Әлем • 23 Қазан, 2018

Ядролық қарусыз аймақтар көшбасшыларын шақырды

382 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазақстан барлық ядролық қарусыз аймақтар көшбасшыларының кездесуін өткізуге дайын. Бұл туралы Қазақстанның БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілдігі БҰҰ-ның Қарусыздану жөніндегі бөлімімен бірлесіп Нью-Йоркте ұйымдастырған ядролық мәселелерді талқылау жөніндегі форумда айтылды. 

Ядролық қарусыз аймақтар көшбасшыларын шақырды

Іс-шараға БҰҰ Бас хатшысының орынбасары және Қарусыздану мәселелері жөніндегі жоғары өкілі Изуми Накамицу, Латын Америкасы мен Кариб бассейнінде ядролық қаруға тыйым салу жөніндегі агенттіктің (OPANAL) бас хатшысы Луис Филипе де Маседо Суареш, БҰҰ қарусыздану проблемаларын зерттеу институтының (ЮНИДИР) аға өкілі Джон Борри, Моң­ғолияның БҰҰ жанындағы тұрақ­ты өкілі Сухболд Сукхи, сондай-ақ БҰҰ-ға мүше-мемлекеттердің басқа да жоғары өкілдері қатысты.

Жиынға қатысушылар ядролық қарусыз аймақтар жаһандық ядролық қарусыздану және ядролық қаруды таратпау ісінде маңызды элемент болып қала беретінін және ядролық қарусыз әлемге қол жеткізуге бағытталған халықаралық күш-жігердің негізі болуы тиіс екенін атап өтті. 

Форум барысында Қазақстан Сыртқы істер министрінің орынбасары Ержан Ашықбаев ядролық қарусыз аймақтар бір-бірімен тығыз және тиімді іс-қимылды жолға қойған жағдайда үлкен жетістікке жете алатынына тоқталды. Бұл қарусыздану мәселелерін шешудегі олардың саяси салмағын және беделін арттыратыны анық.

Қазақстандық дипломат: «2017 жылдың тамызында МАГАТЭ-нің төмен байытылған уран банкінің Қазақстанда ашылу салтанатында жарияланған ядролық қарусыз аймақтардың күш-жігерін нығайту жөніндегі Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасының біздің ұжымдық күш-жігерімізді іске асырудағы өзектілігі жоғары», деп мәлімдей отырып, жоғары деңгейдегі аймақаралық кездесулерді тұрақты ұйымдастырудың маңыздылығын атап өтті.

«Қазақстан аймақ арасындағы өзара әрекеттестікті күшейту бо­йынша бірлескен қадамдарды жан-жақ­ты талқылау үшін қазіргі барлық ядролық қарусыз аймақтардың және Моңғолияның көшбасшыларын, сон­дай-ақ осы саладағы көрнекті бел­сенділерді шақыра отырып, осындай алғашқы кездесуді өз аумағында ұйым­дастыруға дайын», деді Е.Ашықбаев.

И.Накамицу БҰҰ Бас хатшысының қарусыздандыру туралы жаңа күн тәртібіне сүйене отырып, ядролық қарудан азат аймақтарды нығайту және күшейту, Таяу Шығыс сияқты өңірлерде осындай аймақтар­ды одан әрі құру мақсатында мүше-мемлекеттермен жұмыс істеуге дайын екенін білдірді.
Сол күні БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде Таяу Шығыстағы жағдай, оның ішінде Палестина мәселесі бойынша ашық пікірталастар өтті.

Е.Ашықбаев пікірталастарда сөй­­леген сөзінде Таяу Шығыстағы оқиғалардың тұрақсыздығы мен өзара байланысы тек осы өңірде ғана емес, сонымен қатар одан тыс жерлерде алаңдаушылық туғызып, жаһандық қауіпсіздікке елеулі ықпалын тигізіп жатқанын атап өтті. 

Ол Қазақстанның Палестинаның тәуелсіздікке, Израильдің қауіпсіз­дік­ке қол жеткізу құқығын қолдауға қатысты позициясын қайта атап, БҰҰ Жарғысына және БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тиісті қарарларына сәйкес екіжақты форматта және алдын ала шартсыз келіссөздерді жуық арада өткізуге шақырды. 

Қазақстанның өкілі өз сөзінде Сириядағы, Ливандағы, Ирактағы, Йемендегі жағдайларға тоқталды және 46 мемлекеттің беделді рухани көшбасшылары мен діни қайрат­к­ерлерінің қатысуымен Астана­да өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VI съезінің қорытындысы туралы баяндады.

«Егемен-ақпарат»