31 Желтоқсан, 2011

Әлемдегі астықты елдің біріміз

725 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін
Өтіп бара жатқан 2011 жыл елімізде көптеген жағымды жаңа­лық­тарымен есте қалды. Бұл ретте ең алдымен ауызға алып айтарымыз, ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы екендігі анық. Осы 20 жылда Қазақстанның экономикалық салалары нарықтық жағ­дай­да жұмыс істеуге әбден бейімделіп, соның нәтижесінде бұрын-соңды бол­ма­ған биіктерді бағындырды. Соның бірі егіншілік саласында соңғы 50 жылда болмаған рекордтық көрсеткіш – 2 миллиард пұтқа жуық астық алынуы. Қазақстан астық өндірісіндегі миллиардтар тарихы тың игеру жылдары­нан бастау алғандығы белгілі. Осы тура­лы өткен шақтың оқиғаларына назар аударатын болсақ, елімізде 1954-1960 жылдар аралығында, яғни 6 жылдың ішін­де 106 миллион тонна астық алын­ған­дығы тарихи деректерде тіркелінген. Орта есеппен алғанда осы мерзім ішіндегі әр жыл сайын 17 миллион тоннадан астық алынған екен. Әрине, мұндай ас­тықты сол кезде еліміз бүкіл Кеңес ода­ғы­ның күш біріктіріп, көптеген тех­ни­каларды Қазақстан егіс алқаптарына шұ­ғыл түрде жөнелтуі нәтижесінде ал­ғаны анық. Мәселен, 1956 жылғы егіс орағына 2 миллионнан астам адам, 64 мың комбайн, 100 мыңнан астам авто­көліктер мен басқа да техникалар қатыс­қан екен. Яғни мол астық үлкен шы­ғын­мен, көп күшпен алынған. Ал мұндай миллиардтың экономикалық тиімділігі қандай болатындығы айтпаса да түсі­нік­ті болса керек. Оның үстіне сол жыл­дары әрбір гектардан алынған астық кө­ле­мі 7-8 центнерден ғана айнал­ған­ды­ғын тарихи деректер дәлелдейді. Осы көр­сеткіш сол кезде, яғни тың игеру жылдары Қазақстан астық өндірісінің экстенсивті жолымен дамығандығын көрсетеді. Сондықтан Қазақстанның биылғы жылы, яғни 2011 жылғы алған 2 миллиард пұтқа жуық (1 миллиард пұт астық шамамен алғанда 15 миллион тоннаны құрай­ды) астығының қадірі тіптен бөлек. Біз бұл жолы мұндай бұрын-соңды бол­ма­ған мол астықты интенсивті даму ба­ғы­ты арқылы алдық деп айта аламыз. Өйт­кені, астық өндірісі бұрынғыдай ай­қай-шусыз, көп адамның күшінсіз жұ­мыс істеді. Оның үстіне әрбір гектардан алын­ған астық берекесі орта есеппен 18 цент­нер­ден айналды. Яғни тың игеру жыл­да­рын­дағы көрсеткіштерден 2,5 еседен ас­тамға жоғары болды. Соның ішінде Сол­түстік Қазақстан облысының диқан­дары әр гектардан 22,7 центнерден өнім жинап, жалпы көлемі 9 миллион тоннаға жуық астық алып, қажырлылық көрсетті. Сонымен еліміздің ауыл шаруашы­лығы саласында да экономикамыздың ба­с­қа секторларындағы секілді атқ­а­ры­лып жатқан істер аз емес. Ондағы өнім көлемі үстіміздегі жылдың 9 айында өт­кен жылдың осы мерзімімен салыс­тыр­ғанда 22 пайызға артқан. Болжам бо­йын­ша, 2011 жылы саладағы бір қыз­мет­кер өндіретін өнім көлемі 5 АҚШ долларын құрайтын болады. Егер алыс­қа бармай-ақ, 2005 жылдың көрсет­кіші­мен салыстырсақ, одан 2 есе жоғары. Міне, осы аралықта ғана астық экс­порт­ы­ның көлемі 3 есе ұлғайып отыр. Ел Тәуелсіздігінің 20 жылы ішінде Қазақстанның ауыл шаруашылы­ғын­дағы тағы бір қол жеткізген үлкен жетістігі елімізде өндірілетін мол астықты өз бетімен экспортқа шығару ісін ұйым­дас­тырғандығы деп айтуға болады. Бұрын біз