Театр • 23 Қазан, 2018

Севильдік шаштараз шаш қимайды...

635 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

...Себебі Дж.Россинидің әйгілі шытырман оқиғалы комедиялық операсы кейіпкерлерінің көрер­меніне ұсынар жаңалығы мен­ жарқын өнері одан да қы­зық. Жақында «Астана Опе­ра»­ сахнасында Мәдениет жә­не спорт министрлігінің қол­дауымен елорданың 20 жыл­дығына орай әлемдік музыка өнерінің жауһары – Дж.Россинидің «Севильдік шаш­т­араз» операсының тұсауы кесілді. 

Севильдік шаштараз шаш қимайды...

Адамзат жүрегінен орын алған теңдессіз бедел мен абыройға ие осынау үздік опера бас шаһар көрермендеріне айрықша көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Жаһан мойындаған жауһардың Астана төрін­де лайықты деңгейде қойы­луына тер төккен шығар­ма­шылық иелерінің қатарын: опе­раның қоюшы дирижері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Астана Опера» театрының бас дирижері, әлемге әйгілі маэстро Алан Бөрібаев, режиссер – атақты италиялық қоюшы суреткер Альфонсо Антониоцци, сценограф – Эцио Фриджерио (Италия), костюм бойын­ша суретші – «Оскар» сый­лы­ғы­ның иегері Франка Скуар­чапино (Италия) және проек­циялар бойынша дизайнер Серджио Металли (Италия) бастаған опера өнерінің кіл мықтылары толықтырды. 

– «Севильдік шашта­раз» әрбір театрдың репер­туа­рында болуы тиіс үз­дік опералардың санатын­да. «Астана Опера» ұжы­мы Дж.Россини шығарма­­шы­лығымен тұңғыш рет жұ­мыс істеп отыр. Менің ойым­ша, осынау ғаламат музыка туындысы біздің білікті де талантты вокалдық ансамблімізге дәл келеді. Әрине қай жа­ғынан да күрделі шығарма болғаннан кейін, әртістерге, әсіресе басты рөл­дегі актерлерге жіті іздену мен шебер орындаушылық мін­деті қатар жүктеліп отыр, – дейді қоюшы дирижер Алан Бөрі­баев. 

Маэстро Алан Асқар­ұлы­­ның аталған туындымен бұған дейін Германия театрында жұмыс істеген тәжірибесі мол. Енді міне араға жылдар салып сол тәжірибесін «Астана Операға» алып келген музыка маманы қойылым премьерасының алғашқы күні-ақ сахна төрін шын мәніндегі өнердің мерекесіне айналдырды. 

Ал қоюшы режиссер Аль­фонсо Антониоцци бол­са ке­­зек­ті жұмысының ерек­ше­лігін де, кілтін де негізінен клас­сикалық дәстүрлі стильден іздепті. Шығармашылық иесі қойылымда бірінші кезекте музыка мен либреттоға басым­дық береді. Сол арқылы көңілді комедияның бояуына бояу үстеп, операны барынша классикалық сараптауға екпін түсіреді. Дегенмен, аталған қолтаңба жарқындық пен заманауилықтан ада деп қорытынды түюге тіпті де не­гіз жоқ. 

– Мен бұл музыканы­ естіп өстім, сондықтан оны­­ еш өз­герткім келмеді. Кө­біне­се режиссерлер театр бюд­жетінің XVIII ғасырдағы бар­лық сән-салтанатты көрсетуге мүм­­кіндігі болмағандықтан, оп­е­раның көрінісін басқа заманға ауыстырады. «Астана Операда» біз өзгеше костюмдер мен декорацияларды пай­далана отырып, Россини стилін барлық көркемдігімен ұсындық. Либреттода коме­диялық сәттер өте көп, мен әзіл­дің шынайы болғанын қа­лаймын. Қойылымда жапсырма іш, мұрын мен мұрт пайдаланылмайды, осынау күлкілі әсерді жасау үшін әртістер шын мәнінде тамаша ойнап шығуы тиіс, – дейді қоюшы-режис­сер.

Куә болғанымыздай, режиссер қойған бұл талапты «Астана Опера» әртістері кә­сіби жоғары деңгейде ең­серіп шықты. Басты пария­ларды орындаған Фигаро – Сүндет Байғожин, Граф Альмавива – Фредерико Бутацци (Италия), Бартоло – Бауыржан Әндержанов, Розина – Салтанат Ахметова өз рөлдерінде жарқырай кө­рін­ді.

«Астана Опера» қойылым­дарының назар аудартып, жанар­ға қуаныш сыйлайтын тағы бір ерекшелігі – декора­ция. Көркемсуреттегі тех­но­ло­гияның озық жетістік­тері мен үздік үлгілерін өз жұ­мысында шебер пайда­ланған италиялық сценограф Эцио Фриджерио сахнада негізінен көк, ақ, алтын түстес сары және солғын сұр түс­терге басымдық беріпті. Ауқымды декорациялар салтанатын қала көріністері, қақпалар бейнеленген 4D және 3D проекциялар, сонымен қатар әсерлі анимациялар толықтырады. Қойылымда сондай-ақ сәнді күймеге жегілген аттардың ортаға шығуы да көремендер үшін күтпеген тосын сый болды. Мұны сахна суретшісі: «Көрермендерді операның басынан-ақ таңғалдырып, «театр ішіндегі театр» әсе­ріне бөле­гіміз келді», деп түсін­діреді. 

Ал сахнаның осынау салтанатты декорациясы мен бай реквизитіне сай үйлесімді киім тігу жұмыстары «Оскар» сыйлығының иегері Франка Скуарчапиноның (Италия) жетекшілігімен жүзеге ас­ты. Тігіншінің айтуынша, қо­йылымға барлығы 100-ден аса костюм  дайындалған.  XVIII ғасыр­­дың стиліне сай тігілген киім­дер сәнімен, нәзіктігімен, талғам­паздығымен көрушісіне ерекше эстетикалық ләззат сыйлады. 

«Астана Опера» театры­ның шығармашылық ұжымы ұзақ уақыттан бері жіті да­йындалып, бабына келтіріп барып ұсынған «Севильдік шаштараз» операсы осылайша комедия элементтеріне құрылған жеңіл, ойнақы сюжетімен ғана емес, актерлік шебер ойын, бай декорация һәм көркем-эстетикалық талғамымен де көрерменін нағыз өнердің қуанышына кенелтті. 

Назерке ЖҰМАБАЙ,

«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар