31 Желтоқсан, 2011

Күндер мен жылдар

644 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін
Бозбала редакцияға, менің атыма өлеңдерін жолдапты. Аңқаулығы, балалығы есіп тұрғанымен есте қалатын сөздері де бар. Мысалы, «Өткен өмір­ді немен өлшей алар едік? Күндермен бе, жыл­дар­мен бе? Қайғы әлде бақытпен бе? Білмеймін ғой...» деген мазмұнда аңтарылып, сарыүрпек ба­ла­­панның аузын ашқан бейкүнә сәтін елестететіндей ме? Онша иі қанып, ысылмаған, тігісі жат­қы­зылмаған тәжіри­бесіз тіркестер, ұқыпталмаған ұй­қастар... Бірақ ой ұшқыны жарқырайды. Дәні мен дәнегі бар секілді. Мұндай ойлар екінің бірін тол­ған­дырары кәміл. Өміршеңдігімен, өткеніңнің ба­ға­сын безбендетумен, әрине. Өмір мәнін терең ұғуға деген іңкәрлікті есе­леуі­мен. Және де мұндай ой­лар­дың жас талғамай­тын­дығы да тақырып тол­ға­ғының мәңгілікке тыныс­тамайтын, тулаған тол­қын­дай еш тынбайтын өршіл мінезінен шығар, бәлкім. Сол себепті де жас өскіннің мұн­дай сұ­­рақты қоюы табиғилық. Ал жауа­­бын дөп басып айта ал­мауы – одан өткен шынайылық. Бірақ ауыс­па­лы өмір бәрін өз ор­ны­на қоятыны анық. Әрқай­сы­мыз әлгін­дей сұ­рақ­тар­ға жа­уап беретіндей жас­қа жетіп, ақыл-ес толы­са­тын кез де туар. Сонда жауа­бы орнықты қа­шалар: әр күннің маңызын екшерміз; өмір өлшемін анық­тармыз; маңдайға жазылған жылдардың қалай, нендей күйде өткеніне жіті көз жіберерміз... Сөйтерміз-ау, әрине, ондай дәйектердің тұ­шым­ды болуы, өз кезегінде күндер мен жылдардың қандай дәре­жеде жылыстағанына байланысты болса керек-ті. ... Зуылайды күндер, зырыл қағады. Көрмейсіз бе, міне, қас қағымда Жаңа жылдың да қақпа қа­ғып қалары кәдік. Жаңа жыл! Олар адам өмірінде, тіпті адамзат ғұмырында қанша рет қайталанды екен? Таңырқатады, тамсандырады. Бір қарғанда егіз қозыдай ұқсас, серіппелі күндер... Ағындап, арқырап, сарқырап келіп Жылдың жылы құ­ша­ғы­на жығылады. Ал әр күнді бәрібір қарапайым сеніммен, үкілі үмітпен күтуден жалықпайсың. Осы құнды қасиет пен ширыққан сезім әр уақыттың, әр түрлі мемлекеттің әрқалай жастағы адамдарын біріктіріп, туыстастырып жіберетіні аңғарылады. Былай қарағанда бір күнде тұрған не бар дейміз ғой. Өтті де кетті... Тоқтаңыз! Әр күнің құрық бой­ла­майтындай терең, түпсіз шыңырау іспетті екен-ау. Әйтсе де ол күндердің шекарасы шартты түрде ғана жылдармен жымдасып жатады-мыс. Аясын кеңейтіп, ұғымын ұлықтаңқырап ұғынып көрсек, күндер мен жылдар дегеніміз тұтаса, ұлғая келе Уа­қыт атты ұлылықты сомдайды екен-ау. Яғни, күн мен жылың Уақыт уысына жұтылып кетеді. Осын­дай қастерлі табалдырықта тұрып уақыт ту­ра­лы, өзіміз туралы толғанғымыз келеді. Кестелеп, көр­кем­деп, байытып айтсақ – Уақыттағы және Өзі­міздегі өзгерістер жөнінде пайымдап көрсек ше... Бастапқы көзқарас мерекелік күндерге қатысты тиянақталмақ. Біреу бұл күнді зор аңсармен күтсе, кейбірі кәдуілгі жұмыс күнінің ырғағын бұзғысы келмей әжептәуір қиналатыны бар. Асыра айт­қандық емес – ақиқат. Д. деген танысым осындай қауырт күннің мазмұнға толы желісін, ырысты ырғағын, әдемі әуенін мейраммен үзіп алмасам екен деп, кәдімгідей абыржиды екен. Бұл жыл­дар­мен қалыптасқан әдет. Әбден жұмысқа жегілген жан жұмыстан бас алмаған қалпымен мерекенің өзін лайықты қарсылауға әзір болмай шығыпты. Ондай «бостандықтың» иек астында тұрғанын аңдамай қалады. Босаңсып, арқаны кеңге салып жүрейін десе, сымдай тартылған әдеттегі тәртібі ырық бермейді. Жұмыс, жұмыс... демалыс күнінің өзін қарекетсіз өткізбейтін ол екі-үш күндік мерекелік сипатқа көндіге алмай қойыпты. Әрине, мұнысы үшін ешкімді жазғыра алмайсыз ғой. Байыпқа салып, саралауды қажет ететін та­қы­рыптың бір сарасы жастардың азаматтық белсенділігіне қатысты боп келеді. Олардың қабілеті, өмір­ге икемділігі, ұстанымы, т.