31 Желтоқсан, 2011

Қоян жылы қазақ спорты үшін табысты болды

517 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін
365 күнді артқа тастап тарих қойнауына еніп бара жатқан Қоян жылы қазақ спорты үшін та­бысты, тарихта алтын әріптермен таңбаланатын ай­рықша жыл болды десек, қателеспеспіз. Рет-реті­мен айтар болсақ, жыл басында ТМД және мұ­сылман елдері арасында қысқы Азиада ойында­рын ең бірінші болып өткізген Қазақ елінің спорт­шылары биік тұғырдан көрінді. Көзі қарақты оқыр­манның есінде болса, қысқы Азия ойындары тарихында алғаш рет қатысушы елдердің саны жи­ырма жетіге жетіп, мыңға жуық саңлақ спорт­тың 11 түрі бойынша жарыс жолына шықты. Міне, осы байрақты бәсекеде жарыс жолына шыққан саңлақ­та­рымыз ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына айрық­ша сый жасап, 32 алтын медаль жеңіп алды. Азия­лық ойындарда осыдан 25 жыл бұрын Саппорода Жапония құрамасы 29 алтын медаль қан­жы­ғалап, рекорд орнатқан болатын және содан бері бұл рекордты ешкім жаңартпаған еді. Оған қоса, жалпы медаль саны бойынша да рекорд жаңар­тылды. 2003 жылғы Азиадада жапон елі барлығы 67 медаль иеленген болса, біздің қазақстандық спортшы­ла­ры­мыз 70 медаль (оның ішінде 32 алтын, 21 күміс, 17­ қола) қанжығалап, айды аспанға бір-ақ шығарды. Тәуелсіздіктің 20 жылында қарқынды даму жолына түскен Қазақстанның айтулы жеңістерінің тағы бірі ауқымы жағынан Олимпиада ойында­ры­нан кейінгі екінші орында тұрған қысқы Универсиада ойындарын өткізуге мүмкіндік алуы болып отыр. Таяуда ғана Брюссельде Университет спор­ты халықаралық федерациясы (FISU) дауыс беру қорытындысын жариялап, нәтижесінде Алматы 2017 жылғы қысқы Универсиада өткізу құрметіне ие болды. Алматының 2017 жылғы қысқы Универсиада өткізуге кандидатурасын жан-жақты қолда­ғанын, өйткені бұл қалада мұндай халықаралық спорт жарыстарын өткізуге үлкен мүмкіндіктер жасалғанын баса айтқан аталған халықаралық ұйым­ның президенті Клод-Луи Гальен: «Дегенмен универсиада – екі апталық қана шара емес. Ойын­дарды өткізуге үлкен даярлық жұмыстарын жүр­гізу қажет. Болашақта сіздер Универсиада жемістерін ұзақ жылдар бойы пайдаланатын боласыз­дар, одан әрі қысқы олимпиадалық ойындар өт­кі­зу­­ге ілгері жылжи аласыздар», – деген еді. Жалпы Олимпиадалық ойындардан кейін ауқымы жағы­нан екінші спорттық шараны өткізуге екі қала – Алматы мен Тренто (Италия) үміткер болған-ды. Дегенмен, Алматының көрініп тұрған артық­шы­лы­ғына, сондай-ақ экономикалық дағдарысқа бай­ланысты Италия үкіметі өз кандидатурасын алып тастауға шешім қабылдады. Сөйтіп, Алматы бә­секелестер болмағандықтан 2017 жылғы 28-қысқы Универсиада астанасы атанды. Боксшыларымыздың да табысы аз емес. Ма­мырдың 6-7 күндері Қытайдың Гуянг қаласында «Астана арландары» мен «Париж юнайтед» ко­мандалары арасында Бүкіләлемдік бокс серия­сы­ның ақтық сайысы өтті. Гуянг университетінің спорт кешенінде 6 мамыр күні болған алғашқы сында қазақстандықтар Франциядан келген қар­сы­ластарынан 3:2 есебімен басым түскен еді. Өкі­нішке орай келесі күнгі бәсекеде былғары қолғап шеберлеріміз қарсыластарына есе жіберіп алды. Осылайша қорытынды есеп 6:4 болып аяқталып, «Париж юнайтед» Халықаралық әуесқой бокс қауымдастығы ұйымдастырған Бүкіләлімдік бокс сериясы жобасының алғашқы жеңімпазы атанды. Биылғы жылы Әзербайжан астанасы Баку қа­ла­сында өткен бокстан әлем чемпионатында да бокс­шыларымыз жаман жұдырықтасқан жоқ. 2 күміс, 2 қола медальді еншілеген спорт­шы­ла­ры­мыз 2012 жылы Тұманды Аль­бион ел­інде өтетін Олимпиада ойын­дарының 5 бірдей лицензия­сына қол жеткізді. Ауыр атлеттерімізде ха­лықаралық байрақты бәсе­ке­де ел намысын өз деңгейле­рін­де қорғап отыр. Мәселен, Ағ­ым­да­ғы жылы Франция­ның аста­насы Парижде өткен ауыр атлетикадан әлем чем­пиона­тын­да екі алтын, 2 кү­міс медальді қанжығаладық. Атап айтқанда 94 кило сал­мақ санатында екі жаттығу­дың қорытындысы бой­ынша 407 килоны бағын­дырған Бей­жің Олимпиада­сы­ның чемпионы И.Ильин үш­інші мәрте әлем чемпионы атан­ды. Зүлфия Чиншанло 53 кило салмақ сана­тын­да жұлқа көтеруде де, серпе көтеруде де ең үздік спортшы екенін дәлелдеп, қоссайыс нәти­же­сінде әлемнің екі дүркін чемпионы мәртебесіне ие болды. 75 килоға дейінгі салмақ санатында жарыс жолына шыққан қазақстандық ауыр атлет Светлана Подобедова екі сайыстың қорытындысы бойынша 287 килоны бағындырып, күміс жүлдеге ие болды.  

