31 Желтоқсан, 2011

Алысты жақын, жақынды дос еткен қарым-қатынастар

422 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Сыртқы саясат қадамдары

Қазақстанның өтіп бара жатқан жылдағы сыртқы саясаты 2010 жылғы бүкіләлемге бейбітшіл ел, ықпалды әрі беделді әріптес ретінде ЕҚЫҰ-ға төраға болуы мен оның 11 жыл бойы өтпеген саммитін өткізу арқылы үлкен табысқа қол жеткізген әсерінен арыл­маған жоғары лепте жүргізілді деп айт­сақ артық емес шығар. Бүкіләлемдік ынтымақ пен бейбітшілікке үлес қос­қан ел ретінде Қазақстанның қадам­дары 2011 жылы батыл, сөздері өтімді де салмақты, ойлары ашық, пікірлері өткір көрінгенін және оның халық­аралық саясаттың беделді ойыншы­ла­рының біріне әбден айналғанын әлем­нің азуын айға білеген талай саяси сарапшылары атап өтті. Олар Қазақ­станның бұл санатқа ілегуі Еуропа мен Азияның орталығында, халықаралық қатынастардың аса ірі қатысушылары Қытай мен Ресейдің ортасында орна­лас­қандығы ғана емес, әлем қауым­дас­тығының мүддесін көздеумен танылған халықаралық белсенді істері мен бас­тамалары, сонымен бірге Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке беде­лінің үлесі екендігін атап өтуде. Дегенмен, Қазақстанның пайдалы қазбалар мен табиғи ресурстарға бай екендігінің халықаралық саяси рейтингінің артуы­на игі ықпал ететінін жиі айтушылар да аз емес. «Бүгінгі күні біздің еліміз ең өзекті деген әлемдік проблемаларды шешуге және әлемдік жаңа тәртіпті орнатуға белсене қатысуда. Халық­ара­лық аренада Қазақстан тұрақтылықтың ошағы, мемлекеттің серпінді және өр­кенді даму үлгісі ретінде қабылдана­ды» дейді Сыртқы істер министрі Ержан Қазыханов өзінің «Орнату, жасау және даму жолы» атты Қазақстанның сыртқы саясатына – 20 жыл толуына байланысты мақаласында. («Егемен Қазақстан», 16 қараша 2011 жыл). Айта кететін жәйт, Елбасы Нұр­­­сұлтан Назарбаев өзінің 2011 жылғы 11 сәуірдегі Жарлығымен Ержан Қазы­­ха­новты Сыртқы істер министрі етіп тағайындаған еді. Аталмыш мақала­сын­да Е.Қазыханов бүгінгі күні Қазақ­­­станның 138 мемлекетпен дипломатия­лық қатынас орнатқанын, соның ішінде 70-тен артық елде дипломатиялық миссия ашқанын да атап өтті. Ал Қа­зақ­станда 107 шет мемлекет пен халық­ара­лық ұйымдардың өкілдіктері ашыл­ған екен. Осы уақытқа дейін Қазақстан шетелдермен мемлекетаралық, үкімет­ара­лық және ведомствоаралық деңгейдегі 3 мыңнан астам халықаралық келісімдерге қол қойған. Соның ішінде бұл үрдіс 2011 жылы да жалғасын тапты. Сондай-ақ 2011 жылғы сыртқы сая­сат­тағы басымдықтың бірі Қазақстанның Ислам Конференциясы Ұйымына (Астанада болған 38-ші сессиядан бастап ұйым Ислам Ынтымақтастығы ұйымы деп аталды) төрағалығына арналды. Жылдың басында-ақ Қазақстанның осы ұйымға төрағалық етуіне байла­нысты АҚШ президенті Б.Обаманың ИКҰ-дағы арнаулы өкілі Рашад Хусеин келіп, сол кездегі Сыртқы істер минис­трі Қанат Саудабаевпен келіссөздер жүргізген. БАҚ-қа белгілі болған мә­ліметтерге қарағанда тараптар Қазақ­стан төрағалығының табысты болу шараларын қарастырған. Соның ішінде Ислам әлемі мен Батыс арасындағы өзара түсіністік пен диалогты ны­ғай­ту­дағы ортақ талпыныстардың шеңберін­де­гі ынтымақтастық мәселелерін талқылаған. Қазақстан Астанада 28-30 маусым аралығында болған ИЫҰ Сыртқы істер министрлері кеңесінің 38 сессиясынан ұйымға төрағалық етуді бастады. Онда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев сөз сөй­леп, мұсылман үмбетінің жалпы эконо­микалық әлеуетінің зор екенін, енді тек ынтымақтастықтың, өзара көмектің тиімді тетіктерін қолдана түсу арқылы соны біртұтастындыру қажет екендігін атап өтті. Сонымен бірге, ол ІЖӨ орташа көрсеткіші ИЫҰ елдерінде 9,5 мың доллар болса, еуропалық елдердің орташа көрсеткіші 24 мың доллардан артық екенін айтты. ИЫҰ елдері әлемдегі энергетикалық ресурстардың 70 пайызын иемденіп отырғанына қа­ра­май, әлемдік ІЖӨ-нің 7,5 пайызына ғана иелік етеді, деді ол. Осындай фактілерді көрсете келіп, Елбасы Н.