31 Желтоқсан, 2011

Тәуелсіздіктен биік тұғыр жоқ

1102 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін
Азаттық деген асыл сөз. Тәуелсіздік деген тәтті ұғым.  Бұл – кешегі  ел үшін егеулі найза қолға алып, ұлтарақтай жер үшін ат үстінен түспеген батыр бабалардан қалған жәдігер сөз. Біз – ғасырлар бойы аңсап, еркіндікке қолы жеткен, арман-мұраты тең өрілген, тай қазаны ортаймаған қазақ деген байтақ ел, дана халықпыз. Міне, сол бақыт түндігін ашқан Тәуелсіздік бүгінде халқымызға тәңір сыйлаған құт-берекеге жұғысты болып отыр. Осы жалауы желбіреген жиырма жылда қазақ халқы  асыққанына  жетіп, аңсағанын көрді. Өткеннің өкінішін жуып, та­рих­тың қателігін жөнге келтірген теле­гей-теңіз тірліктер атқарылды. Тас бұғаудан босанған Тәуелсіздік  ұлты­ның тынысын ашты. Бүгінде Асан қай­ғы баба іздеген жерұйықтың қай­нар бұлағынан сусындаған ұлт бол­дық. Шаңырағымызға азаттықтың ақ құсы қонған байтақ ел болдық. Ұлт тарихының жылнамасы жаңа дәуірде жаңаша жазыла бастады. Даму мен жаңарудың қиындығы мен қуа­ны­шын, жетістіктері мен жеңісті сәтте­рін бірге көріп келе жатқанымызға, міне,  20 жыл толды. Елбасы Нұр­сұл­тан  Назарбаевтың халыққа Жолдау­ын­да биылғы жылды «Бейбітшілік пен жасампаздықтың 20 жылы» деп жариялауы бірлігі жарасқан көп ұлтты Қазақстан халқына қуат, мерекеге ерекше сипат берді. Жұмыр жердегі қай халық үшін болса да азат­тық­тан асқан ұлы ұғым, тәуелсіз­дік­тен биік тұғыр жоқ. Сондықтан, Тәуелсіздік  – біз үшін қашан да киелі құндылық, асыл қазына. Осыдан 20 жыл бұрын, 1991 жылы 16 желтоқсанда Елбасы  Нұрсұлтан На­зарбаев «Қазақстан Республи­ка­сы­ның Мемлекеттік тәуелсіздігі тура­лы» Конституциялық заңға қол қой­ды. Сөйтіп, Еуразияның Ұлы Дала­сын мекендеген кешегі көшпен­ді­лер­дің бүгінгі ұрпағы әлем картасында «Қазақстан» деген егемен мемлекет құрды. Бұл  тамырын тереңнен тарт­қан қазақ елінің бай тарихындағы ең басты оқиға болды. Осы жылдары елдік дәстүр мен мемлекеттік мәде­ниетті, рухы биік руханият пен қа­жыр­лы еңбек үлгісін  қалыптас­тыр­дық. Төрткүл дүниені ат тұяғымен дүбірлеткен даңқты бабаларымыздың «Мәңгілік ел» мұратын жаңғырттық. Жібек жіптей жалғасқан ұрпақтар сабақтастығын қайта жалғадық. Азат­тық шын мәнінде қазақтың ұлт­тық рухы мен ерік-жігерінде жатыр. Алты алаштың ардақтысы, ұлтының еркіндігін аңсаған Әлихан Бөкей­ха­нов өз заманында  халқына арнап «Тірі болсақ  алдымыз үлкен той. Алаштың баласы бұл жолы болмаса, жақын арада өз тізгіні өзінде, бөлек мемлекет болар!» деп елдік сенімін айтқан екен. Ал бостандықтың боса­ғасынан аттау жолындағы күрес та­рихы  сонау ХV  ғасырда әз Жәнібек пен Керей хандардың бастауымен алғаш рет құрылған қазақ ханды­ғы­нан  жастардың Желтоқсан оқиға­сы­на дейінгі шежіресінде жатыр. Елбасы  «Бүгінгі тәуелсіз­дігі­міз­дің қайнар көзі  қазақ халқының сан ғасырлар бойғы күресінде, азаттыққа ұмтылған