Өнер • 21 Қазан, 2018

Қорабай Есеновтің «Мәңгілік шырақ» атты мерейтойлық концерті өтті

102 реткөрсетілді

Қарағандыда белгілі әнші, әуесқой композитор, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Қорабай Есеновтің «Мәңгілік шырақ» атты мерейтойлық концерті өтті. Шығармашылық кешке арнайы келіп қатысқан облыс әкімі Ерлан Қошанов өзінің құттықтау сөзінде Қорабай Есенов әндерінің ұлттық музыка өнерінің алтын қорына еніп, шын мәнінде халық игілігіне айналғанын атап өтті.

– Мен сіздің шығармашылығыңызбен бала кезімнен таныспын. Сіздің талантыңызды дәріптейтін адамдардың бірімін. Сіз біздің, ағаларымыздың кумирі болғансыз. Сіздің әндеріңіз негізінен сол уақыттағы романтизмді сипаттайды, ол кездері жастар мөлдір, таза сезімдерге, махаббатқа толы болатын. Қорабай аға, халық сізді сол үшін жақсы көреді, сіздің әндеріңіз қазақ радиосының алтын қорында сақталған, – деді Ерлан Қошанов.

Өңір басшысы жетпіске жасы жеткен Қорабай Әбікенұлының иығына шапан жауып, сый-құрмет көрсетті.

Шығармашылық кешке әнші Ғалым Мұхамедин, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, әнші Серік Оспанов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жанғали Жүзбаев және мерейтой иесінің шәкірті, әнші Сейіл Аяғанов сынды өнер саласының майталмандары мерейтой иесіне қолдау-қошемет көрсетіп, кеш көрігін қыздырды.

Қорабай Есенов – Жаңаарқа ауданының тумасы. Ол өзінің саналы ғұмырын ауыл шаруашылығы саласына арнаған жан. Еңбек жолын туған ауылында агроном болып бастап, ұзақ жылдар Жаңаарқадағы астық қабылдау бекеті директорының орынбасары, аудандық ауыл шаруашылық бөлімінің басшысы болып қызмет еткен. Нарық заманында өз алдына жеке шаруашылық құрып, кәсіпкерліктің де тасын өрге домалатып келе жатқан сегіз қырлы, бір сырлы жан. Сөйте жүріп ол өзінің жан серігі – гитарасын қолынан астамай, өнерге мейлінше адалдық танытып жүрген шығармашылық иесі.

Әуесқой әнші-композитордың он жеті жасынан шырқаған «Жас қалам» әні өткен ғасырдың 60-70-ші жылдары жастар арасында ерекше танымал болған. Осы ән арқылы ол бүкіл қазақ еліне танымал болды десек, артық айтқандық емес. Бүгінде қазақ радиосының алтын қорында әнші-композитордың 13-тен астам әні сақталған.

Кеш иесін еліміздегі бард музыка бағытының негізін қалаған өнерпаздың бірі деп нық сеніммен айтуға болады. Кезінде еліміздің осы саладағы танымал тұлғасы, дара талант иесі Табылды Досымовтың өзі Қорабай Есеновті ауылына арнайы іздеп барып, батасын алған.

Қайрат ӘБІЛДА,

«Егемен Қазақстан»

ҚАРАҒАНДЫ

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Ұқсас жаңалықтар