Назарбаев ИЫҰ елдерін өзара тиімді ын­ты­мақтастықты тереңдетіп, ІЖӨ әділетті бөлінісіне қол жеткізуге тырысу қа­жеттігін атап көрсетті. Ал бұл істерді іске асырудың амалдары қатарында ол ИЫҰ елдерінің ішіндегі жалпы өнім­нің 80 пайызын өндіретін мұсылман елдері экономикасының 10 алдыңғы қатарлы елдерінің диалог алаңын құру қажеттілігін атады. Сондай-ақ азық-түлік жүйесінде өзара көмек көрсете алатын қор құрудың, қала берді, энер­гетика саласында тереңдетілген ынты­мақтастық орнатудың және осы салада Ұйым шеңберіндегі бірлескен іс-қимыл жоспарын жасаудың қажеттілігін атап өтті. Одан әрі Президент 2030 жылы мұсылман әлемі халықтары ғаламшар халқының төрттен бірін құрап, 2,2 млрд. адамға жететінін айта келіп, білім мен ғылымның да тиісінше өсуі қажеттігін ауызға алды. Әлемдік алды­ң­ғы қатарлы идеялар мен жаңалықтар­дың тууы үшін ақша мен табиғат байлығы ғана емес, интеллектуалдық орта мен саяси-қоғамдық аужай керек, деді Елбасы. Осы сесссияда төрағалық шеңбе­рін­де өткізілетін шаралар жоспары да бекітілді. Онда ИЫҰ елдері шеңберінде Су стратегиясын құру бойынша кеңес­шілер тобының кездесуі 13-14 шілдеде Алматыда, Денсаулық сақтау министр­лерінің 3-ші отырысын қыркүйек айы­ның аяғында Астанада өткізу белгіленді. Сондай-ақ Ислам әлемінің Ғылым академиясының қатысуымен қараша айында Астанада ғылыми-практикалық конференция өткізу белгіленген бола­тын. Осы шаралардың бәрі де өз дең­гейінде орындалды. Ал бұлардан басқа, желтоқсан айының басында, Араб елдеріндегі, соның ішінде Сирияда қа­лып­тасқан күрделі жағдайға байла­ныс­ты Ұйымның штаб-пәтері орналасқан Жидда қаласында Қазақстанның төр­ағалық етуімен қан төгуге ұласқан күш қолдануды тоқтату, ұлттық үнқатысуды бастау, жағдайды оңтайландыруға ба­с­тайтын реформалар жүргізуді талап еткен декларация қабылдаған отырыс болды. 2011 жылғы екіжақты және көп­­­жақ­ты кездесулер ішінде сәуір айында Қазақстанға Үндістан Республикасы Премьер-Министрі Манмохан Сингтің ресми сапармен келгенін атап өтуге болады. Үндістан Үкіметінің басшысы Президент Н.Назарбаевпен екіжақты келіссөздер өткізіп, оның қорытын­ды­сы бойынша Бірлескен мәлімдеме қа­былданды. Сондай-ақ Азаматтық істер бойынша құқықтық көмек көрсету ту­ралы мемлекетаралық келісім-шартқа қол қойылды. Ал Үкімет басшысы К.Мә­сімовпен болған кездесуде Стра­те­гия­лық әріптестікті дамытудың бірлескен іс-қимыл жоспары бекітілді. Соны­мен қатар «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ пен үндістандық «ONGC Mittal Energy Ltd» компаниясы «Сәтбаев» мұнай кен ор­нын бірлесе игеру туралы келісімге қол қойды. Мемлекет басшысы, Сыртқы істер министрі мұнан басқа да ондаған мемлекет немесе сыртқы саясат ведом­ство­сы басшыларымен, халықаралық ұй­ым­дар жетекшілері немесе арнайы өкілдерімен екіжақты және көпжақты кездесулер өткізіп, ынтымақтастық пен әріптестікті тереңдету бағытындағы ке­ліссөздер жүргізді. Соның ішінде Ел­басы Н.Назарбаевтың ақпан айында Бейжіңге, ал ҚХР Төрағасы Ху Цзинь­таоның маусым айында Астанаға келген сапарын атап өтуге болады. 