31 Желтоқсан, 2011

Бейбіт күннің батырлары

3751 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Күні кешегі Қеңқияқ, Шұ­бар­ши елді мекендерінде болған келеңсіз оқиға өңірді ғана емес, елімізді дүр сілкіндіргені рас. Дінді бетперде етіп жамылып, ел ішін дүрліктірген қаныпе­зер­лердің қылығын ешкім де ақтай алмаса керек. Бейбіт елдің ты­ныштығын бұзған басбұзар­лар­ды ауыздықтау кезінде ерліктің үлгісін көрсеткен батыр ұлда­рымыз өз қызметтеріне деген адалдықтың үлгісін көрсетті. Олар кеуделерін оққа төсеп, бейбіт елдің тыныштығын қор­ғауда жанқиярлыққа барды. Әрине, елі үшін жас ғұмыр­ла­рын қиған қазіргі заманның хас батырлары қандай да құрметке лайық. Олардың бұл ерліктерді атақ-даңқ үшін емес, егемен еліміздің тыныштығы үшін жа­сағаны да ақиқат. Бұл ең алды­мен, елі, туған халқы үшін қа­сық қанын қиятын ата дәстүрдің үзілмегендігін көрсетсе, екіншіден, жас ұрпақтың патриоттық сезімінің мықтылығын тағы бір дәлелдеді. Осындай батыр ұлдары бар елдің ертеңі де өміршең екені сөзсіз. Жыл соңында Елбасы Нұр­сұлтан Назарбаевтың Жарлығы­мен қызмет бабында қайтыс болған 4 қызметкер еліміздің жоғары наградаларына ие бол­ды. Олардың арасынан Темір аудандық ішкі істер бөлімінің полиция сержанттары Нұрлан Алпысбай мен Айдос Боранбаев III дәрежелі, Ақтөбе облы­сының ІІД Экстремизммен кү­рес бас­қармасының қызметкері, полиция капитаны Рүстем Кенжалин мен «Арлан» арнайы жасағы­ның қызметкері, полиция аға лейтенанты Руслан Жолды­баев II дәрежелі «Айбын» ордендерімен марапатталды. 30 жастағы полиция сержан­ты Нұрлан Алпысбай Ақтөбе облысының Шалқар қаласында дүниеге келген. Ол ішкі істер органында 2002 жылдан бері қызмет еткен еді. Айдос Боранбаев 39 жас-ақ өмір сүрді. Айдос ішкі істер органында 6 жыл қызмет атқарған. Екі азаматтың артында қос-қостан балалары қалды. 35 жастағы «Арлан» арнайы жасағының қызметкері, полиция аға лейтенанты Руслан Жолдыбаев 2011 жылғы 1 шілде күні қылмыскерлерді құрықтау арнайы операциясы барысында Кеңқияқ кентінде қаза тапты. Рүстем Кенжалин өз әріп­тестерімен жедел ақпаратты тек­серу мақсатында саяжайда салынып жатқан үйдің маңына келген. Сол маңда жас келіншекті көрген полиция қызмет­керлері үйді тексеріп шығу үшін аталмыш әйелден рұқсат алып, бірінші болып үйге бас сұққан Рүстемге оқ атылып, жарылыс болады. Рүстемнің қасындағы әріптестері қас-қағым сәтте еш­қандай шара жасай алмаған. Салынып жатқан үйдің шатыры көкке ұшқан сәтте қаза тапқан Рүстемнің денесінің әрең та­былғандығынан-ақ жарылыстың тым күшті болғанын аңғару қиын емес. Астана қаласында Рүстем Кенжалиннің зайыбы ІІМ министрі Қалмұханбет Қа­сымовтың қолынан марапатты қабылдап алды. Аталған төрт полицей де қылмыстық топтың көзін жоюға атсалысқан еңбек­тері үшін марапатталды. Сонымен бірге, Темір аудан­дық ішкі істер бөлімінің полиция сержанты Тұрарбек Ешпа­ған­бетовке III дәрежелі «Ай­бын» ордені табысталса, «Арлан» арнайы жасағының сарба­з­дары, полиция майоры Бүркіт Сартаев, кіші полиция лейте­нант­тары Сұңғат