Қазақстан • 19 Қазан, 2018

Қатемен жұмыс бір-ақ рет жүргізіледі - Александр Терентьев

243 рет
көрсетілді
29 мин
оқу үшін

ҚР Ұлттық Банкінің ипотекалық қарыз алушылардың проблемаларын шешу саласындағы қызметі және қаржы секторындағы тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың басқа аспектілері туралы Қазақстан Ұлттық Банкінің Қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау және сыртқы коммуникациялар басқармасының бастығы Александр ТЕРЕНТЬЕВ «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатында айтып берді.

Қатемен жұмыс бір-ақ рет жүргізіледі - Александр Терентьев

– Александр Леонидович, Ұлттық Банк жұмысының бір бағыты ретінде қарыздарға қызмет көрсетуде түрлі себеппен қиындыққа тап болған ипо­текалық қарыз алушы аза­маттардың өз баспанасын сақ­тап қалудың аса маңызды, әлеу­­меттік мәселесін шешуді ай­туға болады. Мемлекет бас­шы­­сы­ның тапсырмаларын орындай отырып, Ұлттық Банк­тің осы бағытта бірқатар бағдар­ламаны іске асырып жатқаны және бү­гінде осы мәселені түпкі­лікті жа­буға жақын екендігі белгілі. Солай ма?

– Ипотекалық қарыз алушы­лардың проблемаларын шешу мәселесі туралы әңгіме қозғамас бұрын оның неден туындағанын еске алу қажет. Еліміздегі 2000 жылдардың басындағы жылжымайтын мүлік нарығындағы серпіліс көпшіліктің есінде. Пәтер бағасы еселеп өсті, көптеген адам баспана алғысы келді, себебі сол кезде кешіккен адам меншікті бас­пана алу арманынан мәңгілік айы­рылу тәуекеліне ұшырайтындай болып көрінді. Осының бәрі кәдім­гі ипотекалық серпілісті туғызды, күрт қымбаттаған жылжымайтын мүлік кредиттер бойынша барлық шығыстарды толығымен өтеді. Банктер бұл мақсаттарға қуана-қуана кредиттер берді, себебі жылжымайтын мүлік түріндегі кепілдердің бағасы айтарлықтай өсті. Ол кезде кредиттердің едәуір үлесі шетел валютасымен бе­рілді. Белгіленген айырбастау бағамы кезеңінде, сондай-ақ өсіп келе жатқан нарықтан масайрау­ды ескере отырып, кредиттік және валюталық тәуекелдер туралы ешкім ойланған да жоқ. Айығу 2008 жылы әлемдік қар­жы дағдарысының бірінші ке­зе­ңі­нен кейін орын алды, ол кезде банктерді шетелден қор­ландыру қысқарып, баспана ба­ғасы құл­дырады. Сыртқы конъюнк­тураның өзгеруі, соның салдарынан теңге бағамының біртіндеп төмендеуі ипотекалық қарыз алушылардың едәуір бөлігі және бірінші кезекте валюталық қарыз алушылардың банктер алдындағы өз борыштарына қызмет көрсету мүмкіндігінен айырылуына әкелді. Көптеген отба­сының алдында болашақта бас­панасынан айырылу қаупі туын­дады.

2014 жылдың соңына қарай жағдай ушықты. Банктердің проблемалық ипотекалық қарыз алушыларды жаппай баспанасынан шығаруына байланысты Ұлттық Банк бұл жағдайға ара­ласуға мәжбүр болды. Біз екін­­ші деңгейдегі банктермен жә­не қоғамдық бірлестіктермен азамат­­тарды жылыту маусымы кезеңінде жалғыз баспанасынан шығаруға тыйым салатын меморандум жасастық. Бұл алғашқы, негізгі құжат болды, ол қаржылық қыз­меттерді тұтынушыларды қол­дауға бағытталған бірқатар бағ­дарламаны әзірлеу жөнінде бар­лық іс-қимылға негіз болды. Бұдан басқа, бұл меморандум заң­намаға адамдарды жылыту маусымы кезеңінде баспанасынан шығаруға тікелей тыйым салатын өзгерістерді енгізуге алғышарт болды.

