Қазақстан • 19 Қазан, 2018

Ең төменгі жалақыны ұлғайту үшін үш жылда 288,9 млрд теңге қарастырылған - Қаржы министрі

149 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Кеше Үкімет үйінің баспасөз орталы­ғында өткен брифингте Қаржы минис­трі Әлихан Смайылов Мемлекет басшысының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты халыққа Жолдауын іске асыруды қаржылық қамтамасыз ету жөнінде баяндады.

Ең төменгі жалақыны ұлғайту үшін үш жылда 288,9 млрд теңге қарастырылған - Қаржы министрі

Министрдің айтуынша, Елбасы алға қойған міндеттерді іске асыру үшін 2019-2021 жылдарға арналған республикалық бюджетке қажетті өзгерістер енгізілген.

− Мемлекет басшысының Жолдауындағы тапсырмаларды орындау үшін Үкімет тарапынан үш жыл мерзімге 1,288 трлн теңге қарастырылады. Осы мерзім аралығында республикалық бюджеттен 966,1 млрд теңге бөлінеді, деді Ә.Смайылов. 

Бұл қаражат ең төменгі жалақы мөлше­рін, өңдеуші өнеркәсіп пен экспортты, шағын және орта бизнесті, агроөнеркәсіп кеше­нін дамытуға, тұрғын үй несиесінің қол­же­тімділігін арттырып, тұрғындардың тұрмыс жағдайын жақсартуға, білім беру мекемелерінің құрылысы мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жұмсалмақ. Сондай-ақ Қаржы министрі ең төменгі жалақыны ұлғайту үшін үш жылда 288,9 млрд теңге немесе жыл сайын 96,3 млрд теңге қарастырылып отырғанын жеткізді. Қаржы министрі келтірген мәлімет бойынша елімізде орташа еңбекақы 2019 жылы 9,1 пайызға өсіп, халықтың нақты табысының өсімі 4,6 пайызды құрайды. Бұған қоса, алдағы үш жылда шағын және орта бизнесті дамытуға 90 млрд теңге немесе жыл сайын 30 млрд теңгеден қарастырылса, агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға үш жылға 300 млрд теңге немесе жыл сайын 100 млрд теңге бөлінеді. 

«Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 650 мыңнан астам тұрғын үй салу көзделіп отыр, «7–20–25» бағдарламасы аясында алдағы бес жылда 100 мыңнан астам отбасы баспаналы болады. 3 жыл ішінде арендалық үй құрылысын ұлғайтуға 30 млрд теңге бөлінеді, осылайша 250 мыңнан астам отбасының тұрғын үй жағдайын жақсартуға мүмкіндік берілмек. Балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сонымен қатар мектеп психологтарының жұмысын күшейту аясында 16,8 млрд теңге, яғни жыл сайын 5,6 млрд теңге жұмсалады.

Еркежан АЙТҚАЗЫ,

«Егемен Қазақстан»