Айналайын, алтын ўл!

Қазақстаннан үш дүркін әлем чемпионы шық­қаны айдай әлемге жария болғанда бауырмал алаш жұрты Ильяны хан көтергендей қуанып, бөркін аспанға атып, мәз болды. Күш атасы Қажымұқан өскен ел батырлықты айрықша дәріптейтіні рас. Киелі Сыр бойының түлегі Еуропаның рухани астанасындай болған сері шаһар Парижге атта­н­ғанда: «Алтын үшін бара жатырмын» деп ер жігітке лайық сөз айтып еді. Сол күнгі жарыс Ильяға оңай соққан жоқ. Ол жұлқа көтеруде 184 кило салмақты еңсерді. Бірақ бұл төрешілер назарынан тыс қалып, есепке алынған жоқ. Оның алдына орыс, украин және ирандық спортшы шығып кетті. Төртінші ор­ынға табан тіреген жерлесіміз елдің жаппай көке­й­ін тескен алтыннан құр қала ма деп үрей буғаны рас дейді бақылаушы топ. Серпе көтеруде біздің тарлан алдына жан салмады, ол украиналық Артем Ивановтан озық шықты. Артем Иванов 220 кило салмақты көтерген соң, тағы 10 килоға артық сал­маққа тапсырыс берген. Илья Ильин 227 килолық зілтемірді басынан асыра ұстап тұрғанда алтынға бір қадам тақау қалғаны көңілге медеу ұялатты. Париж төріндегі байрақты бәсеке бәрімізді де бейжай қалдырмады. Ильяның көзінен сырғанаған қуа­ныш­тың көз жасы күллі қазақстандықтардың көңі­лін босатты. Сол сәтте Сырдың бойында ерке өскен ұлдың бұлаң мінезінен қазақы жылылықты, қазақы дархандықты, қа­зақы батырлықты көріп, «Айна­лай­ын, алыбым-ай!» деп егілдік бірге! Осы бір с­е­зім жағым­паз­дар­дың аузында жатталып қалған та­тулықтан әл­де­қайда биік, әлдеқайда ардақты екені айқын! Өйт­кені ол – Қазақ намысы! Кезінде Әміре, Қажымұ­қан, Мұстафалардың да намысын қоздат­қан, Еу­ропаның төрінен қазақты танытқан да осы сезім, осы намыс емес пе еді... Жан сыздатқан ж­а­ра­қат­ты да елемеген алтындай ұлымызға, Лондон­ның төрінде де осы қуанышты тағы бір қайталатуға Алла амандығын берсін, деп тілейік енді!  