Сол кезде қалыптасқан жағдай­ға тартылған тараптар арасындағы ымыраға келер жолдың қандай қиын болатыны түсінікті еді. Бас­ты қиындық сол кезде олардың арасында қандай да бір келісудің жоқтығында болатын. Халықтың банктерге наразылығы болды, банктер өздерінің клиенттеріне қарсы наразылық білдірді, оларды тыңдаған да, естіген де жоқ, уағдаласу мүмкіндігі мүлдем болмады десек те болады. Алматы қала­сының әкімдігіне рахмет, олар­дың алаңында және «Нұр Отан» партиясының алаңында біз тараптардың алғашқы кездесу­лерін өткізуге тырыстық. Біз үс­тел басына жиналып, әңгіме бас­тау үшін көп күш пен уақыт жұмсадық.

– Осы басталған әңгіме­лесу кезінде жылжымайтын мү­лік нарығындағы «көпір­шікті үру­дің» шиеленіскен кезін­де алынған ипотекалық қарыз­дарды қайта қаржылан­дырудың алғашқы бағдарла­масы дүниеге келген жоқ па?

– Дәл солай. 2015 жылғы сәуір­де Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін Ұлттық Банк басқармасы Ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыру бағдарламасын бекітті. Оның мақсаты 2004 – 2009 жылдар ара­лы­ғындағы кезеңде ипотекалық қарыз алушыларға жәрдемдесу және олардың жалғыз баспанасын сақтау болды. Талдауға сәйкес, ипотека бойынша мерзімі өткен берешектің ең көп үлесі (80%-дан астам) дәл сіз айтқан «көпіршік» үрілген кезде берілген қарыздарға тиесілі болды. Ұлттық Банк бағдарламаны іске асыруға 130 млрд теңге бөлді.

Бұл проблеманы шешуге неге атсалыстық деген мәселені жеке түсіндірген жөн сияқты. Біздің ойымызша, оның туындауына жауапкершілік бірнеше жағдайға байланысты. Біріншіден, біз кре­диттерді қарыз алушылардың болашақ төлем жасау қабілеттілігін нақты бағаламай берген қаржы институттарының жауапкершілігі туралы айтып отырмыз. Іс жүзінде кредиттерді берген кезде назарға алынған жалғыз фактор кепіл мүлкінің құнын бағалау болды. Екіншіден, көптеген қарыз алушылар өз мүмкіндіктерін асыра бағалады – бағасы өсіп жатқан пәтерді ғана көріп, кредиттер алды, алайда қарызды өтеу қажеттілігіне байланысты жауапкершілік туралы ойланған жоқ. Қаржылық қызметтердің қолжетімділігі әрине игі нәрсе, алайда біз айтып отырған уақытта ипотекалық қарыздардың қолжетімділігі шектен тыс еді. Кредиттер автобус аялдамаларына дейін берілді десек те болады, қолжетімділік пен кредиттік процеске қатысушылардың жауап­кершілігі арасындағы теңгерім бұ­зылды. Мемлекеттің қорғау сала­­­сындағы саясаты жеткілікті түрде тиімді болмағаны сөзсіз, бұл кре­диттердің шектен тыс қажеттілігі бәріне аян жағдайға әкелді. Барлық факторды ескере отырып, біз осы жұмысты бастадық.

Нәтижесінде, ұжым болып күш жұмсаудың арқасында алғашқы бағдарлама әзірленді, онда қарыз алушылардың берешегін сыйақы, тұрақсыздық сомасы, комиссиялар бойынша есептен шығару, сондай-ақ негізгі борыш қалдығын 3%-дан аспайтын мөлшерлеме бойынша қайта қаржыландыру көзделді. Аталған кезеңде жасалған қарыз шарттары бойынша сыйақының орташа мөлшерлемесі 15%-ға жуық екендігін ескере отырып, бұл бағдарламаға қатысушылар үшін айтарлықтай демеу болды. Мерзімін өткізу басталған көп­теген жылдар ішінде түрлі айып­пұлдар мен тұрақсыздық со­малары есебінен кейбір қа­рыз алушылардың борыштық жүк­темесі кейде 600%-ға өсті. Іс жү­зінде қарыз алушыларды өсім­пұл мен сыйақы төлеуден босатып жә­не негізгі борыштың сомасын өтеу­ге мүмкіндік бере отырып, олар­ды бастапқы жағдайға қайтару ту­ралы шешім қабылданды.

