31 Желтоқсан, 2011

Ат-көлігің аман ба?..

699 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін
Қазақ ежелден осылай амандасады. Осының өзі-ақ барар жеріңе аман-есен жетудің адам тіршілігі үшін қаншалықты маңызды екенін аңғартады. Көлік инфрақұрылымын серпінді дамыту және жетілдіру экономикалық өсудің ең шешуші факторларының бірі болып табылады. Қазақстан тәуелсіздігінің 20 жылында республиканың көлік кешенін реформалауда жағымды үрдістер ойдағыдай жүзеге асырылуда. Бүгінде Қазақстанның көлік кешенін халықаралық көлік жүйесіне интеграциялауды жеделдету және елдің транзиттік әлеуетін дамыту мақсатында көліктік қызмет көрсетудің бәсекелестік ортасы жасақталуда. Осыған орай біз жыл соңында Көлік және коммуникация министрі Берік КАМАЛИЕВТІ әңгімеге тартқан едік. – Берік Сайлауұлы, қазіргі таңда еліміздің транзиттік әлеуетін арт­ты­ру мақсатында өте ауқымды шаралар іс жүзіне асырылуда. Көлік са­ла­сын дамытудың кешенді бағ­дар­ламалары туралы не айтар едіңіз? – Қазіргі таңда көлік саласын одан әрі дамыту келесі бекітілген стра­те­гия­лық бағдарламалық құжаттар ая­сында жүзеге асырылады. Олар – 2020 жылға дейінгі Қазақстан Респуб­ли­ка­сы дамуының стратегиялық жоспары, 2010-2014 жылдарға арналған үдемелі индустриялық-инновациялық даму­дың мемлекеттік бағдарламасы, 2010-2014 жылдарға арналған Қазақстан Республикасында көлік инфра­құры­лы­мын дамыту бағдарламасы. Көлік инфрақұрылымын дамыту бағдарл­а­масының мақсаты – экономика мен халықтың көлік қызметтеріне деген қажеттіліктерін толық қанағаттандыра алатын көлік-коммуникация кешенін қалыптастыру. Бұл кешенді шаралар ауқымындағы кейбір ірі жобалар өт­кен жылдан бері іске қосылып та үлгерді. Қолайлы географиялық орнала­суы­­на байланысты Қазақстанның тран­­зит­тік-көліктік әлеуеті орасан зор. Осы ретте жүк айналымының 70 пайызы темір жол көлігіне тиесілі. Ел тәуел­сіз­дігінің 20 жылы ауқымында Үкімет темір жол инфрақұрылымын дамыту бойынша көптеген іс-шара­ларды жү­зе­ге асырды. Соның ішінде, жалпы ұзақтығы 700 шақырым бола­тын Ақсу – Дегелең, Хромтау – Алтынсарин, Шар – Өскемен жаңа темір жол желілері салынды. Аталған жаңа темір жол бағдарлары өзге мемлекеттің аумағы арқылы жүру мәжбүрлігінен айырды. Сонымен қа­тар, ұзақтығы 132 шақырым Екібастұз – Павлодар темір жол учаскесі толық электрлендірілді. Осы жобаларды іске асыру үшін әр жылдарда 78 млрд. теңге шамасында ин­вестиция тартылды. Қазіргі кезде 2010-2014 жылдарға арналған Қазақ­стан Республикасында көлік инфрақұ­ры­лымын дамыту бағдарламасы шең­берінде Алматы және Маңғыстау облыстарында «Жетіген – Қорғас» және «Өзен – Түрікменстанмен мемлекеттік шекара» темір жол желілері салынуда. Ағымдағы жылдың желтоқ­сан айында аталған бағыттарда пойыз­дар қатынасы ашылды.  «Жетіген – Қор­ғас» темір жол желісінің салынуы­мен Қытай елімен екінші өткізу пункті ашылып, Қытай – Орталық Азия және Парсы шығанағы елдері бағы­тын­да жүктерді тасымалдау қашық­тығы шамамен 500 шақырымға қысқарды. Сонымен қатар, Алтынкөл шекаралас стансасы маңайында Халықара­лық шекаралық ынтымақтастық орт­а­лығы орналасқан. Бұл орталық ҚХР-мен саяси және сауда қатынастарының дамуына жағымды әсерін тигізеді. Өзен – Түркіменстанмен мемлекеттік шекара темір жол желісі «Солтүстік – Оңтүстік» халықаралық көлік дәлізіне баламалы бағдар ретінде жүк тасы­мал­дау қашықтығын 600 км.