қайсарлығында» деп атап көрсетті. Бүгінгідей байтақ жері, терең қазыналы тарихы бар Қазақ елі шын мәнінде жұлдызы жанған бақытты елге айналды. Алайда, бұл бақыт бізге оңайлықпен келген жоқ. Әр ғасыр, әрбір дәуір қазаққа ауыр қиындықтар әкелді. «Ақтабан шұ­бы­рынды, алқа көл сұлама» тұсында жат жұрттың  қыспағына түсіп, хал­қы­мыз ошағы мен Отанынан айры­лудың аз-ақ алдында қалды. Елдің тағдырына күн туған сол бір замандарда бүкіл қазақ халқы бірігіп, тізе қосты. Соның арқасында тарихи же­ңістер Азаттықтың ақ туын көтеру­мен басталған. Бұл жолдарда ұлтының өркение­тін сақтап қалуға ұмтылған батыр бабаларымыздың қайсар мінезі мен асқақ рухы менмұндалайды. Бізге бабалар жүріп өткен жолдың берекесі – ел бірлігі мен ұлт тұтастығы екендігін айқын көрсетіп берді. Ерен ерліктер өнегесі тарихи мүмкіндікті жібермей, халқымызды тәуелсіз Қазақ­стан мемлекетін құруға жұмыл­дырды. Біз осылайша тарихта тұңғыш рет ұлт мұраты – Тәуелсіздікке қол жет­кіздік. Бүгінгі Тәуелсіздік – қазақ халқымен қатар, тағдыр жазуымен қазақ жерінде басы тоғысқан түрлі этнос­тардың өзара сенімі мен досты­ғы­ның, татулығы мен бірлігінің арқа­сында болашаққа қарай сенімді қадам жасауға бастады. Міне, жиырма жыл ішінде Қазақ халқы – Күннің шуағымен нұрланып, тал бесіктей тербелген Тәу­ел­сіздігінің бетінен қақпай  белін буды, қабағын түсірмей  маңдайын ашты, та­банын ауыртпай  қадамын нықтады. Осылайша, еліміздің тарихи жетістіктері тәуелсіздік жылдары айқын кө­рініс тапты. Біздің халықта «Қол бас­та­ған қиын ба, әлде сөз бастаған қиын ба?» деген дана сөз бар. Қазақ елі қа­шан­да ел тағдырын қолына ұстаған біртуар тұлғалардан кенде болған емес. Болашағына алаңдаған Төле би баба­мыздың заманында «Атадан ұл туса игі, ата жолын қуса игі» деп артында қал­дыр­ған баталы өсиеті бар. Ал жаңа елге – ата жолын қуған, баба дәстүрін ұстан­ған жаңа басшыны тарих туғызды. Көп ұлтты жұрты бірауыздан сайлаған Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті  Нұрсұлтан Назарбаев осы 20 жыл ішінде елінің атағын зор биікке шығарып, өркениетке бастап келеді. Отанына тілеулес дос іздеп, елін әлемге таныту үшін  төрткүл дүниені төрт айналып шықты десе де болады. Халқының шынайы құрметіне бөленген Елбасы осы жылдары халқымен бірге Қазақстанның шаңырағын көтеріп, керегесін керіп, өз қолымен уығын қада­ды. Міне, сондықтан, біздің жас мемлекетіміз үшін осы жиырма жылдың салмағы кімге ауыр болды десек, біз  ұлт қамын ойлаған, әлемдік ерекше тұлға Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев­тың  есімін ауызға алар едік. Туған халқының сенімі мен жауапкершілік жүгін арқалаған Елбасы мен Қазақстан егіз ұғым болып қалыптасты. Елбасының болашақты  болжап, келешекті көре білген саясатының арқасын­да Тәуелсіздікпен қатар қоғамның құ­рылымдық сипаты ғана емес, тұтастай жаңаша ойлау жүйесі қалыптасты. Осы­лайша, ғасырға