Бұл бағдарламаның маңызды ерекшелігі мұндай құжаттың ал­ғаш рет барлық тараптың қаты­суымен әзірленуі деуге болады. Жұмыс тобына қоғамдық бір­лестіктердің өкілдері, қарыз алушылар, саяси партиялардың, мемлекеттік органдардың өкілдері кірді. Мемлекет басшысының бастамасы бойынша әзірленген бағдарлама шын мәнінде халық­тық бағдарлама болды. Сол үшін де Елбасыға алғысымыз шек­сіз. Бағдарлама екі тараптың уағ­даласуы режімінде жасалды, себебі адамдар бұл ымыраға қандай да бір саяси дивидендтер алу үшін емес, олар түпкілікті мақсатты – өздері тұрып жатқан үйді сақтау мүмкіндігі үшін ұмтылды.

– Бағдарламаның іске асырылуына қарай пысықталып, жетілдірілгені белгілі. Қандай өз­герістер енгізілді?

– Әрине бұл бағдарламаның алғашқы екендігін ескере отырып, әлемдік тәжірибені зерде­ледік, алайда шетелде мұндай бағдарламаларды әзірлеу практи­касының болмағанын анықтадық. Сондықтан бұл бағдарламаны Қазақстанда қалыптасқан жағ­дайды дербес бағалау негізінде әзірледік. Мақсатымыз – барынша көп адамға өз баспанасын сақ­­тап қалуға көмектесу болды. Сондықтан бағдарламаның қол­даныста болуға тиіс екендігін, қан­дай да болмасын жағдайлардың анықталуын ескере отырып тұрақ­ты дамып, жетілдірілуге тиіс екен­дігін түсіндік.

Мысалы, өсімпұл мен сыйақы бойынша берешекті кешірген кезде біз салықтар проблемасына тап болдық. Заңнамаға сәйкес, егер банк қарыз алушыға өсімпұл немесе сыйақының қандай да бір сомасын кешірсе, банк те, қарыз алушы да бұл сомадан кірістен төлеген сияқты салық төлеуге тиіс еді. Ал бұл «өлі ақша» ғой», қандай са­лық туралы айтуға болады? Сон­­дықтан қарыз алушылар мен банктерді осы салықтарды төлеу қажеттілігінен босата отырып, Ұлттық экономика және Қаржы минис­трліктерімен бірлесіп бұл мәселені пысықтадық.

Бағдарламаны іске асыру барысында тағы бір проблемаға тап болдық. Іс жүзінде қарыз алушы­лардың қолындағы төлем жасал­маған жылдар ішінде олардың пәтерлерін сату туралы сот ше­шім­дері болды және банктердің кепіл мүлкін сатуға толық заңды құқығы болды. Алайда басталған уағдаласу нәтижесінде, қаржы инс­титуттары заңнамада көзделген жылжымайтын мүлікті сату құқы­ғын тоқтатып, баспананың азаматтарда қалуы үшін шаралар қабылдай бастады. Бағдарлама жұмыс істей бастаған кезде қарыз алушылар банктерге олар бұрын төлеген мемлекеттік баж салығын өтеуге тиіс еді, алайда оның сомасы қомақты еді. Сондықтан сол кездің өзінде бағдарламаға енген, бірақ мемлекеттік баж салығын төлей алмаған халықтың әлеуметтік осал тобының (ХӘОТ) санатына жатқан адамдардың жеке санатын бөліп алдық. Ұлттық Банк өзінің әлеуметтік жауапкершілігін түсіне отырып, азаматтардың осы санатына қолдау көрсету және олар үшін валюталық қарыздар бойынша мемлекеттік баж салығын және бағамдық айырманы төлеу туралы шешім қабылдады. Біздің есептеуімізше, осы сомаларды өтеуге ғана Ұлттық Банктің бюджетінен шығындар 15 млрд теңгеден астам болды, оның ішінде мемлекеттік баж салығын өтеуге – 400 млн тең­геге жуық, бағамдық айырмаға – 14,6 млрд теңгеден астам. Қарыз алушылардың барлық өңір­ден болуын ескере отырып, Қа­зақстанның бүкіл өңірінде, Астана және Алматы қалаларында банктердің қарыздарды қайта қаржыландырудан бас тартуына қатысты қарыз алушылардың шағымдарын қарау бойынша комиссиялар құрылды. Олардың құрамына Ұлттық Банктің, құқық қорғау органдарының өкілдері, ипотекалық қарыз алушылардың мүдделерін білдіретін қоғамдық ұйымдардың өкілдері кірді. Жалпы алғанда, бағдарламаға 40-қа жуық түзету енгізілді.