б. бейнелік-даралық деңгейі қандай? Жасыратын несі бар, жас өркеннің бойынан заман ауысуымен қабыстырып ілік, кемшілік, кера­ғар­лық табуды әдетке айналдырып жүрміз ғой. Ал сан ғасыр астарынан белгілі жәйт, ол – адам­дар­дың жақсылыққа қарай өзгеруінің тыл­сым сырын ашу­дың асқан құпиялылығына саяды. Әр түрлі ұрпақ ортақ тіл табысып, жарқын өмірдің ұлы ұс­тын­дарын ұлықтай алар ма екен? Египет перғауынының құл­пы­та­сындағы осыдан төрт мың жыл бұрын қашалған жазуға жан бітірсек, онда жастардың өте-мөте өзім­шіл­дікке, асыра көзге түсушілікке салы­нып, үлкен­дер­дің ақыл-кеңесіне енжарлықпен құлақ қоймай­ты­ны, мұның өзі ешқандай жақсылыққа әкеп соқтыр­май­тыны мегзелген. Дегенмен әркім әкелік жасқа жақындаған сайын ұрпақтар сабақтастығын жете түсініп, адам­ға телінген әр жылдың өзіндік қа­дір-қасиеті бо­ла­тынын ұғынады екен. Әбден пісіп-жетілген кезде де ғұмырлық жинаған болмыс-бітім бай­лығыңды жастықтың алабұртқан жалынына айыр­­бастамайтын өршілдігің байқалатыны тағы рас-ау. Екпіндеп, еркінсіген жастықтың күш-қай­ра­тына уақыт өте келе мақсат айқындығы, баға­лау­дың дәлдігі, өзің мен өзгенің іс-қимыл нәти­же­лерін сараптап түсіну, кәсіптік шеберлік, яғни ең бастысы, әркімнің ісіне қалтқысыз қызмет ететін мүмкіндіктер жан сандығында қатталып жин­а­ла­ды. Осылайша уақыт бәрін өз орнына қояды: не бі­­тірдің, қалай бітірдің, қандай ісіңе сүйсіне ала­сың? Шалыс басқан қадамың ше? Оны қалай түзуледің? Өмірлік тәжірибеңнің діттегенінен шы­ға алдың ба? Ең қымбаты – өткенің мен бүгініңді, бо­лашағыңды жалғастырған желінің тіні үзіліп кет­пес пе екен? Асылық жасамай, осының бәріне абай бол­ған абзал ғой. Өйткені күн­нен күн алмасып, жыл­ға ұласып, жыл­ғаланып, әр Жаңа жылың мен күнің өз мағына­сын еселеп, адами бір сұ­раққа жү­гендеп қоя­ты­нын қай­тер­сің. Ай­талық, күн са­йын Сізді тол­ғантатын мәселе көп қой. Мәсе­лен­­ки, адамдар – біз­дің ата-әже­лері­міз, әке-шеше­лері­міз, өзіміз, бала­лары­мыз бен немерелеріміз қалай өмір сү­руде, ар­ман-мүд­­десі қан­дай, не үшін кү­ре­сіп жа­тыр? Әр күннің, кейін жыл­дар безбеніндегі мәң­гілік мәселелер екендігіне шүбә келтірмессіз. Ал бүгіннің ең маңызды мақсаты – Жер бетіндегі бейбітшілік! Еліміздің бірлігі мен берекесі. Ха­лық тұтастығы – ең ұлы мәртебе екендігін Қа­зақ елі әлемге әйгілеп жүр емес пе?! Осы жетістіктер ғайыптан көктен түсе қалмағаны және ақиқат. Күндер мен жылдар еншісіне тағдыр-талай­дың біртіндеп бұйыртқан бақ-берекесі! Осы қаді­рі­мізді уыстан шығарып алмайық! Бейбіт өмірді көз­дің қарашығындай сақтап, келесі ұрпаққа аманаттап тапсырып, олардан да осындай қағылездікті талап еткеніміз жөн болар. Себебі, бейбітшілік дегеніміз – берекесі мен бақыты ұйыған тұтас өмір ғой! Иә, уақыт өз дегенін істейді, ырқына көндіреді, өз­герісін мұқияттайды. Адамды айнымалы, аңсар­лы күйге түсіреді. Келісіңізші, кім, мысалы, жас шағында даңқ туралы армандамайды? Іштей болса да ұятымен арпалысып, ел көзіндегі адам болғысы келеді. Мұның не әбестігі бар? Армансыз – ақ­па­ған су. Жасқа тән менмендік, албырттық, жа­сам­паздық, атақты болуға ұмтылушылық – бәрі жа­ра­сады. Жастар – жанартаудай қозғаушы күш. Мақ­танышы – осы мүмкіндігінде. Ұялсаң, түкке тұр­ғы­сыз мақ­саттан, тарпаң қимылдан, көпе-көрінеу түңілісіңнен ұял, жерге қара! Мұндай ынжық, ын­сапсыз әре­кет­тен түптің-түбінде қандай адам шы­ғатынын болжап қою әсте қиын емес. Лауа­зымы мен марапатына, тойғаны мен өз мүддесін күйт­тегеніне, билікке елпектеуі мен емексігеніне, жа­ғынуы мен жағым­паз­дығына, т.б. жағымсыз ға­дет­терді бойына жинақ­та­ған адам қайдан шы­ғыпты? Ол балалықтан бүгінгі жасамыс шағына ұрын келді емес пе? Сондықтан жастық шағыңды әдіссіз қалыптастыратын күн­дерің мен жылдарың мінсіз болсыншы. Әлгінде айттық, даңқ жайлы. Ол кім-көрін­ген­ге жалын сипатпайды. Жаппай сипатса, құны қа­лар ма еді? Әйтсе де оның ынтықтыратын ықпа­лы, әсер күші, қоздырғыш ықыласы адамға көп пайдалы әрекеттер дарытады екен. Даңққа ұмтылу болмаса – кәсіби шеберлік пен шыңдалу, білгірлік пен біліктілік, қысқасы, мінсіз маман боп қа­лып­тасу қайдан келеді? Бұл аз табыс па? Даңққа жетпесең де ұқсап бақтың жарқын мысалы да. Шау тартқан адам әсіресе жас кезінде жаралан­ған жан азабынан арылуға ой елегімен мүмкіндік алады. Қызбалықпен айтылған зәрлі сөз, қыңыр мінез, шындықтың еленбеуі жеңіл тимейді. Бірақ жылдар жылыстай береді, тағдыр әртүрлі адамдарды кезіктіреді. Әрбір кездесу, әрбір күн ойлантып, тол­ған­тады: адам өзін қалай көргісі келсе, жат біреуді солай көріп, пікір түйеді екен. Кінәратшыл адам тек кінәрат іздейді, шатақшыл қай сөз бен істен болсын шатақ қазып алады, секемшіл өзгені секемшіл етеді. Қысқасы, түпкі нашар ойы былайғыны былға­ныш­пен мансұқ етуге әккіленген. Ал тәрбиелі, тәртіпті, қа­лыпты адамның жөні бөлек. Ол әркімнің ар-намысын құрметтей біледі. Кім-кімнен де игіліктің, ізеттіліктің нышанын сезіп, өз қасиетіндей мә­пе­лей­ді. Қателі­гінен сабақ алады, ләззатқа бөленеді. Ары таза, жаны қиналмайды. Осылайша басқаның мінсіздігіне, тұрақтылығына, көңілділігіне бой ұмсына бас­тайды. Бұл тәрбиенің тылсым тағылымы енді Сіз­ді тіпті басқа сұлу сазға салып жібереді. Ең ға­жа­бы сол, Сіз маңайыңдағылардан өзіңіз күткен жақсы көңіл мен жайдарман құрметтің қайтарымын күнде сезіне аласыз. Демек, ара-қатынастың жақсы-жаман болып қалыптасуы Өзіңе байланысты екен. Күндер мен жылдар жүзіндегі мәңгілік тәлім осындай, міне... Әлімсақтан белгілі, әрбір қас қағым сәттің өз кезегі, өз реті бар. Сол секілді өз ырғағымен Жаңа жыл да есік қаққалы тұр. Оны көрген де бар, көрмеген де бар. Көргенімізге тәубе делік. Кезінде зор аңсаумен қарсылаған Жаңа жылды, енді есіркегенін есіркеп, ұзатып салып, жаңасын жарылқа деп, үкілі үмітпен күтіп алармыз. Сөйтіп кешікпей Жаңа жылдың еңбек таңы да атады арайланып. Қарбалас күндер мен жасампаздық жылдар жал­ға­са бергей, егемен Елім! Әр күннің, жылдың баға­сын бағалап, басымызға құт етіп дарыталықшы! Әне, шын бақыттың айнасынан шат жүзіміз көрінсін!

... Күндер мен жылдар. Жаныңдағы жақының, қасыңдағы қимасың! Қадірін білгізе көрші!

Қайсар ӘЛІМ.