пара-пар қысқа мер­зімде жас Қазақ елінің гүлденіп, жа­сампаздық жолына түскені  уақыт ақиқаты. Тәуелсіздік жылдары еліміздің ше­ка­расы бекемделді. Қазақстан Қарулы Күштерінің қорғаныс қабілеті  нығай­ды, еркіндік пен демократиялық жолмен ішкі және сыртқы саясатымыз дами түсті. Осы жылдары әлемнің 138 елі­мен дипломатиялық қарым-қатынас орнаттық. Біріккен Ұлттар Ұйымы, ЮНЕСКО және Еуропадағы қауіпсіздік және ын­тымақтастық ұйымы  сияқты ірі халық­ара­лық ұйымдарға мүше болып, Бала биден Дана биге айналып, төрелік ай­тып, төріне шықтық. Мемлекетіміз Ба­тыс­қа да, Шығысқа да бірдей танылып, бірдей құрметке ие болуда. Өткен жиырма жылда Ұлы Дала­ның терең философиясынан бастау алар Ата Заңымыз – Қазақстан Республикасы­ның Конституциясы қабылданды. Мемлекеттік Туымыз бен Елтаңбамыз биіктей түсті. Халқымен арасы ажырамаған «Менің Қазақстаным!» әні ел Гимніне айналды. Қос палаталы кәсіби Парламент елімізде заңдар қабылдау жүйесін қалыптастырды. Ұлттық теңгеміз қолданысқа енді.Тәуелсіздік таңы ұлтымыздың аса бай рухани құндылықтарын  ортамызға әкел­ді. «Алтын адам» бейнесінен бастап, тарих керуені жүріп өткен жол бой­ындағы ұлттық құндылықтарымыз қайта оралды. Өткенімізді тану мақ­са­тында өмірге келген «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы өз жемісін берді. Атақты спортшыларымыз жас Қазақ елінің абыройын олимпиадалар мен халықаралық жарыстарда биік­ке көтеріп, алтыннан шашу шашқызды. Осы жылдары сонау қиын-қыстау кезеңде елі мен жерінен еріксіз бө­лі­ніп, сырт айналып кеткен ағайындар өмір бойы аңсаған Атажұртына қайта оралу бақытына ие болды.  Сондай-ақ, тәуелсіздік жылдары елімізді әлемге ашық танытқан тұстардың бірі – көп­ұлтты және көпконфессиялы отандас­та­рымыздың өзара достығы болды. Бүгінде ұлттық идеяға айналған өзара келісім мен бірлік, татулық пен достық – елімізді мекендейтін түрлі этнос өкілдерінің жүрегінің түбінен орын алды. Түрі бөлек болса да тілегі бір жұрттың бар ойы: достыққа – адал, қона­ғына – меймандос, жомарт пейіл қа­зақ халқы­на деген шынайы көңі­лімен өлшенді. Ал қазақ халқы осындай игі істердің ұйытқысы бола білді. Сонымен қатар, осы жылдары елімізде демократия негізінде көп­ партиялы жүйе орнығып, үкіметтік емес ұйымдардың белсенділігі артты. Халықтың кешегі жұмыссыздық жаппай белең алып, жарық пен газ­сыз, зейнетақы мен жалақысыз қиналған ауыр күндері артта қалды. Сол уақыттың өзінде ел Тәуелсіздігі – тұралаған өндіріс пен ауылды, мәдениет пен білімді ұлттық сипатта қайта жаңғыртуға бағыттады. Жаңа  реформаларға батыл қадам жасауға, ең бастысы, адам психологиясын жаңаша  өмір сүруге жұмылдырды. Сон­дай сәттерде ұлтымыздың бой­ында біткен  қанағатшыл қасиетінің өнегесі мен сабырлы қалпы жас Қа­зақстан мемлекетін үлкен жетістіктерге жеткізді. Осылайша, аға ұрпақ өкілдері бас болып Тәуелсіздік туын алға апарса, кейінгі ұрпақ дана ұлттың көшін одан әрі көркейтуге күш салды. Өйт­кені, Тәуелсіздік – ел биіктігінің бейнесі, байлығымыздың белгісі, алып­тығымыздың айнасы, тату­лы­ғы­мыз­дың тірегі. Ал бүгінгі жас ұрпаққа Тәуелсіздік мерекесі аясында та­рихымыз бен шежіремізді  таратып айтар мезгіл келді. Қандай заман болсын, белі майыс­са да  беті  ашық, қиындыққа жолықса да  жігері жарқын қазақ халқы ертеңі мен кемел келешегіне деген сенімін жоғалтқан жоқ. Біз – ары мен намысы үшін жанын садаға еткен текті халықтың ұрпағымыз. Біз – ата дәстүр жол болған, үлкеннің сөзі жөн болған, алтынды  ұнтақ, асылды  жұрнақ етпеген халықтың ұрпағымыз. Біз осылайша, өркениет әлемінде егемендігін паш еткен еркін елге айналдық. Тәуелсіз ғұмыр, еркіндікпен өт­кен 20 жыл – бұл бүгінгі Қазақ­стан­ның жаңа келбетін асқақтатып отыр. Осы жиырма жылда  ел де, мемлекет те, ұлт та жаңғырып, қайта құл­пыр­ды. Мемлекет өміріндегі аса ма­ңыз­ды оқиғалардың бірі – Ұлы Даланың тарихы қоршаған ғажайып Астана бой көтерді. Ай санап ажарланған, жыл өткен сайын құлпырған Астана  Отанымыздың жүрегі, тәуелсізді­гі­міз­дің тірегі болды. Аңыздан ақи­қатқа бет алған елорда білім мен ғы­лымның, өнер мен мәдениеттің, бизнес пен саясаттың  қарқынды да­мыған айшықты қаласына айналды. Қазақстан  халқы мақтан ететін жасампаздық істер барлық өңірде бар. Олар еліміздің қуатты ел екенін көрсетеді. Біздің облысымыз да басқа өңірлер сияқты ел экономикасының дамуына жылдан-жылға үлкен үлес қосып келеді. Тәуелсіздіктің бірнеше рухани көпірі бар. Тіл – бір көпір болса, Сенім – сара көпір, Тарих – алтын көпір, ал Болашақ – барды көтерер нар көпір. Сондықтан да, осы 20 жылда терең тамырымызға оралып, тарихымызды бүтіндеуге ұмтылдық. Болашаққа деген сенімді жүрегімізге серік еттік. Бүгінгі ұрпақ бабаларымыздың аманаты – Тәуелсіздік киесін құрметтеп, мерейімізді арттырып, мәртебемізді өсірген еркіндіктің қадірін бағалай білуге, сол арқылы ұлт пен тарих алдындағы жауапкершілігін жете сезінуге тиіс. Ұлы Мұхтар Әуезов кезінде «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деп терең ой тастаса, халқымызда «Отан – отбасынан басталады» деген ақылды сөз бар. Егер тәуелсіз мемлекеттің іргесін берік бекемдеуді әрбір отбасы, әр азамат өзінің Отан алдындағы борышы деп санап, Елбасының еліміз үшін атқарып отырған ұлан-ғайыр тірліктеріне тілектес бола білсе, егемен еліміздің ертеңі жарқын болары сөзсіз.

Жас мемлекеттің алдында Тәуел­сіздік сыйлаған даңғыл да дара жол жатыр. Ол жолдан өту үшін көп асулардан асу міндеттері тұр. Бабала­ры­мыз тірі болу үшін  бір болса, біз ірі болу үшін  бір болуымыз керек екендігін ешқашан естен шығар­май­ық. Тірлікті бірліктен іздеген ұлы баба­ла­ры­мыздан қалған «Ынтымақ қайда барасың, береке-бірлікке бара­мын» де­ген аманат сөз қашанда алдағы өмі­ріміздің басты қағидасы болсын.

Қанат БОЗЫМБАЕВ, Жамбыл облысының әкімі.