Қазақстан • 24 Қазан, 2018

Жаңа жоба – тиімділік тетігі

232 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Елбасы биылғы Жолдауында мемлекеттік қызмет тиімділігін түбегейлі арттыру мәселесін алға қойып, мемлекеттік органдарды жаңа модельге көшіру ісін одан әрі жалғастыруды тапсырғаны белгілі. 

Жаңа жоба – тиімділік тетігі

«Жаңа формацияның мем­лекеттік қызметшілері мемлекет пен қоғам арасындағы ал­шақ­­тықты қысқартуға тиіс», деген бо­латын Мемлекет басшы­сы. Осылай дей келіп, Пре­зидент  жалақы төлеудің жаңа моделі енгізілгеннен бері орталық ап­па­­рат­қа арналған кон­курс бір орынға 28 адамға дейін, өңірлік құ­ры­лымдарда бір орынға 60 адам­ға дейін өс­кенін, Маңғыстау об­лы­сының әкім­дігіндегі 1 бос орын­ға 16 адам­ға дейін, ал Әділет ми­нис­трлі­гінде орта есеппен 13 үміт­кер қатысқанын айтып өткен бола­тын.

Жоғарыда аталғандай, Маңғыстау облысындағы жер­гі­лікті атқарушы органдарға ең­бекақы төлеудің жаңа жүйесін ен­гізудің нәтижесі азаматтардың мем­лекеттік қызметке қызығу­шы­лығын айтарлықтай арттырып отыр. Өткен жылғы есептік ке­зеңде жергілікті атқарушы орган­дардағы бос орындарға жария­ланған конкурстарға үміткерлер құжат тапсырмаса, ағымдағы жыл­дың 9 айының қорытындысы бо­йынша кон­курс­тардың орта есеп­пен әрбір бос орынға кем де­генде 1 үміт­кер­ден қатысып отыр.

Есептік кезеңде 638  бос және уақытша бос лауазымдарға конкурс жарияланып, оған бар­лығы 771 үміткер қатысқан. Кон­курс­тық іріктеудің әңгімелесу кезе­ңіне байқаушылар мен сарап­шылардың қатысуы 100% қам­тамасыз етілген. Ішкі конкурс­тың нәтижесі бойынша таға­­йындауға ұсынылған 104 үміт­кердің 61-і, яғни, 59%-ы жоғары лауазымдарға тағайындалыпты. Өткен жылмен салыстырмалы түр­де қарайтын болсақ, бұл көрсет­кіш­тердің барлығында оң серпін бар. Нақтырақ айтсақ,  жер­гілікті атқарушы орган­дардағы бос орынға үміткерлер көбейе түсті. 

Мысалы, Маңғыстау облысының индустрия және инновация басқар­масында жарияланған бас маман лауазымына 16 үміткер, Маңғыстау облысының мемлекеттік сатып алу басқармасында жарияланған бас маман лауазымына 14 үміткер, Маңғыстау облысының денсаулық сақтау басқар­масында жарияланған бас маман лауазымына 8 үміткер, Маңғыстау облысының мәдениет басқармасында жарияланған бас маман лауазымына 8 үміткер, Мұнайлы ауданы Қызылтөбе ауылдық округі әкімінің аппараты бас маманына жарияланған лауазымға 5 үміткер, Ақтау қаласы әкімінің аппаратында жарияланған бас маман лауазымына 9 үміткер, Маңғыстау облысының дін істері басқармасында жарияланған бас маман лауазымына 10 үміткер, Маңғыстау облысының экономика және бюджеттік жоспарлау басқар­ма­сында жарияланған бас маман лауазымына 11 үміткер құжат тапсырған. Сондай-ақ мемлекеттік қызметке келу үшін тестілеуге ниет білдірген азаматтардың саны артуда. Жыл басынан бергі 9 ай қорытындысы бойынша 4145 азамат тестілеуге қатысып, оның 1395 тестілеудің оң нәтижесін алып отыр. Деректер өткен жылмен салыстырғанда, тестілеуден өтуге ниет білдірген үміткерлердің саны 1,7 есеге өскендігін дәлелдейді.

Мемлекеттік қызметті және оған төленетін еңбекақыны оңтайландыру – уақыт талабы. Қоғамдағы жаңарулар бұл жүйедегі таптаурындықты тас­тап, жаңаша формат іздеу қажеттігін аңғартқан болатын. Бұл өзгерістердің өзектілігі Елбасы ұсынған «100 нақ­ты қадам» Ұлт жоспарының 5 және 6 қадамдарын жүзеге асыру бары­сымен сабақтасты. Биыл Мем­лекет­тік қызмет істері және сы­байлас жемқорлыққа қарсы іс-қи­мыл агент­тігі, Әділет министрлігі, Аста­на қаласы мен Маңғыстау облысы әкім­дік­терінің базасы аясында әкім­шілік мемлекеттік қызметшілерге фак­тор­лық-балдық шәкіл негізінде лауа­­зымдық ақы мен бонустар енгі­зіл­ген қанатқақты режімдегі еңбек­ақы тө­леудің жаңа жүйесі пайда болды және тиімсіз шығындарды оңтай­ландыру мен басшылық құрамын қыс­қарту есебінен төменгі және орта буындағы қызметкерлердің жал­ақысын арттыру бағытындағы қанат­қақты жоба басталды. Ал Қа­зақ­стан Үкіметінің «Әкімшілік мем­лекет­тік қызметшілердің еңбекақысын қанатқақты тәртіпте төлеудің кейбір мәселелері жөнінде» 2017 жылғы 29 желтоқсанда №939 қаулысы қабылданып, Агенттік төрағасының 2018 жылғы 16 қаңтардағы №13 «Мемлекеттік әкімшілік қызмет­ші­лердің қызметін бағалаудың кейбір мәселелері туралы» және 2017 жылғы 29 желтоқсандағы «Мем­лекеттік әкімшілік лауазымдар­ды деңгейі мен функционалдық топ­тарға қанатқақты тәртіпте бөлуді баға­лау және орналастыру жөнінде әдіс­темелік ұсынымдарды бекіту туралы» бұйрықтарының бекітілуі аталған жобаны жүзеге асыруға жол ашты. 

