономикалық үдеріс­тер­ге қатысуына қолайлы жағ­дай­лар туғызды. ИЫҰ Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес (АӨСШК), Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі сияқты бірқатар қазақстандық халықаралық бас­тамаларға қолдау көрсетті. ИЫҰ Қазақстанның Шығыс пен Батыс ара­сын байланыстырушы буын ретіндегі рөлін мойындай отырып, өркениет­ара­лық және дінаралық үнқатысуларды ілгерілетудегі қызметін жоғары бағалауда. Бұған қоса, ИЫҰ Сыртқы істер министрлерінің кеңесі ұдайы Қазақ­стан үшін аса өзекті Арал теңізі про­бле­ма­ла­рын және бұрынғы Семей яд­ро­лық по­лигоны қызметінің салдарын еңсеруде халықаралық қатысудың ма­ңызды­лы­ғын ерекше атап көрсететін қарар қа­был­дап келеді. Сондай-ақ Қа­зақстан үшін ИЫҰ-ның қаржы инсти­тутта­ры­мен, атап айтқанда, Ислам әле­міндегі ең ірі инвесторлардың бірі – Ислам Даму банкімен (ИДБ) ынты­мақ­тастық өте ма­ңызды. ИДБ-ның Қазақ­стандағы инвес­ти­циялық портфелінің жалпы көлемі 700 млн. АҚШ долларын құрайды. Қар­жылық көмектен басқа, ИДБ институт­тары Қазақстанда Ислам банкингі қыз­метінің сипаты жөніндегі ағартушылық жұмыспен белсенді ай­на­лысады. Қазақстан ИЫҰ-ның арнайы, суб­си­диарлық және аффилирленген инс­титуттарымен тығыз ынтымақтастық орнатты. Өзінің әлеуметтік-экономи­ка­лық жетістіктерін таныту мақсатында Қазақстан 2010 жылғы қазанда бір­ау­ыз­дан ИЫҰ-ның Экономикалық және сауда ынтымақтастығы жөніндегі тұ­рақ­ты комитетінің (COMCEC) Вице-төрағасы болып тағайындалды. Оның негізгі қызметі Ұйымға мүше мемлекеттер арасындағы сауда-экономи­ка­лық өзара әрекеттесуді ілгерілету бо­лып табылады. Бұл құрылым ИЫҰ ке­ңістігіне преференциалды сауда жүйе­сін енгізуге, мемлекеттердің тарифтік саясатын үндестіруге, индустриялды, қаржылық және банктік жүйені, сон­дай-ақ, туризм мен ауыл шаруашы­лығы салаларын қолдауға бағытталған ірі көлемдегі жобаларды іске асыру үдерісін бақылайды. ИЫҰ сондай-ақ ИЫҰ-ның арнайы дайындалған Орталық Азиямен ынты­­мақтастық бағдарламасының іске асы­рылуын қадағалайды. Осы бағдар­ла­маның көмегімен ИЫҰ инвестициялау, тауар айналымы көлемін ұлғайту, Ор­талық Азия мемлекеттері мен Ислам қоғамдастығының басқа да мүшелері үшін өзара мүддені білдіретін индус­триялық жобаларды іске асыру шараларын жоспарлап отыр. Одан басқа, Қазақстан ИЫҰ-мен мәдени, білім беру және ғылыми-техникалық салаларда тығыз ынтымақтасуда. Қазақстан мен ИЫҰ арасындағы соңғы жылдардағы ынтымақтастық өз­ара байланыстардың тиімді сипатын көрсетіп берді. Қазақстанның Ислам Ынтымақтастығы Ұйымына төраға­лы­ғы кезеңінде бұл қатынастардың одан әрі нығая түсетіні күмәнсіз.

Әңгімелескен Самат МҰСА.