2011 жылдың 21 қыркүйегінде Ел­ба­сы Нұрсұлтан Назарбаев БҰҰ Бас Ассамблеясының 66-сессиясына қаты­сып, сөз сөйледі. Айта кету керек, бұ­дан бірнеше жылдар бұрын ғана Қа­зақстанның үніне ешкім құлақ аса қой­маса, бұл жолы Елбасының сөзі ыж­да­һатпен тыңдалып, онда айтылған ұсы­ныстар әлем назарын өзіне аударды. Елбасы ядролық қаруды таратпау және оған бақылауды күшейту жөніндегі маңызды бастамалардың жаңа пакетін ұсынды. Қазақстан Президенті ядросыз әлемге балама жоқ екенін айта отырып, ядролық қаруы бар державаларды оны қолданудан бас тарту жөнінде конвенция қабылдауға шақырды. Сонымен бірге Жапониядағы АЭС апатын ауызға ала отырып, атом қуатын қауіпсіз қол­да­нудың әмбебап және міндетті қағи­даттарын әзірлеуді ұсынды. Астанада осы бастамалардың іс жүзіне асуын жақтайтын «Ядросыз әлем үшін» атты халықаралық форумның өтетінін де атап өтті. Қазақстан сыртқы саясаты ведом­ство­сының басты міндеті Елбасының жаһандық қауіпсіздікті сақтау жолында көтерген бастамаларын іс жүзіне асы­руға бағытталды. Осы мақсатты жүзеге асырудың бір жолы ретінде қазір Қа­зақстанның 2017 жылға БҰҰ Қауіп­сіз­дік Кеңесі тұрақты емес мүшелігіне сай­лануын қамтамасыз етуге бағыт­тал­ған жұмыстар жүргізілуде. Осы және басқа мәселелер бойынша қазір сыртқы саясат ведомствосы еліміздің страте­гиялық әріптестері Ресей, Қытай, АҚШ және Еуропа одағымен жаңа әрі бұ­рынғыдан жоғары сападағы қарым-қатынастар орнатуда. Сыртқы саясаттағы Ресей тарма­ғы­ның маңыздылығы Кеден одағының табысты іске асырылғандығынан және оның 2012 жылдың 1 қаңтарынан бастап Біртұтас экономикалық кеңістікке (БЭК) ұласқанынан көруге болады. Желт­оқсан айында Елбасы Н.Назар­ба­ев­тың қатысуымен Мәскеуде ЕурАзЭҚ саммиті шеңберінде БЭК-тің жұмысын нақты жүргізуге арналған Еуразиялық экономикалық комиссия құрылды. Оның төралқасына қатысу­шы үш мемлекеттен бір-бір өкіл енгізілді. Сон­дай-ақ осы кездесуде ҰҚШҰ мен ТМД-ның 20 жылдығына арналған сам­миттер де өтті. Қазақстан мен АҚШ арасындағы стратегиялық әріптестіктің басымдығы Ауғанстандағы жағдайды тұрақтан­ды­руға бағытталған. ЕҚЫҰ Іс басындағы Төрағасы болған кезінде Қазақстанның осы елдегі тұрақтылықты қалпына келтіруге бағытталған әрекеттері әлем қау­ымдастығы тарапынан қолдау тапты. 2012 жылы бұл елден АҚШ пен коалиция әскерлерінің негізгі бөлігі кетеді. Осыған байланысты ондағы экономи­калық тұрақтылық пен бейбіт өмірдің сақталу мәселесі өткен жылғы үлкен форумдардың басты мәселелеріне ай­налды. Соның ішінде Ыстамбұлда Түр­кия, Пәкстан және Ауғанстан лидер­ле­рінің кездесуі болып, оған Қазақстан да шақырылды. Ал 15 қарашада Астанада Ауғанстан жөніндегі 50 мемлекет пен халықаралық ұйымдар өкілдерінен тұ­ратын Байланыс тобының отырысы, ал 5 желтоқсанда сыртқы істер министрлері деңгейінде 70-тен артық мем­лекеттің өкілдері Бонн қаласында бас қосты. Бәрінде де Қазақстан бұл істе өзіндік ұстанымы бар ел ретінде жұрттың назарын аударды. Қазақстанның тағы бір страте­гия­лық әріптесі Еуроодақ болса, маусым айының соңында бұл ұйыммен оның штаб-пәтері орналасқан Брюссель қа­ла­сында Кеңейтілген әріптестік және ынтымақтастық жөніндегі жаңа келісім жасау туралы келіссөздер ресми түрде басталды. Қазақстан Еуроодақпен ос­ындай сападағы диалогқа шыққан Ор­талық Азиядағы жалғыз мемлекет. Қа­зір Қазақстан мен Еуроодақ арасын­да­ғы сауда айналымы 40 млрд. долларға жетіп отыр. Мұндай табысқа жетуге Ел­басының үшжылдық «Еуропаға жол» бағдарламасының қабылданғаны да игі әсер етті. Қазақстанның аймақтық халық­ара­лық ұйымдардағы белсенділіктері де өткен жылы жоғары деңгейде болды деп айтуға болады. Соның ішінде негізінен экономикалық интеграцияны ғана көздеген жоғары айтылғандардан басқа Шанхай ынтымақтастық ұйымындағы 2010-2011 жылдардағы төрағалығы та­быс­ты аяқталды. Оның Мемлекет бас­шылары кеңесінің мерейтойлық оты­ры­сы 15 маусымда Астана қаласында өтті. Саммит қорытындысы Қазақ­стан­ның жаһандық және аймақтық проб­лемаларды шешудегі рөлі мен орны­ның арта түскендігін көрсетті.

Міне, қысқаша айтқанда Қазақ­стан­ның өткен жылдағы сыртқы саясаттағы қадамдары осындай болды.

Жақсыбай САМРАТ.