оны арнайы тапсырыс бойынша Одақ­қа жөнелтетінбіз. Кімге сатамын, қалай өткіземін деген проблема бол­май­тын. Осындай жағдайға әбден үйреніп едік. Сондықтан тәуелсіздікке ие болған алғашқы кездері көп қиындықты бастан кешіре отырып, халықаралық рыноктан өз орнымызды іздестірдік. Бұл істің ақыры жемісті болды. Қазіргі күні Қазақ­стан әлемнің 40-тан астам еліне астық экспорттайды екен. Осы істі жетілдіру үшін шетелдік теңіз жағалауын­дағы порттардан Қазақстан меншігінде болатын астық терминалдарын сатып алу мен салуға тура келді. Өзіміздегі Ақтау портынан жаңа терминал ашы­лып, астық тасымалдайтын кемелер қатары нығайтылды. Мұның сыртында «Астық туралы» заң қабылданып, астық өндірушілерге, оны экспорттаушыларға мемлекеттік қол­дау мәселелері заң негізінде шешілді. Үкі­меттің астық өндірісі мен ры­но­гын реттеудегі операторы болып табыл­а­тын «Азық-түлік келісім-шарт корпора­ция­сы» АҚ  құрылып, ол шаруалардың ар­тық астық­тарын мемлекеттік қорға са­тып алу ісін жылма-жыл жүзеге асы­рып келеді. Мұ­ның өзі  елдің ішкі ры­но­гын­да­ғы астық ба­ғасымен қатар, ұн, нан жә­не одан жасалатын өнімдер бағасы­ның тұ­рақ­тануына елеулі жағдайда әсер етуде. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында астық өндірушілер техникалық қарулану мәселесінде көптеген қиындықтарға тап болған еді. Өйткені, бұрынғы техника­лар­ды алмастыруға олардың қолындағы қаржы жетпеді. Техникалар заманның ауысып, өмірдің алға басуына байла­ныс­ты моральдық тұрғыдан да ескіріп қалды. Бұл жағдай Қазақстан астығын өндіру мен оны дер кезінде жинап алуға, басқа астық өндіруші елдермен бәсеке­лес­тікке түсуге көп кесірін тигізді. Міне, осы олқылықтың орнын толтыру бағытында «ҚазАгроҚаржы корпорациясы» АҚ құ­ры­лып, ол қажетті техникаларды лизингтік тәсілмен шаруаларға сатып алып беруді жүзеге асырды. Осының нәтижесінде еліміздегі астық себу кешендері, қазіргі заман­ғы шетелдік астық жинау комбайн­дары, басқа да жер өңдеу құралдары пайда болып, көктемгі егіс, күзгі жиын-терін науқандары дер кезінде жүргізілетін болды. Үстіміздегі жылы алынып отырған 30 миллион тоннаға жуық астық – міне, осын­дай ұзақ жылдарғы және жүйелі дайындық жұмыстарының нәтижесі болып табыла­ды. Бұл жағдайды осыдан 1 айдан астам уақыт бұрын Астанада өткізілген агро­өнер­кәсіп қызметкерлерінің республи­ка­лық форумына қатысқан Мемлекет бас­шы­сы Нұрсұлтан Назарбаев атап көр­сет­кен болатын. Сондағы сөзінде Елбасы аг­рар­лық секторды қолдау мақсатында соң­ғы 5 жылдың өзінде ғана республи­калық бюджеттен осы салаға 670 миллиард тең­генің бөлінгендігін, әлемдік дағдарыс өршіп тұрған 2009 жылдың өзінде Ұлттық қордан аграрлық сектордың болашағы үшін үлкен маңызы бар инвестициялық жобаларды қаржыландыруға 120 миллиард теңгенің қарастырылғандығын, осы қаржыға қазірдің өзінде 42 жаңа өндіріс орны іске қосылғандығын айта келе «Біз­дің дұрыс  жол таңдағанымызды уақыт­тың өзі дәлелдеп отыр. Биылғы мерейлі жылда егін бітік шықты, қамбамыз ас­тыққа тол­ды. Бұрын болып көрмеген зор табыс­тар­ға жеттік. Биылғы астық Қазақ­стан үшін рекордық болды. Ауыл шаруа­шы­лығы еңбеккерлері ерен табысқа жетіп, ел ыры­сын еселеп, Тәуелсіздік тойы­на лайықты тарту