Ґрлеу жолына тїседі

Сан мыңдаған көрерменді үлкен стадиондарға жинап, миллиондаған жанкүйерлерді көгілдір те­ле­экранға телмірткен футбол бұл күндері спорт­та­ғы бекзат ойындарының қатарынан нық орын алып отыр. Желтоқсан айының 10 күні БҰҰ-ның шешімімен атап өтілетін бұл спорт түрінің шығу тарихына қатысты деректердің өзі де қызық. Миллиондаған адамға тек ойын ғана емес, өмір стиліне айналған футбол ойыны туралы алғашқы ескертпені тарихшылар біздің заманымызға дейінгі екінші мыңжылдықтағы қытай деректерінен тапқан. Ол Цу Чю деп аталған, «аяқпен итеру» деген мағынаны білдіреді. Футбол ойыны қытай жауынгерлеріне дене формасын қалыпты сақтауға септігін тигізген. Ал кейбіреулер футболдың ізашары деп 8-ғасырда Англияда өмір сүрген саксондардың жабайы ойынын таниды. Олар ұрыстан кейін шайқас даласында дұшпанының шабылған басын тепкілеп ойнаған. Міне осындай қызықты тарихы бар, дегенмен елімізде кенжелеп келе жатқан футбол ойынының да біздер үшін айы оңынан туар күн де алыс си­яқты. Өйткені қазіргі таңда Қазақстанда осы спорт түрінің ақсап тұрғаны шындық. Есте болса, әлем­д­егі танымал спорт түрі футболдың елімізде даму­ы­на ерекше көңіл аударып келе жатқан Мемлекет басшысы 2007 жылы Бразилияға барған сапарын­да Бразилия Президентімен футбол ісін дамы­ту­дағы ынтымақтастыққа қол жеткізген еді. Осыған орай 2009 жылдың көктемінде футбол өнерінің қыр-сырын меңгеруге буыны қатая қоймаған 26 жас­өспірім іріктеп алынып, осы спорт түрінің отаны саналатын Бразилия елінің «Оле Бразил Клаб» футбол академиясына тәлім алуға жіберіл­ген-ді. «Оле Бразил Клаб» академиясында білім ал­ған аз уақыттың ішінде қазақстандық футбол­шы­лар аталмыш елде өткен турнирлердің бірінде же­­­­ңіске қол жеткізіп те үлгерді. Жалпы үш жыл­дың ішінде 26 қазақстандық бала сегіз чемпионат және жеті халықаралық жарысқа қатысты. 166 ойын жүргізіп, олардың 122-сінде жеңіске жетті. Оқула­рын тәмамдап елге оралған балғын футбол­шы­лар­дың 15-і Қазақстан чемпионатының бірінші лига командалары арасында ойнайтын «Астана-64» футбол клубымен келісім-шарттарға қол қойды. Айтпақшы, ағымдағы жылдың шілдесінде Ла­тын Америкасының бірқатар еліне жасаған сапар­лаған ҚР СІМ жауапты хатшысы Рәпіл Жошыбаев бастаған қазақстандық делегация Бразилия сырт­қы байланыс министрінің орынбасары Хадил да Роча Вианнамен келіссөздер жүргізген болатын. Кездесу барысында екі елдің спорт саласындағы ынтымақтастығының оң қарқын алып келе жа­т­қан­дығын атап өткен Хадил да Роча Вианна Бразилия бұған дейін қолға алынған қазақстандық жас футболшыларды оқыту тәжірибесін кеңейтуге дайын екендігін қуаттаған болатын. Осы спорт саласында қатысты тағы бір жа­ғымды жаңалық бар. Таяуда «PRO» лицензиясын алған 11 қазақстандық футбол жаттықтырушы­сының есімі белгілі болды. Міне, осылайша шетелден тәлім-тәрбие алған спортшыларымыздың, тіпті қарт құрлықтың азулы командаларын дайындауға да зор әлеуеті бар жат­тықтырушылармыздың арқасында қазақ футболы алдағы уақытта өрлеу жолына түседі деп айтуға толық негіз бар сияқты.  