Шынын айтсам, барлық банктер бағдарламаны қуана қабылдады деп айта алмаймын және қарыз алушылар, бірінші кезекте, мемлекет әзірлеген бағдарламаға се­нім­сіз қарады. Адамдарды бас­панасынан шығарудың жекелеген әрекеттері жалғасты, бұл бағдарлама шеңберінде біз жүзеге асыруға тырысқан уағдаласуға те­ріс әсер етті. Нәтижесінде, 2016 жыл­ғы 28 шілдеде Ұлттық Банк Ал­маты қаласының әкімдігімен және бірқатар банктермен бірле­сіп проблемалық қарыз алушы­ларды жалғыз баспанасынан шы­ғаруды 1 жыл мерзімге тоқ­тата тұ­руға бағытталған Өзара тү­сіністік және ынтымақтастық ту­ралы меморандумға қол қойды. Жо­­ғарыда көрсетілген шаралар қа­рыз алушыларды бағдарламаға ба­­­рынша тартуға және іс жүзінде банк­т­ердің проблемалық қарыз алу­­шыларды баспанасынан шы­ғару­ды тоқтата тұруға мүмкіндік берді.

– Қанша қарыз алушы бағ­дар­ламаны пайдаланды? 

– 2018 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша банктер қайта қаржыландыруға 155,2 млрд теңге сомаға 25018 өтінімді мақұлдады, 132,6 млрд теңге сомаға 22 938 қарыз қайта қаржыландырылды. Сонымен бірге қаражатты игеру­дің револьверлік тетігін ескере отырып 2026 жылға дейін бағдар­ламамен шамамен 40 000 қарызды қамту жоспарланып отыр.

– Өткен жылдардағы қарыз алушылардың проблемаларын шеше отырып, Ұлттық Банк болашақта осындай пробле­ма­лар­дың туындау ықтимал­ды­лығын төмендету үшін шаралар қабылдай ма?

– Әрине. Сол уақытта істелген ауқымды жұмыс барлық тартылған тараптар арасында уағдаласудың баға жетпес тәжірибесін әкелді. Бұдан басқа, жүргізілген талдау бізге проблеманың бүкіл терең­дігін көруге мүмкіндік берді. Осы талдаудың негізінде заңнамаға тұтынушылардың құқықтарын қорғауға бағытталған маңызды тү­зетулер енгізілді. Сонымен қатар ауқымды талдамалық жұмыс бізге әлеуетті «тар орындарды» анық­тауға және болашақта туын­дауы мүмкін тәуекелдерді бол­дырмауға мүмкіндік берді. Мысалы, біз қазіргі валюталық қарыз алушыларға көмектесе отырып, бұл проблеманы ешқашан шешпейтінімізді түсіндік. Шетел валютасымен қарыздар беруге шектеу енгізбестен, бұл жұмыс ешқашан аяқталмайды, себебі еркін өзгермелі айырбастау бағамы жағдайларындағы валюталық тәуекелдерді алып тастауға болмайды. Осыған орай, 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда шетел валютасында кірістері жоқ жеке тұлғаға шетел валютасында ипотекалық қарыздар беруге заңнамалық тыйым салу енгізілді. Осылайша, 2016 жылдың басынан бастап біз қазақстандықтардың валюталық тәуекеліне байланыс­ты проблемалардың өсу ықти­малдылығын болдырмадық, себебі теңгемен табыс табатын адамдарға валютамен ипотека алу мүмкін болмай қалды.