жасады. Сондықтан, бү­гінгі кездесуді қуанышты, мерекелік кездесу деп айтуымызға болады» деген еді. Елбасы осы ретте рекордық астық – бұл тек сәттіліктердің сәйкес келуін немесе табиғаттың ерекше  тартуын ғана білдірмейтіндігін, бұрын мұнша көлемдегі астықты алу үшін орасан зор көлемде жер жыртылып, орақ науқанын ұйымдасты­ру­ға тұтас әскери бөлімдер, студенттер мен қалалықтар жұмылдыралатындығын, бар­лық астық отан қоймасына жөнелтіліп, артынан мал азығына деп оның мил­лион­даған тоннасын орталықтан қайта сұрап алу жағдайы жиі кездескендігін еске ала келе, ал Қазақстанның қазіргі рекордына қол жеткізуге мүлде басқа тәсілдер пай­да­ланылғандығын атап көрсетті. Оған екі шешуші фактордың үлкен ықпалы болды. Біріншісі, мемлекет қолдауына арқа сүйе­ген біздің фермерлеріміздің ерлік еңбегі­нің нәтижесі болса, екіншісі, астық өндіру ісінің бірте-бірте инвенсивті тәсілдерге көшіріле бастағандығы. Мәселен, егістік алқаптардың жартысынан астамында тұ­қым себу, өнім жинау жұмыстары жоғары өнімді жаңа техникалар арқылы жүргі­зіл­ді. Егістің 70-тен астам пайызында ылғал сақтаушы технологиялар қолданылды. Бұл технология тек ылғал сақтауға ғана емес, сонымен қатар топырақтың құнарын сақтауға да жәрдемдесіп отыр. Елбасы міне, осындай жетістіктерге бастаушы екінші фактор ретінде мемле­кет­тің соңғы кездері жүргізіп келе жатқан аграрлық саясатын атап көрсетті. Бұл саясат егін шаруашылығындағы жұмыстарды бұрынғыдай көрсеткіштер қууға емес, түпкілікті нәтиженің табысты болуына, яғни экономикалық тиімділік мәселесіне қарай бағыттады. Қазіргі күні әркім – өзі өндірген өнімнің қожайыны. Оны қайда өткізу, қанша бағамен өткізу, өткізген өнім­нен түскен қаржыны қайда жұмсау мә­селе­сін өзі шешеді. Яғни, елімізде кәсіп­керлік еріктілік жағдайы орнығып отыр. Міне, осы саясаттың нәтижесінде алынған өнім мейлінше берекелі бола түсті. Аз шығынмен мол өнімге ұмтылу, бұрынғыға қарағанда жерді тиімді пайдалану, осы мақсатта тех­нологиялық тұрғыдан қарулануға ұмты­лу секілді жақсы дәстүрлер әрбір тауар өндіру­шінің бойында берік орныға түсті. Міне, осындай ел өмірінде жүріп жат­қан оң өзгерістердің, халықты болашаққа қарай бекем бастаған мемлекеттік аграр­лық саясаттың нәтижесінде қазір еліміз әлемдегі астықты барынша мол өндіретін ең алдыңғы қатарлы елдердің ортасынан орын алды. Бұрын осындай елдердің оң­ды­ғының арасында жүрсек, соңғы жыл­дары бұдан да алға жылжып, жетіліктің, бестіктің қатарынан көріне бастадық. Біздің бұл ортадағы жағдайымызға талдау жасай кету үшін мына бір мәселе­лерге үңіліп көрейік. Әлемдік астық рыногы негізінен екі топтан тұрады. Олар – астық өндіріп, оны сатып, пайда табушы елдер және өндірілген астықты өз қаржыларын жұм­сай отырып, сатып алып, осы ар­қы­лы өз халқының астық жөніндегі қауіп­сіздігін қамтамасыз етіп келе жатқан тұтынушы елдер. Біз осы екі топтың біріншісіне жатамыз. Яғни, астықты сатып, одан пайда табушы елміз. Астық сатып, пайда табатын елдер қатары көп емес. Бұл топқа ең әрі кеткенде 25-30 ел ғана кіреді. Солардың ішін­де дәстүр бойынша бірінші ел – Америка Құрама Штаттары. Бұл ел негізінен алғанда жүгері сату жөнінен әлемдік көшбасшы болып табылады. Жылына орта есеппен 260-270 миллион тонна жүгері алады. Ал бидай үшін бөлінетін егістік алқаптарының көлемі орта есеппен 20-25 миллион гектардан аспайды. Одан әр жыл сайын шамамен алғанда 50-70 миллион тонна өнім өн­діріліп, осылардың 50 пайыздан аста­мы экспортқа бағытталады. Сонда көріп отырсаңыз, біздің Қазақстан өндіретін астықтан соншама мол емес. Екінші орын әдетте Канадаға беріледі. Канада бидай, арпа, жүгері, қара­құ­мық егіп, осыдан түскен өнімнің артыл­ғанын экспортқа шығарады. Бұл елде бидай өсіруге бөлінетін егістік көлемі 9-11 миллион гектар. Осыдан әр жыл сайын шамамен алғанда 20-28 миллион тонна астық алынып, оның 10-19 миллион тоннасы экспортқа бағытталады. Елдің ішкі тұтыну көрсеткіші 6,3-9 миллион тонна шамасында. Көріп отырға­ны­мыздай, бидай экспорты жөнінен бұл ел де Қазақстанның қазіргі қол жеткізіп отырған көрсеткіштерінен көп алыс кете алмай отыр. Егер біз бидай жөнінен биылғы қол жеткізген көрсеткішімізді жылма-жыл қайталайтын болсақ, бұл елмен алдағы уақытта құйрық тістесіп қаларымыз анық. Астық өсірумен аты шыққан үшінші ел – Австралия болса, халықаралық са­рап­шылар осы рыноктағы төртінші орын­ды әдетте Еуропа одағы елдеріне береді. Мұнда бидайдың жалпы егіс көлемі 24,3-26,8 миллион гектарды құ­райды. Әр гектардан алынатын өнім берекесі Еурапада өте жоғары. Мұнда жыл­ма-жыл әр гектардан орта есеппен 45-57 центрден өнім жиналады. Астық өндірісінің алғашқы бестігін Ресей қорытындылайды. Мұндағы бидай өндірісіне берілетін егістік алаңы­ның көлемі шамамен алғанда 35-50 миллион гектардың айналасында. Әр гектардан орта есеппен алғанда 21-30 центнердей өнім алынады. Ресейде Қазақ­стан­ға қарағанда гектар берекесінің жо­ғары болатын себебі, мұнда астық шы­ғым­дылығына қолайлы әсер ететін қара топырақты өңірлер көп. Әлемдегі астық сатушы елдер ара­сын­да мұнан кейінгі орындар Украина мен Қазақстанға беріледі. Біздің Қа­зақ­стан­да­ғы астық өндірісі мен оның экспортының жағдайын жоғары­да қоз­ғап өттік. Осы келтірілген деректерге қарап және  алдағы уақытта Қазақ­стан­ның әлеуеті арта түсе­тін­дігін есепке ала отырып, біздің елдің ал­ғаш­қы бестік іші­нен берік табан тіреуге толық мүм­кін­дігі бар деп айта аламыз. Өйткені, бізде әлі айналымға қосылмай, бос жатқан егістік жерлер баршылық. Оның үстіне астық жөнін­дегі халықаралық са­рап­шылар әлемде халық саны жылдан-жыл­ға артып, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету жағдайы жылдан-жылға қиындай түскен қазіргі уақытта әлемдік астық рыногына сатушы ретінде кейіннен қосылып отырған Ресей, Украина, Қазақ­стан болашағынан үлкен үміт күтетіндігін айтуымыз керек.

Сонымен Қазақстанның астық өн­ді­рісі мен оның экспорты жыл өткен сайын да­мып, жаңа белестерді бағын­ды­ра баста­ды. Биылғы алынған рекор­­дтық мол өнім соның бір дәлелі. Бұған қоса, Қазақ­стан­ның соңғы 3 жыл көле­мінде ұн сатудан  әлем бойынша көшбас­шы екендігін айтуы­мыз керек. Сөйтіп, астық пен оның өнімін сатушы елдер арасында Қазақ­стан ұстаны­мы барған сайын ны­ғаюда. Енді біраз уа­ыт өткен­нен кейін елі­міздің алтын астығы хал­қы­мыздың халықаралық деңгейде абы­­ройын асыратын басты бренд­тік өнімге айналатындығына дау жоқ.

Сұңғат ӘЛІПБАЙ.