Спорт

Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігінің мәліметтеріне сүйенсек, еліміз бой­ынша 150 спорт түрімен халықтың 2,5 миллионнан астамы шұғылданатын көрінеді. Биылғы жылы осы спорт түрлері ішіндегі олимпиадалық емес спорт түрлері бойынша әлем чемпионат­та­ры­нан Қазақ­стан 16 алтын медальға ие болды. Ал, Олимпиада ойындары бағдарламасына кіретін спорт түрлерін­дегі әлем чемпионаттарынан 6 ал­тын алдық. Са­ламатты өмір салтын дамыту мен бұқаралық спорт түрлері бойынша, елімізде 40 шақты жаңа спорт­тық кешен салынған. Был­тыр­ғымен салыстырғанда күнделікті спортпен шұғыл­данатын адамдар саны 5000-ға көбейіпті. Осы салада істейтін дене шы­нықтыру мұғалімдері мен жаттықтырушылардың да саны өскен. Қазір олар­дың саны 36 мыңға жетіп отыр. Бұлардың 86,1 пайызы – жоғары білімді мамандар. Биылғы жыл­дың тағы бір өзіндік жаңа­лығы елімізде шетелдердегідей спорттық клубтар ашылуы болды. Осы үрдістің өрісін кеңейтуге еліміздің Спорт комитеті барынша мұрындық болуда. Әзірге 1351 спорт­ клубы ашылып, осы клубтарда жаттығатын тұр­ғын­дар саны 200 мыңға жетіп қалған. ҚР Білім және ғылым министрлігі маман­дары мен Спорт комитетінің бірлескен іс-шаралары нәтижесінде жас­өспірімдерді спортқа тарту мақ­сатында 23 мың­дай спорт секцияларының жұмысы жолға қой­ылған. Дәлірек айтқанда республикада 2 миллион 500 мыңға жуық мектеп жасындағы оқушы-бала­лар болса, солардың 20,5 пайызы спорт секция­ла­рынан дәріс алады. Спорт мектептерінің де саны көбейді. Бүгінгі таңда олардың саны 725-ке жетті. Елімізде 232 мың жас спортшы осындай мектептерден тәлім алады. Олимпиада ізбасарла­рын дай­ындау мәселесі де жетілдіріліп келеді. Қа­­зір біздің елде олимпиадалық резерв санатын­дағы 15 орта­лық бар.Осы орталықтарда дәріс ала­тын да­рынды спортшы-балалардың саны 3,5 мыңға жетті. Олардың төртеуі – республикалық деңгей­дегі олим­пиадалық орталық. 1996 жылдан бері Үкі­меттің қаулысымен Президенттік сынамалар өткі­зіліп келеді. Биыл 15 сәуірден бастап, 15 мамырға дейін Президенттік сынамалар тапсыру жөнінен бір ай бойы сынақ өткізілген. Бұл тұрғыда 1 000 947 адам сынақ тапсырған. Әрине, кейбір спорт түрлерінде өзекті өртер сәтсіздіктер болды. Жоға­ры­да көздел­ген қуанышты сәттер мен жаңалық­тардан басқа, бокстан, еркін және грек-рим күре­сінен әлем чем­пионаттарында алтын медаль ала алмаған өкіні­шіміз де бар. Әйтсе де, биылғы жыл­дың ең тамаша жетістігі ретінде дзюдодан тұңғыш рет әлем чемпионы шыққандығын қуана айтуға болады. Ескі жылдың өкініштері мен қуаныштары тең түсіп жатады кейде... Бәлкім, оның өзі де өмір болған соң, заңдылық болар. Иә, келесі жылға саламатты көңіл күймен және жеңісті күндердің үкілі үмітімен қадам баса берейік!

Бейбітгүл ТОҚАБАЕВА.

АСТАНА.