Аймақтар • 19 Қазан, 2018

Жақсылыққа талпынған жасқа мүмкіндік көп

380 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Атырауда жыл басынан бері бос жұмыс орындарының 7 жәрмеңкесі өтті. 70-тен астам мекеме мыңға жуық бос жұмыс орнын ұсынды. Нәтижесінде, 130 жас қана мамандықтары бойынша еңбекке араласты. Бұл жастар жұмысқа мұқтаж емес дегенді білдірмейді. Облыс бойынша жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі – 2,2 %. Алайда жәрмеңкеге барған жастардың дені жалақысы көп қызметке қызығушылық танытады. Тіпті оқу орнын енді бітірген, ешқандай тәжірибесі жоқ жас та айына 40-50 мың теңге төлейтін жұмысты місе тұтпайды.

Жақсылыққа талпынған жасқа мүмкіндік көп

Облыс әкімі жанындағы жастар істері жөніндегі кеңес отырысында аймақ басшысы Нұрлан Ноғаев осы мәсе­леге назар аударды. «Алдына мақсат қойған әрбір жас ұсынылған қыз­меттен бас тартпай, еңбекке құл­шына кірісуі керек. Қызмет ете жүріп, білімі мен біліктілігін арттыруы да маңызды», деді облыс әкімі. Жап-жақсы басталған «Дипломмен – ауыл­ға!» бағдарламасын да жетілдіру керек секілді. Облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарманың басшысы Роллан Құспанның айтуын­ша, осы бағдарламамен ауылға бар­ған жастардың 70%-ы қалаға қай­тып келген. Себеп – әлеуметтік қолдау ша­ралары көңіл көншітпейді. Бір жол­­ғы көтерме ақының мөлшері тө­мен. Тұрғын үй алуға берілетін бюд­жеттік несие де ауылдан жаңа үй алуға жетпейді. Өткен жылы тұрғын үй несиесін алуға өтініш білдірген 125 жас маманның 48-і ғана баспаналы болған.

Аймақта мемлекеттен жеңілдетіл­ген несие алып, іс бастауға ниетті жас­тар көп, алайда оған қол жеткізу де оңай емес. Бибігүл Шайхиева жетекшілік ететін «Алақай» балалар театры мен Әміржан Нұрланның «Жас­тар театры» жақсы жобаларды қолға алып жүр. Жастардың таланттарын шыңдап, бос уақыттарын тиімді өткізулеріне бағытталған бұл театрлардың нақты жұмыс істейтін ғимараттары жоқ. «Екі миллион теңге несие сұрап барғанымда, кепіл талап етті. Менің кепілге қоятын мүл­кім болмай тұр. Жастар арасында биз­несті дамыту туралы мінберлерде әде­мі сөздер айтылады, бірақ іс жү­зінде қиындық бары рас», дейді Бибігүл Шай­хиева.

Жастарды тұрғын үймен қамту мақ­сатында қолға алынған «Жас отау» бағдарламасы да тұралап қал­ды. «Құрылысы жергілікті бюджет есебінен салынатын «Жас отау» бағ­дар­ламасы бойынша тұрғындар пәтер­дің алғашқы жарнасын төлеуі тиіс. Ал бүгінде баспанаға қолы же­тіп, қоныстанып алғандардың 40%-ы бұл төлемдерді өтемей отыр. Ұйымдастырылған конкурстан өтіп, тұрғын үй алған азамат шартта көрсетілген өтемдерді төлеп, бұл қаржыға бағдарлама арқылы келесі үй салынуы қажет болатын. Өкінішке қарай «жасотаулықтардың» осы әрекеті бағдарламаны жалғастыруға кедергі болуда», деді облыс әкімі Нұрлан Ноғаев.

Адамның қалыптасуына қоғамның, ор­таның ықпалы болғанымен, басты тәрбие көзі – отбасы. Жыл басынан бері 14-16 жас аралығындағы 600 жасөспірім қыздың жүкті екендері анықталды. Бұл арнайы орындарда есепке тұрғандары ғана. Мұндай мысалдар отбасы институтын әлі де жетілдіріп, оқу орындарындағы тәрбие жұмыстарын күшейту керек-т­ігін көрсетеді. 

Елбасы биылғы Жолдауында 2019 жылды «Жастар жылы» деп жа­рия­лады. Жастар саясатын дамыту бойынша жаңа идеялар мен жоспарлар бар. Облыстың «Жол картасы» әзірленуде, онда жастармен жұмыс істеудің стратегиялық бағыттары ай­қын­далған. Жиында өңір басшысы жас­тар ресурстық орталықтарын одан әрі қолдау жөніндегі ұсыныстарды ма­құлдап, әкімдерге орталықтарды бар­лық деңгейдегі қажеттіліктермен қам­тамасыз етуді тапсырды. Облыс орталығында, барлық ауданда ресурс­тық орталық бар. Жастарға нақты көмек көрсететін орынға айналып үл­герген орталықтарға жыл басынан бері түрлі мәселе бойынша 1,8 мың­нан астам адам өтініш білдірген.

Жақсылыққа талпынған жас үшін қа­зір мүмкіндік көп. Жергілікті ат­қа­рушы билік те жастардың бастамаларына үнемі қолдау көрсетіп келеді. Атырау қаласында Жастар сара­йы­ның, шығармашылық орталықтың құры­лысы жүріп жатыр. Олар пайда­лануға берілген кезде жобаларын жүзе­ге асыруға ғимарат іздеп, бас қоса­тын орын табу проблема болып жүр­ген жастарға көп жеңілдік болары анық. 

Бақытгүл БАБАШ,

«Егемен Қазақстан»

Атырау