Қазақстан • 23 Қазан, 2018

Аграрлық сектордың әлеуеті қайтсе артады?

1199 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Елбасы кейінгі Жолдауларында ауыл шаруашылығын дамыту қажеттігіне ерекше тоқталды. Биыл қаңтар айында жарияланған құжатта Президент: «Аграрлық сектор экономиканың жаңа драйверіне айналуы керек. Қазақстанның агроөнеркәсіп кешенінің болашағы зор» деген болатын. Бірер апта бұрынғы Жолдауында «Агроөнеркәсіп кешенінің әлеуетін толық іске асыру керек. Негізгі міндет – еңбек өнімділігін және қайта өңделген ауыл шаруашылығы өнімінің экспортын 2022 жылға қарай 2,5 есе көбейту» деген Елбасы Үкіметке алдағы 3 жыл ішінде осы мақсаттарға жыл сайын кемінде 100 миллиард теңге қарастыруды міндеттеді. 

Аграрлық сектордың әлеуеті қайтсе артады?

Жалпы, Қазақстанның ауыл шаруашылығын дамытуға мүмкіндігі жеткілікті екені тарихта талай дәлелденген. Кеңес Одағы кезінде Отанға мил­лиард пұт астық беру, қойдың санын 50 миллионға жеткізу сынды науқандық бастамалар көтерілген-ді. Ақ күріштің атасы Шығанақ Берсиев гектарынан 170 центнерден өнім алып әлемдік рекордты жаңартты. Шығанақ Берсиевтің жылдар бойы мол өнім алуға себепкер болған тары өсірудегі тәжірибесі талайға үлгі болып, «берсиевшілер» тобы қалыптасты. Жүз қойдан жүз қырық қозы алған Жазылбек Қуанышбаев екі мәрте Еңбек Ері атанды. Кеңестік науқаншылдық десек те, мұның барлығы қазақтың жері астық өсіруге де, төрт түлік малға да жайлы екенін, халқы ауыл шаруашылығымен айналысуға бейім екенін көрсетті. 

Әрине, тәуелсіздік жылдарында артта қалған салалардың бірі – аграрлық сектор. «Алтын шыққан жерді белден қазатын» әдетке салынып, біразға дейін шикізат экспортын дамытуға басым көңіл бөлініп келді. Дегенмен, 2007-2008 жылдарда әлемдік шикізат нарығында болған құбылулардан кейін шикізаттың шылауында кете берудің экономика үшін қауіпті екені айқын байқалды. Энергия алудың шикізаттан басқа да балама көздері дами бастады. «Жасыл» энергияны дамыту, қоршаған ортаның қауіпсіздігін сақтау сынды халықаралық талаптар күшейді. Отандық мамандар аграрлық секторды дамыту қажеттігін жиі айта бастады. Яғни «Арпа-бидай ас екен, алтын-күміс тас екен» деген ба­балардан қалған қанатты сөз бү­гінге дейін қадірін жоймағанын уақыттың өзі дәлелдеді. 

Астықты держава атана аламыз ба?

2017 жылы мал шаруашылы­ғында 1,8 триллион теңгенің өнімі өндіріліп, алдың­ғы жылмен салыстырғанда 3,9 пайызға көбейді. Өсімдік шаруашы­лығындағы өнім көлемі – 2,278 триллион теңге (өсім 2,2 пайыз). 

Бірнеше жыл бұрын елімізді астық державасына айналдыру туралы ұран ортаға тасталды. Бұл жалаң ұран күйінде қалмай, әжептәуір биік межелер бағындырылды. Бұл сектордың өнімділігін арттыруға бюджеттен де, жекелей инвесторлардан да қыруар қаражат салынып, астық экспортының көлемі жылына 9 миллион тоннадан асып түсті. Осы рекордтық көрсеткіш Қазақстанды астық экспорттаушы елдердің тізіміндегі алғашқы ондыққа енгізді. Ал халықтың жан басына шаққандағы астық көле­мі бойынша Аустралия, Ресей, Канада сынды алпауыттардың өзін артта қалдырдық. Ұн экспорты бойынша алғашқы үздіктің қатарынан ойып тұрып орын алдық. Демек, бастапқы мақсат орындалды деуге болатын сыңайлы. 
Ауыл шаруашылығы министр­лігі астық экспортына қатысты бізге мынадай деректерді ұсынды: 

– Қазіргі таңда Қазақстанның астық тұқымдастары (бидай, жүгері, арпа, тары және соя) экс­портының дәстүрлі нарықтары – Өзбекстан, Тәжікстан, Түрік­менстан, Ауғанстан, Иран және Қытай елдері. 2017 жылғы көрсеткіш бойынша 4 256 мың тонна бидай экспортталды. 35,2 мың тонна жүгері сыртқы нарыққа жөнелтілді. Сондай-ақ 137 806,3 мың доллардың 908 мың тонна арпасы шетелге шығарылды, 17,6 мың тонна соя экспортталды. 
Ал биылғы жылдың қаңтар-мамыр айларына қатысты деректерге көз жүгіртсек, 2 458 мың тонна бидай экспортталыпты. 539 мың тонна арпа, 18,6 мың тонна соя, 16,2 мың тонна жүгері шетелге шығарылған. 

– 2018 жылы 13 700 мың тонна бидай, 852,7 мың тонна жүгері, 3095,5 мың тонна арпа, 55,7 мың тонна тары жиналады деп жоспарланып отыр, – деп хабарлады тиісті министрліктің баспасөз қызметі біздің сауалымызға. 

Министрліктің ақпарына сенсек, соңғы екі жыл ішінде Қазақстанның астығы дүние жүзінің 38 еліне экспортталыпты. Олардың арасында іргедегі Ресей, Қытай, Қырғызстан, Түрікменстан сынды елдердің нарығын айтпағанда, Еуропаның Италия, Испания, Нидерланды, Финляндия, Швеция, Норвегия сынды мемлекеттері бар. Астық экспортының географиясы жыл санап кеңейіп келе жатқаны көңіл қуантады. Айталық, өткен жылы экспорт ауқымы 36 елді қамтыса, биыл бұл қатарға Грекия мен Норвегия қосылды. 

Өнімі оның көл-көсір

Жыл басындағы есеп бойынша, Қазақстандағы мүйізді ірі қараның жалпы саны 6 миллион 745 мыңнан асады. Бұл 2016 жылмен салыстырғанда сиыр малының қарасы 5,2 пайызға көбейгенін көрсетеді. Қой-ешкінің саны 19 миллионға жуықтайды. 2016 жылмен салыстырғанда жылқының саны 6 пайызға көбейіп, 2 миллион 395 мыңнан асып түсіпті. 

Бүгінгі таңда отандық нарықты етпен қамту және ет экспортының әлеуетін көтеру бағытында бірталай жұмыс атқарылуда. Мәселен, мүйізді ірі қара етін экспорттау көлемін ұлғайту жобасына 16 500 фермерлік шаруашылық қамтылды. 160 мың басқа арналған бордақылау алаңдары салынды, 55 мың бас асыл тұқымды мал бағатын репродуктор шаруашылықтар пайда болды. 

Осы тектес жұмыстар нәтиже бере бас­тады деуге болады. Жыл басындағы деректерге сүйенсек, қазіргі таңда Қазақстандағы асыл тұқымды ірі қараның жалпы саны 511 мыңнан асады. Шет мемлекеттерден алдырылған мал басы 55 мың шамасында. Ет экспортындағы әлеует те айтарлықтай көтеріліп, 8 еседен артық өсім байқалды. 

Бүгінгі таңда елімізде ангус сиырын өсіретін 214 шаруашылықта барлығы 59 733 бас асыл тұқымды сиыр бар екен. Дәл осы ангус тұқымын тілге тиек етіп отыруымыздың өзіндік себебі бар. Қазақстанның қоңыр салқын климатына басқа тұқымдардан гөрі ангус тез бейімделеді. Оған қоса жергілікті тұқымдармен будандастыру арқылы сүті мен еті мол әрі сапалы жаңа тұқым алу жолға қойылып келеді. 

