Білім • 18 Қазан, 2018

Білім саласының басшылары бас қосты

562 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Астанада Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше елдердің білім саласы басшыларының VII кеңесі өтті. Кеңес жұмысы Қазақстан Үкіметі, Білім және ғылым министрлігі, Сыртқы істер министрлігі, сондай-ақ Шанхай ынтымақтастық ұйымы университеті ректоратының ықпал етуімен ұйым­дастырылды.

Білім саласының басшылары бас қосты

Маңызды мәслихатқа Үн­ді­станның Адами ресурс­тар­ды да­мыту жөніндегі бас ми­нистрі­ С.Сингх, Қазақ­стан­ның Бі­лім және ғылым министрі Е.Са­ғадиев, Қытай Халық Рес­пуб­ликасы Білім министрінің орынбасары Л.Хуэйцин, Қырғыз Республикасы Білім және ғылым министрі К.Кожобеков, Пәкістан Ислам Республикасы Жоғары бі­лім жөніндегі комиссияның ат­қа­рушы директоры А.Али, Ре­­сей Федерациясы Ғылым және жо­ғары білім министрінің орынбасары М.Боровская, Қазақстандағы Тәжікстанның Төтенше және өкі­летті елшісі Н.Ализода және Өз­бекстанның Жоғары және орта арнайы білім беру министрінің орынбасары У.Бегімқұлов қатысты.

Басқосу барысында еліміздің Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев аталған алқалы жиынның білім саласы үшін маңызды екенін атап өтті.

«Шанхай ынтымақтастығы ұйымына мүше елдердің білім министрлерінің VII кеңесі жас­тардың жан-жақты, білімді және өз ісінің білікті маманы бо­луы үшін түрлі жағдай жасау жолдарын талқылайды. Бұл мәселе бұған дейін де көтеріліп, маңызды мәслихаттарда қоз­ғалған болатын. Бүгінгі ша­раға жиналған ШЫҰ-ға мүше елдердің білім басшылары білім саласында тәжірибе бөлісу, студенттермен алмасу сияқты өзекті тақырыптар төңірегінде ойларын ортаға салады. Біздің еліміздің жастары да әлемнің түкпір-түкпірінде сан алуан мамандық бойынша білімдерін жетілдіру үстінде. Сонымен қатар шетелден келіп біздің білім ордаларымыздан тәлім алып жатқан өзге ұлттың өкіл­дері де бар. Бүгінгі таңда олар­дың саны 18 мыңға жуық. Көбі ШЫҰ-ға мүше елдердің жас­тары. Мысалы, Үндістан мем­лекетінің Білім министрімен ме­дициналық мамандық иелерін, яғни дәрігерлерді және IT ма­ман­дарын көбірек дайындау туралы келісім жасастық. Қа­зақстанның да, шетелдердің де маман дайындауда өзіндік озық тәжірибелері бар. Көптеген мемлекеттер қазақстандық студенттерге гранттар бөлуде. Олардың ішінде Жапония, Қытай, Ресей сияқты елдер жыл сайын грант санын арттыруда. Барамыз деген балалардың бағын байла­май, олардың оқу-білім жинап қайтуын қолдаймыз. Біз­дің қазіргі кездегі маңызды мін­де­тіміз елімізге 40 мың студент тарту. Биыл шетелден 14-18 мың студент келді. Бұл – ша­мамен 20 пайыз. Жыл са­йын грант санын арттырсақ, алдағы 5-6 жылда Қазақстанның озық білім беретін хабқа айналу мүмкіндігі бар. Бұл үшін бірнеше шара қабылданды», деді Ерлан Кенжеғалиұлы.

Кеңестің қатысушылары ШЫҰ-ға мүше елдердің ұлттық білім беру жүйелерін дамыту және жаңғырту туралы мәселелерін, сондай-ақ 2019-2020 жылдарға арналған ынтымақтастықтың басым бағыттарын талқылады. Сондай-ақ делегация басшылары білім қызметкерлерін ынталандыруға, олардың мінсіз жұмысқа қызығушылықтарын арттыруға, кәсіби деңгейін жоғарылатуға, өзінің қызметтік міндеттерін дер кезінде, сапалы әрі ерікті орындауға бағытталған ШЫҰ білім беру жүйесінің «Құрметті жұмысшысы» туралы құжаттарды әзірлеудің ма­ңыздылығын атап өтті. Айта ке­тетін тағы бір жайт, кеңеске кел­гендер ШЫҰ-ға мүше ел­дер­­дің білім министрлерінің VIII кеңе­­сін Ресейде өткізуге уағдаласты.

Рауан ҚАЙДАР,

«Егемен Қазақстан»