Тәжіғұлов пен Жасұлан Абиболаев II дәре­желі «Айбын» орденін омырау­ла­ры­на тақты. Бұл орайда батыл ұлдары­мыз­дың бірі, полиция майоры Бүркіт Сартаевпен әңгімелесу­дің сәті түсті. Сол қарулы қақ­тығыста алған жарақатының салдарынан аурухана жағалап жүрген ол уақытының тапшы­лы­ғына қарамастан өтінішімізді жерге тастамады. Жүзінен жы­лылық сезіледі. Адамға деген ықыласы мен құрметі қандай. Жанына батқан жарақатын да білдіргісі жоқ. Шалқар ауданы Қайыр ауы­лында дүниеге келген Бүркіт Сәрсенбайұлы 1990-1992 жыл­дары Германияның Франкфурт қаласында әскер қатарында аза­маттық борышын өтеп оралған­нан кейін бірден ішкі істер ор­ганына қызметке орналасқан. Кей­ін Ақтөбе облысының ІІД «Арлан» арнайы ден қою жа­сағына ауысқан. Басыңды қауіп-қатерге тігетін мұндай күш құ­рылымдарына екінің бірін ала бермейтінін ескерсек, оның қа­тал сынақтардан мүдірмей өтке­нін пайымдау қиын емес. – Ол оқиғаның қалай болға­ны, арты қалай аяқталғаны қа­лың жұртқа белгілі. Қарақшы­лар қамыс арасында жасыры­нып жатып, атыс басталып кетті. Біз барымызша қызметтік міндетімізді өтедік. Менің ор­нымда кім-кім де осылай әрекет етері сөзсіз. Сондықтан асыра айтатындай ештеңе жоқ. Бәрі­нен бұрын жан жолдасымыз Руслан Жолдыбаевтың бізді қор­ғап, кеудесін оққа тосқан ерлігін айтсаңызшы. Нағыз азамат, нағыз сақшы осындай болуы керек. Сол қақтығыста қолымнан жарақаттанып, тікұшақпен об­лыс орталығына жеткізілдім. Сол жарақаттан әлі арыла алмай жүрмін. Бастысы, бас аман, денсаулық орнына келеді деп ойлаймын деп қысқа қайырды әңгіме тізгінін, Бүркіт Сәрсен­бай­ұлы қызметтік әдеппен көп нәрсені айта бермейтін тәртіп­тілігіне басып. Ол қарапайым отбасында, он баланың ортасында тәрбиелен­ді. Өзі қалаған қыз­меттің ыс­тық-суығына үйренген оның еңбек жолын қайта бастаса осы соқпаққа түсері сөзсіз. Оны аз ғана тіл қатысу кезінде анық аңғардық. Кешегі қанды оқиға кезінде отбасың, анаң қатты уайым­да­ған болар дедік біз әңгіме ар­на­сын өзгерткіміз келіп. – Қызмет бабында не бола­рын кім болжапты. Алайда, анам Жұпар кешегі қан қасап соғыста болған майдангердің жа­ры ғой аса қобалжымаса керек. Дегенмен, баласын кім жа­мандыққа қияды, – деді ол өз ойын бүкпесіз жеткізіп. Бүркіт Сартаев зайыбымен екеуі екі ұл тәрбиелеп өсіруде. Отбасында жақсы жар, сүйікті әке. Қызметтестері арасында беделді, ініге қамқор, ағаға ізетті ұл ұяда көрген өнегесімен өз­гелерге үлгі болуда. Сондықтан да болар, әріптестері оны сөзден гөрі істің адамы ретінде баға­лайды. Ал қандай жағдайда да адами қасиетінен, жігіттік на­мы­сынан айнымайтын Бүркіт қашанда, қандай жағдайда да өзгелерге өнеге болар адамгершілікті жоғары ұстайды. Ердің ері сыналар сын сағатта ба­тылдығымен көзге түскендердің бірі ретінде осылай деп сөз ай­туды парызымыз санадық. Бү­гінгі күннің Бауыржандары ара­мызда жүргеніне риза болға­ны­мыз да рас. Полиция майоры Бүркіт бауырымыздың омырау­ын­да II дәрежелі «Айбын» ор­денінің жарқырауы да заңды. Ерлік осылай бағаланса керек. Сатыбалды СӘУІРБАЙ. Ақтөбе облысы.