Заңнамаға енгізілген аса ма­­ңызды норма банктер мен проб­­лемалық қарыз алушылар ара­сындағы істер бойынша талап қою мерзімі өтуінің бес жылдық мерзімін енгізу болды. Бұрын мұндай істер бойынша ешқандай мерзім болған жоқ. Сондықтан да осы норма қаржы институттарына онша ұнамайды, ол бізге тұтынушылардың құқықтарын қорғауға жауапты реттеушінің бөлімшесі ретінде ұнайды. Бұрын банктердің әрбір қарыз алушының нақты өмірлік жағдайын жете түсінуі үшін жан-жақты шараларды жиі қабылдамайтын проблема болды. Адамдар банктерге төлемдер кестесін қайта қарау, қарыз валютасын ауыстыру және басқа да мәселелер бойынша өті­ніш жасайтын, алайда бұл нәти­же бермеді. Талап қою мерзімі бойынша шектеулер болған жоқ, сондықтан банктер өсіп келе жатқан, төленбеген ақыны сырттай тамашалап, 10 жылдан асқан кезде қарыз алушыларға талап қоятын. Әрине ол кезде міндеттемелерді өтеуге қойылатын сома адамдар үшін тым жоғары болды. Сон­дықтан төлеуге ұмтылған және бас­тапқыда кредиттерге шынайы қызмет көрсеткен адамдар үмітсіз борышкерлердің санатында болуы мүмкін еді.

Шарттың талаптарын өзгерту қарыз алушының жағдайын жақ­сартатын жағдайларды қоспа­ғанда, банктік қарыз шарттарының талаптарын бір жақты тәртіппен өзгертуге тыйым салу да маңызды жағдай болды. Сонымен қатар қарыз алушының шотынан келіп түсетін сомадан 50%-дан аспайтын мөлшерде ақшаны өндіріп алуға енгізілген шектеу туралы айтпай кетуге болмайды. Осыған дейін банктер борышкерлердің шотынан оған келіп түсетін барлық қаражатты алып, олардың отбасыларын қаражатсыз қалдыратын.

2016 жылғы 1 қаңтардан бас­тап қарыз алушының қарызды өтеу мерзімі қатарынан 180 күн өткеннен кейін есептел­ген ипо­текалық тұрғын үй қа­ры­зы бойын­ша сыйақы мен тұрақсыздық сомасын төлеуді банктердің талап етуіне тыйым салу түрінде ТМД аумағындағы бұрын-соңды болмаған норма енгізілді. Осы норманы қабылдау кезінде статистика ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша мерзімі өткен берешектің 70%-дан астамы 180 күннен асатын мерзімге тиесілі екенін көрсетті. Демек, проблемалық берешек ұзақ уақыт бойы қалыптасқан, бұл қарыз алушының қарыз бойынша өз міндеттемелерін орындауға анық қабілетсіз екеніне қарамастан, банк проблемалық берешекті реттеу шараларын қабылдауға асықпағанынан болды. Оның се­бебі – талап ету және қарыз алу­шыға қатысты шаралар қа­былдау мерзімінің шексіз болуы. 

Бұл жылдар бойы төлеу мерзімін өткізіп алған көптеген қарыз алу­шыларда сыйақы бойынша бе­решектің жекелеген жағ­дай­ларда қарыз бойынша негізгі борыш мөлшеріне дейін жетуіне әкеп соқты, бұл банк алдындағы борыштың әйтеуір бір кезде төле­нетіндігіне күмән туғызды. 

Барлық енгізілген түзетулерді газеттегі бір мақала шеңберінде атап шығу мүмкін емес. Бірақ жоғарыда аталған барлық шаралар банктермен өзара қарым-қатынас орнататын азаматтарды айтарлықтай қорғайды.

 – Заңнамадағы белгілі бір өзге­рістер банктерге ғана емес, аралас нарық өкілдерін, мысалы, коллекторлық ұйымдарға да қатысты болғаны белгілі.