Фермерлердің айтуынша, аталған асыл тұқымды сиырлар ерекше күтімді қажет етпейді. Бұқалары табиғаты салқын өңірлерде де, ыстық жақтарда да күйін жоғалта қоймайтын төзімділігімен ерекше­ленеді. Қысқасы, жайылымдық жер кең болса ангус сиырларын қосымша бағып-қағып азапқа түсудің де қажеті жоқ көрінеді. Қысқасы, «ешкі бақтым еңіреп бақтым» дегенше, еті мен сүті мол асыл тұқымды мал өсіріп, көл-көсір өнім алуға шаруалар да біртіндеп бейімделіп келе жатқан сыңайлы. 

Аграрлық салаға «ақылды» технология керек

Жалпы, аграрлық сектордағы еңбек өнімділігін 45 пайызға дейін арттыру, өнім көлемін 69 пайызға дейін арттыру сынды жоспарлар – цифрландырумен ғана қол жеткізілетін меже. Елбасы өз Жолдауында бұл туралы «Біз икемді әрі ыңғайлы стандарттарды енгізу және ауыл шаруашылығы саласындағы беделді шетелдік мамандарды – «ақылды адамдарды» тарту арқылы саланы басқарудың үздік тәжірибесін пайдалануымыз керек. Ауыл кәсіпкерлеріне шаруашылық жүргізудің жаңа дағдыларын үйрету үшін жаппай оқыту жүйесін қалыптастырған жөн» деді.
«Цифрлы Қазақстан» бағдарламасының аясында аграрлық салаға қатысты төрт түрлі шара қарастырылған. Тиісті министрлік цифрландыру жүйесін мал шаруашылығы өнімдерін бақылау, электронды сауданы енгізу, халықаралық логистикалық желілермен байланыс орнату, егін шаруашылығына енгізу сынды бағыттар бойынша жұмыс атқаруға тиіс. 

Қазір нақты егіншіліктің үш көрсеткіштік тәжірибелік полигондары елімізде бар. Полигондардың біріншісі – Алматы облысындағы «Қаскелең агропаркі», екіншісі – Ақмола облысының Шортанды ауданында, үшіншісі – Қостанайдағы «Заречное» тәжірибе шаруашылығы базасында орналасқан. Өсімдік шаруашылығы саласындағы бұл ғылыми полигондарды құрудағы негізгі мақсат – қарапайым фермердің өмірін барынша жеңілдету.

Кез келген фермер осы полигондарға барып тәжірибелік жұмыстарды өз көзімен зерделеп, себу технологиясын игеріп, жаңа комбайндар мен тракторларды пайдаланып көре алады. Министрлік осыған ерекше назар аударып отыр. Арман Евниев бұл туралы: 

– Біздің ойымызша, бизнес пен аграрлық ғылым тығыз қарым-қатынас орнатуға тиіс. Ғалымдарға арнайы өтініш айтып, шаруаларға тек озық технологиялар туралы ғана емес, экономиканың жай-күйі жайлы да айтып беруді тапсырдық, – деп түсіндірді. 
Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрінің мәліметінше, 2021 жылға қарай аграрлық ғылымды қаржыландыру көлемі ІЖӨ-нің ең болмағанда 0,5%-ына дейін жеткізілуі тиіс деген арнайы индикатор орнатылыпты. Бұл аграрлық ғылымды қаржыландыруды үш есеге арттыру көзделгендігін білдіреді. 

Жыл өткен сайын жұмыр жердегі халық саны көбейіп келеді. Соңғы деректерге сенсек, 2018 жылдың соңына дейін «жерлестердің» жалпы саны 7 миллиард 400 миллионнан асып жығылуға тиіс. Осынша адамның үштен екі бөлігі, яғни, 5 миллиардтан астамы Еуразия құрлығын мекендейді. Яғни Елбасы Жолдауында айтылғандай Еуразия құрлығының «нан кәрзеңкесі» атана алсақ, етпен қамтамасыз етсек, мұртымызды балта шаппауға тиіс. 

Арнұр АСҚАР,

«Егемен Қазақстан»