– Бұл еңбекақы қызметкерлердің функционалдық бағыты мен жүктел­ген міндеттердің күрделілігіне байланысты, ал бонустар қызметшінің тиімділігі мен нәтижелілігіне байланысты төленеді және мемлекеттік органның тапсырмаларды орындауына қол жеткізуге қосқан үлесін есепке ала отырып лауазымның құн­ды­лығын өлшеуге мүмкіндік береді. Тәжірибедегі бірдей мәнді сыйақы­лардың орнына енгізілетін бонустар қызметшінің жұмыс қорытындысы бойынша тиімді қызметшілерге жыл сайын төленетін болады, – дейді Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Маңғыстау облысы бо­йынша департаментінің басшысы Н.Жанназарова. 

Департамент басшысының айтуынша, аталған жобаны жүзеге асыру мақсатында бірқатар шаралар ұйымдастырылған. Атап айтқанда, толық және нақты талдау мақсатында орталық мемлекеттік органдар мен жергілікті атқарушы органдар­дың лауазымдық нұсқаулықтары, ере­же­лері мен штаттық кестелері зерде­леніп, мемлекеттік органдар мен әкім­діктердің персоналды басқару қыз­меті мен қаржы мәселелеріне жетек­шілік ететін құрылымдық бөлім­шелердің өкілдерін оқыту ұйым­дас­тырылды. Шетелдік сарап­шылармен бірге әкімшілік лауазымдар негізгі үш фактор бойынша бағаланып, нәтижесінде бар­лық әкімшілік лауа­зымдар төрт функ­ционалдық блок бойынша жұмыстың мазмұнына байланысты басқару­шы, негізгі, ықпалдастырушы және көмекші персонал болып 15 деңгей­ге бөлінген. 

Ізденістер мен зерттеулер нәти­жесінде қолданысқа енгізілген жоба өз нәтижесін Маңғыстау өңірінде бере бастады. Құзырлы орындардың мәліметіне сүйенсек, қанатқақты жүйе аясында орталық мемлекеттік органдар мен аумақтардағы қызметшілер айлық ақысындағы айырмашылық 70% -дан 10%-ға дейін төмендеп, жергілікті деңгейдегі еңбекақы орташа есеппен 2-2,5 есеге өскен.

Маңғыстау облысының жергілікті атқарушы органдарындағы қызмет­­шіл­ердің мемлекеттік қызметтен өз еркі­мен кетуі 2017 жылмен са­лыс­­тырған­да 2,5 есеге азайған­ды­ғы тағы бар. Мысалы, мемлекет­тік органдардың кадр жай-күйіне жүр­гізілген мониторинг қоры­тын­дысы бойынша 2018 жылдың 1 қа­за­нында қызметшілердің мемлекеттік қыз­мет­тен өз еркімен кету көрсеткіші – 37 бірлік (2,7%) болса, 2017 жыл­дың есептік кезеңінде 90 (6,7%) бір­лікті құраған, яғни мемлекеттік қызмет­шілердің еңбекақы мөлше­рі­нің ұлғаюы мен материалдық жағда­йының жақсаруы атқаратын қызме­тіне деген жауапкершілік пен қызығушылығын арттырып отыр. 

Жолдау барысында айтылғандай, беделді жоғары оқу орындарын бітірген түлектер мен біліктілігі жоғары кадрлардың жеке сектордан келуі Маңғыстау облысында әлдеқайда жоғары көрсеткішке ие және былтырмен салыстырғанда 7 есеге артқан. Мысалы, 2018 жылдың 1 қазанындағы жағдай бойынша жергілікті атқарушы органдардағы конкурстарға қатысуға жеке сектордан қызығушылық білдірушілер саны 44 үміткер болса, өткен жылы жеке сектордан мемлекеттік қызметке қы­зы­ғушылық білдірген үміткерлер саны 6-ны құраған. Сонымен бірге Пре­зидент жанындағы мемлекеттік бас­қару академиясын аяқтаған 3 мем­лекеттік қызметші өңірге қайта келіп, қызметтерін жалғастыруда, ал өткен жылы мұндай жағдай болмаған екен. 

Жобаны табысты іске асыру бұл тәжірибені болашақта республика кө­лемінде қолдануға мүмкіндік бермек.

Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»

Маңғыстау облысы