– Ипотекалық нарықтағы ахуалға талдау жасаған кезімізде біз жеке сот орындаушылары мен коллекторлық агенттіктерінің өкілдеріне қатысты шағымдардың көп болғанын байқадық. Ұлттық Банктің бастамасымен 2017 жылы борышкердің бере­шегін сотқа дейін өндіріп алу­дың құқықтық аясын құруға, сондай-ақ борышкерді және оның берешегін коллекторлық агенттіктер тарапынан болатын заңсыз әрекеттерден қорғауға бағытталған «Коллекторлық қыз­мет туралы» заң қабылданды. Соның нәтижесінде біз бұл нарық­ты реттеп алдық, қазіргі кезде кол­лекторлық компаниялар заңды түр­де жұмыс істеуге тырысады жә­не олардың әрекеттеріне қатыс­ты шағымдар да айтарлықтай азайды. 

Әділет министрлігіне бағына­тын жеке сот орындаушыларына келетін болсақ, олардың қызметіне қатысты мәселе пісіп-жетілді және оны талқылау қажет. Әсіресе, егер сауда-саттық өтпесе, қарыз алу­шы­лардың мүлкін 50%-дық жеңіл­дікпен сатуға мүмкіндік беретін нормаға қатысты мәселе. 

– Биыл қаңтарда Мемлекет басшысы халыққа 2016 жылға дейін берілген валюталық ипо­те­калық қарыздар мәселесін түп­кілікті шешу туралы тап­сыр­ма берді. Егер 2016 жылдан бері елімізде валютамен ипо­тека берілмегенін ескерсек, Ұлттық Банктің қаржы нары­ғы тарихының осы бетін толы­ғы­мен жабу мүмкіндігі бар ғой?

– Биыл наурызда бағдарламаға жеке тұлғаларға 2016 жылғы 1 қаңтарға дейін валютамен берілген ипотекалық қарыздарды Ұлттық Банктің 2015 жылғы 18 тамыздағы, яғни бір АҚШ доллары үшін 188,35 теңге болатын бағаммен қайта қаржыландыруды көздейтін түзетулер бекітілді. Бағам айыр­масының 156 млрд теңге шама­сындағы сомасы Ұлттық Банк қа­ра­жатының есебінен өтелетін болады. Өз кезегінде, банктер қарыз алушылардың сыйақы, комиссиялар, тұрақсыздық айыбы бойынша 136 млрд теңгеден асатын сомадағы берешегін кешіреді. Президент Әкімшілігімен бірлесіп ауқымды талдамалық жұмыс жүр­гіздік және Президенттің бұл тапсырмасын орындау шамамен 22 мың қарыз алушыны қамтиды деген тұжырымға келдік. Нәтижесінде бағдарламаны іске асыру қорытындысы бойынша Қазақ­станда жеке тұлғалардың жылжымайтын тұрғын үймен қамта­масыз етілген барлық валю­талық қарыздарының мәселесі толық шешілетін болады. 

– Бағдарлама қалай іске асырылып жатыр?

– Біз қарыз алушылар тарапынан да, қаржы институттарының тарапынан да белсенділіктің төмен екенін байқап отырмыз. Түр­лі коммуникациялық арна­лар арқылы валютамен ипотека алғандардың ағымдағы жылғы желтоқсанға дейін өзінің қарызын теңгеге айналдыру туралы өтінішпен банкке бару қажет екендігін бірнеше рет хабарладық. Алайда, 2018 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша банктер 28,4 млрд теңге сомаға валюталық ипо­текалық қарыздарды қай­та қаржыландыруға 3 460 өті­нім­ді мақұлдады, 15,9 млрд теңге сомаға 2 282 қарыз қай­та қар­жы­ландырылды. Оқырман­дарға бағдарламаның қолданылу мерзімі шектеулі екенін тағы бір ескерткім келеді. Бағдарлама мерзімі 2018 жылғы 30 желтоқсанда аяқталады, бұл ретте банктер өтінімдерді 2018 жылғы 15 желтоқсанға дейін қабылдайды. Өзінің борыштық жүк­темесін жеңілдету үшін осын­дай жақсы мүмкіндікті пайда­лануға белгілі бір себептермен қан­дай да бір әрекет жасамаған адамдар болашақта өздерінен басқа ешкімді кінәлай алмайды. 

– Баспананы банктен жалдап алу арқылы оны сатып алу тетігі жайында айтып беріңізші.