-ге қыс­қар­тады. Жалпы, аталған жобалар тран­зиттік жүктерді өткізіп қана қой­май, Азия және Парсы шығанағы ел­дерінің рыногына отандық өнімдердің шығуын қамтамасыз етеді. Сондай-ақ, министрлік «Жезқазған – Сексеуіл» және «Шалқар – Бейнеу» темір жол учаскелерін салуды жоспарлауда. Бұл жобалар Қазақстанның ор­та­лық өңірін батыс өңірімен ең қысқа бағдар арқылы байланыстырып, темір жол учаскелеріндегі қарбаластықты азайтады. Осыған орай, Достық стан­са­сынан мемлекеттің батыс өңіріне дейінгі транзиттік бағдар 500 ша­қырымға қысқарады. – Мемлекет басшысы еліміздің автокөлік жолдары саласының дамуы­на үнемі баса назар аударып келеді. 2001 жылды «Жолдар жы­лы» деп жариялауы осының айқын көрінісі. Бұл салада қандай кешенді шаралар іске асырылды? – Халықаралық және респуб­лика­лық маңызы бар автомобиль жолда­рын­д­ағы жүк ағыны жоғары учас­ке­лер­дің техникалық жағдайын жақ­сар­тып, ұзақ жылдар қордаланған келең­сіз­діктерді шешіп, автокөлік жолдарын түбегейлі қайта құру мақсатында 2001 жылы Қазақстан Республикасы Прези­дентінің Жарлығымен 2001-2005 жыл­дарға арналған Қазақстан Республи­ка­сында автокөлік жолдары саласын дамы­тудың мемлекеттік бағдарламасы қабылданды. Мемлекеттік бағдарламаның басты міндеттерінің бірі – негізгі бағдар­лар­ды, халықаралық және республикалық маңызы бар автомобиль жолдарын жаң­ғырту бойынша атқаратын жұмыс көле­мін анықтау. Қолға алынған осындай келелі істердің арқасында 20 жылда елде 39 мың шақырым жол жөнделді. Бұл республиканың барлық жолдарының үштен біріне тең. Қазіргі кезде «Алматы – Астана», «Бейнеу – Ақтау», «Ақтөбе – Қарабұтақ – Қостанай облысының ше­кар­асы», «Атырау – Орал» бағытындағы жолдар қайта жаңғыртылып, пайда­лану­­ға берілді. Президенттің бастамасымен 2009 жыл­дан бері жүзеге асырылып жатқан «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» мегажо­ба­сы дәліз өтетін облыстар үшін ғана емес, жалпы Қазақстан аумағы үшін маңызы зор оқиғаға айналды. Осы жоба 5 облыс бойынша (Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда, Ақ­тө­бе) өтеді. Қайта салынатын учаскенің ұзақтығы – 2 452 шақырым, соның ішінде, 1390 шақырым жол (Қызылорда – Түркістан – Шымкент – Тараз – Ал­маты – Қорғас) 4 жолақты І техникалық дәре­жеге сәйкес салынса, қалған 1062 шақы­рым жол (РФ шекарасы – Мартөк – Ақ­төбе – Қарабұтақ – Қызылорда) ІІ техни­ка­лық дәрежеге сәйкес салынады. Жоба­ның құны – 825,1 млрд. теңге. Рес­пуб­ли­калық бюджеттен бөлінетін қар­жы­дан өзге, бұл жобаға халықаралық қаржы институттарының займдары тартылды. Құрылыс жұмыстары жалпы ұзақ­ты­ғы 1,6 мың шақырым болатын 29 учаскеде жүргізілуде. Құрылыс жұмыстарын 2013 жылы аяқтау жоспарлануда. Соны­мен қатар, бюджетке түсетін салмақты азайту және қайта салу жұмыстарына қажетті қаржыны тарту мақсатында концессиялық жобаларды жүзеге асыру жоспарланған. – Азаматтық авиация саласын­да­ғы ахуал қалай? Кәсіби білікті кадр­лар жеткілікті ме? Жалпы, әуе көлі­гі көрсеткіштері туралы не айтасыз? – Қазіргі таңда азаматтық авиация саласындағы қызметкерлердің жалпы саны 16 489 адамды құрайды, олар­дың ішінде, 1 500 адам – ұшқыштар, 700 адам – диспетчерлер, 2 000 адам – инженер-техникалық қызметшілер, 12 289 адам – әуе компаниялары мен әуежайлардың қызмет көрсетушілері. Әуе көлігі көрсеткіштерінің өсуі 2003-2005 және 2006-2008 жылдарға арналған азаматтық авиация саласын дамыту бағдарламасы шеңберіндегі іс-шараларды іске асырумен байланыс­ты. Осы шараларды орындау бары­сын­да Қазақстанның аэронавигация жүйесінде әуе көлігін жаңғырту және ИКАО халықаралық стандарттарына сәйкес­тен­діру бойынша жұмыстар жүргізілді. Аталған бағдарламалық құ­жаттарда көрсетілгендей, бірінші кезекте қазақ­стандық әуежайларды қай­та салу қажет­тілігі анықталды. Қа­зіргі таңда Қа­зақ­станда ішкі және халықаралық бағыт­тар­да ұшуларды жүзеге асыру үшін Астана, Алматы және Атырау қалаларында 3 торапты әуежай қалыптасты. 