– Қайта қаржыландыру бағ­дарл­амасын іске асыру арқылы біз бағдарламаға кірмей қалған немесе кіргенімен, бұрынғысынша кредиттерін төлей алмай отырған кейбір қарыз алушылардың тәуе­­кел тобында қалғанын көрдік. Бірінші кезекте бұл ХӘОТ сана­тындағы қарыз алушыларға қа­тысты. Оларға қолдау көрсету үшін біз заңнамаға банктердің бас­пананы төлем жасауға қабілетсіз қарыз алушыларға жалға беруіне мүмкіндік беретін түзетулер енгіз­дік. Әңгіме ипотека бойынша кепілге салынып, кейін банктің меншігіне өткен баспана жайында болып отыр. Қазіргі уақытта Ұлттық Банк тұрғын үйді жалға беру тетігін әзірлеуде. Бұл да аза­мат­тарға қолдау көрсетуде бұ­рын-соңды болмаған қадам және өз баспанаңды сақтап қалудағы бірегей мүмкіндік. Мұндай опцияны қанша қарыз алушы пайдалана алатындығы туралы айту қиын. 

Қазіргі кезде әзірленіп жатқан жалға берілетін баспана тетігі, біздің пікірімізше, проблемалық ипотека алушылар бойынша жұ­мыстың қорытынды кезеңі болатынын атап өткім келеді. Банк­тердің осы санаттағы клиенттерінің проблемаларын шешу үшін бұ­рын-соңды болмаған шаралар қа­былдап жатырмыз деп санаймын. Жіберген қатені жөндеуге бір ғана мүмкіндік беріледі. Банктер мен азаматтардың өздерінің жауап­кершілігінің жоғары болуы болашақта осы нарықтағы жа­ңа проблемалардың туындауы жо­лындағы негізгі кедергі болуы керек. Олар мемлекеттің көмекке келе бермейтінін түсінуге тиіс. Со­нымен қатар кредит ала отырып адамдар бірінші кезекте ақша қаражатын қайтару жөніндегі жауап­кершілігін түсінуге тиіс. Бас­қармамызға келіп түсетін өті­ніш­тердің көпшілігі – қарыздар бойынша алған міндеттемелерін орындауға қабілетсіз азаматтардың өтініштері. 

– Ипотека алушылардың бо­рыштық ауыртпалығын же­ңілдететін бағдарламалар ха­лықта банк алдындағы борыштарын төлемеу мүмкіндігіне қа­тысты негізсіз күтулер туындатады деп қорықпайсыз ба?

– Дұрыс айтасыз, қоғамдық бірлестіктермен жұмыс істеген кезде біз олардың бірқатарында масылдық күйдегі азаматтар са­натының пайда бола бастағанын көрдік. Мысалы, олар қандай да бір ерекше талаптар, мысалы, негізгі борышты толық есептен шығару сияқты шарттарды талап ете бас­тады. Біз міндеттемелері бойынша төлейтін қаражатты нақты іздеп жүрген қарыз алушылармен ғана жұмыс істейтіндігімізді атап өткім келеді. Иә, қарыз алушылар өздерінің міндеттемелерін орындауы үшін жағдай жасаудың белгілі бір тетіктерін іздестіріп жатырмыз, бірақ борышты толық есептен шығару туралы талап қарастырылып жатқан жоқ және қарастырылмайды да. Егер қандай да бір қоғам қайраткерлері адамдарға борыштардың толық кешірілетіндігі жайлы ертегі айтып жүрсе, оған сенбеңіздер. 

– Қаржы институттарының онсыз да бай акционерлеріне көмек беру үшін бюджет қара­жатын жұмсап, банктерге көмек көрсеткені үшін Ұлттық Банкті кейде сынға алып жатады...

– Егер сіз банк секторының қаржылық орнықтылығын арттыру бағдарламасы туралы айтып отырсаңыз, онда егер мемлекет Казкоммерцбанкке қолдау көрсетпеген болса, не болар еді. 2,4 трлн теңге көлеміндегі мемле­кеттік қолдаудың арқасында 4 трлн теңгеден асатын сомадағы халық­тың депозиттері, мемлекеттік, квазимемлекеттік және жеке ком­па­ниялардың ақшалай қаражаты сақталды. Ұлттық Банк оған қол­дау көрсетпесе, нәтижесі қиын­дау болар еді. Bank RBK-мен де жағдай соған ұқсас, онда сомасы азырақ, бірақ айтарлықтай қомақты болатын. Осылайша, қаржылай қалыпқа келтіру бағдар­ламасы туралы шешім ең алдымен банктердің акционерлеріне қолдау көрсеткіміз келгендіктен емес, қаншама жеке тұлғалардың ақшасын құтқаруға негізделді. Егер осы қаржы институттарының банкроттық тетігі іске асырыл­маса, қарапайым азаматтар, кәсіпкерлер өз ақшаларын жоғал­туы мүмкін еді. Қаржылай қолдау акционерлері қаржы институттарын капиталдандыруға сөзбен емес, нақты ісімен қатысуға дайын банктерге ғана көрсетіледі. Айта кететін жайт, мемлекеттің ақшасы оларға қайтарымдылық, мерзімділік және төлемділік негізінде беріледі. Сондықтан да бұл жерде қайырымдылық туралы айту мүлдем орынсыз. 

– Қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғай отырып, банктердің же­ке адамдармен жұмыс істеуін ын­таландырмау тәуекелі жоқ па?

– Қазір біз банк секторының, расында да, қатты реттелгенін көріп отырмыз. Біз бұл жұмысты шексіз жалғастыра беруіміз, тұты­нушының құқықтарын қорғау үшін нарықтан одан әрі реттей беруіміз мүмкін. Бірақ тұтынушылар құ­қық­тарын қор­ғау саласында жаңа реттеу нор­маларының қабылдануы банк­тердің жеке тұл­ғаларды кре­дит­теуді тоқтатуына әкеп соғуы мүм­кін, одан қаржы институттары да, тұтынушылар да зиян ше­геді. Бұған жол бермес үшін біз банктерге өз клиенттерінің қаржылық сауаттылығын арттыру, сол ар­қылы меншікті жа­уап­кершілігін көтеру жұ­мы­­сына белсендірек қатысуды ұсынамыз. Егер банктер қызмет көрсету сатысында өздерінің әлеуетті қарыз алушыларына барлық болуы мүмкін тәуекелдер туралы түсіндіргенде, кре­диттер бойынша төлем жүр­гізбеу проб­лемаларының көп­шілігіне жол бермеуге болар еді. Ашық әрі түсінікті қаржылық өнімдер мен қызмет­терді құру, қаржылық сауат­­тылықты және тиісінше, тұтынушылардың қаржы секторына деген сенімін арттыру бөлігінде қаржы ұйымдарының әлеуметтік тұрғыдан жауап­ты болуын қалыптастыру халық­тың жалпы экономикалық бел­сен­ділігін көтереді, ал бұл тұта­стай алғанда қаржы секторын дамытады. 

Осы проблемаға көңіл бөлу үшін сұхбат алаңдарының бірі биыл 16 қарашада Қаржыгерлер конгресінің шеңберінде өте­тін қаржылық қызметтерді тұ­ты­ну­шылардың құқықтарын қорғауға арналған сессия болады. Соған байланысты қаржы ұйымдарын пікірталасқа қатысуға шақырамыз. 

Бұл ретте тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласында сақтандыру компанияларының қызметін жан-жақты реттеу қажет екенін көріп отырмыз. Кейбір сақтандыру шарттарының талаптары көбіне күрделі әрі түсініксіз болады, бұл клиентті толық кө­лемде қорғауды қамтамасыз ет­пейді. Сонымен бірге бағалы қа­ғаздар нарығының дамуын және тараптардың өзара қарым-қатынасы қағазсыз салаға ауы­сып жатқан цифрландыруды ескере отырып, ол саладағы тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелерін мұқият қа­рауымыз қажет. Бұл ретте на­рықтың осы секторларындағы реттеу кезінде қаржы секторының өкілдері мен олардың клиенттері арасындағы өзара іс-қимылды және диалогты реттеудегі өзіміздің бай тәжірибемізді пайдалана алатынымыз анық. 

Думан АНАШ,

«Егемен Қазақстан»