2003 жылғы желтоқсанда жалпы ауданы 28 мың ш.м. болатын Алматы қаласында жаңа әуежай термина­лы­ның ғимараты ашылды. 2003 жылы респуб­ли­калық бюджет есебінен 1,5 млрд. теңге көлеміндегі қаржы Астана қаласы әуе­жайының жасанды ұшу-қону ала­ңын қайта салу жұмыстарына жұм­сал­ды. Осының нәтижесінде үл­кен әуе кемелерін қабылдай алатын ұшу-қону алаңының көтергіштік қабі­леті артты­рыл­ды. Ал 2005 жылы Астана қаласы халықаралық әуежайы­ның ғимараттар кешені пайдалануға берілді. 2007 жылы әуежай қазіргі заманғы құрал­дар­мен жабдықталып, нәтижесінде әуежайға ИКАО-ның ең жоғарғы ІІІ санаты берілді. Бүгінде республикада 20 әуежай жұмыс істейді. 15 әуежай халықара­лық дәрежеге сай, соның ішінде 10 әуежай ИКАО санатына ие. Отандық әуе тасы­малдаушылардың қызмет­терін дамыту бойынша шаралар қолға алынуда. Республикада барлығы 40 әуе компаниясы мен 18 эксплуатант қызмет атқарады. 2001 жылы «Эйр Астана» ұлттық әуе ком­паниясы құ­рылды. 2002-2010 жыл­дар аралы­ғын­да «Эйр Астана» АҚ опе­рациялық лизинг арқылы 22 әуе кемесіне ие болды. Ағымдағы жылдың мамыр айын­да «Эйр Астана» АҚ жаңа Эмбраер-190 атты әуе кемесін пайдалана бастады. 2011 жылы тағы жаңа 3 Эмбраер-190 және бір Боинг-757 ұшағы лизингке алынады. – Жолаушыларға қызмет көрсе­ту және Қазақстанның әуе та­сы­малдаушыларын Еурокомиссияның «Қара тізімінен» шығару мәселелері бойынша атқарылып жатқан жұ­мыс жайы қалай? – Көлік және коммуникация министрлігі ИКАО ескертулерін жою және Түзету шаралар жоспарына сәй­кес қа­зақ­стандық әуе тасымал­дау­шы­ларын Еурокомиссияның «қара тізімінен» шы­ғару бойынша жүйелік шара­ларды қол­ға алды. Осы бағытта жүр­гізілген жұ­мыс­тарды ИКАО және Еу­ро­палық комиссия оң бағалап, жақсы қабыл­дады. 2010 жылғы 10-11 қара­ша­да Брюссель қаласында (Бельгия) Еуро­комиссияның ұшу қауіп­сіз­дігі бойын­ша комитетінің отырысы өтті. Мәжіліс барысында 27 елден тұратын Еуроодақ мүшелерінің ал­дын­да Қа­зақстанның авиациялық билігі есеп берді. Мә­жі­лістің қорытын­ды­сы бойын­ша, Қазақ­стан Республи­ка­сы­ның авиа­циялық жұ­мыстарды атқарып жатқан 9 әуе компаниясын «қара тізімнен» шығару туралы шешім қабылданды. 2011 жылғы 6 сәуірде Еуроодаққа мүше 27 елдің өкілдерінен тұратын ЕК Ұшу қауіпсіздігі бойынша комитетіне Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрлігінің Азамат­тық авиация комитетінің есебі ұсы­ныл­ды. Ағымдағы жылғы 20 сәуір­де Қазақ­стан Республикасының авиациялық жұ­мыстарды атқарып жатқан тағы да 9 әуе кәсіпорнын «қара тізімнен» шығару туралы шешім қабылданды. – Еліміздің теңіз көлігі саласын дамыту, оның ішінде ең бастысы Ақтау теңіз портының жұмысы туралы не айтасыз? – 2003-2005 жылдары Ақтау порты­ның №4 және 5 айлақтарын қайта салу жұмыстары жүргізілді. Қайта салу жұ­мыстары аяқталысымен порт 13 мың тонна дедвейтті танкерлерді қабылдай алатын болды. Бүгінде Ақтау порты қазіргі заманға сай көп мақсатты терминалға айналды. Портты қайта салу жобасы қыз­мет­кер­лердің біліктілігін арттыру, жаңа технологияларды, маркетинг, менеджмент және іс қағаздарын жүр­гізу жү­йе­лерін енгізуді қарас­тыр­ған болатын. Басқару жүйесін автоматтандыру, жүк айналымының жаңа статисти­касын жүргізу, есептерді автомат­тандыру, құ­жат­тарды ресімдеу, клиенттерге қызмет көрсету проце­ду­ра­ларын оңтайландыру бойынша белсенді жұмыстар атқары­лып жатыр. Заманауи порт инфрақұр­лы­мы сапа, әртүрлілік және порт қыз­метінің қол­жетімділігі бойынша Қазақ­станға Каспий жағалауындағы елдердің ара­сын­да көшбасшы болуға жағдай жасады.

– Әңгімеңізге рахмет.

 Әңгімелескен Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ.