Өнер • 24 Қазан, 2018

Жаңа заман айшықтары

995 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ә.Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейінде жас суретшілердің халықаралық байқауы өтті. Байқауға қатысқан үздік шығармалар шоғыры музей қабырғасында салтанат құрған жас суретшілердің заманауи көрмесіне жаңа дем берді. Қылқалам шеберлерін қанаттандырған өнер жәрмеңкесі Қазақ­стан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы қорының қолдауымен өтетін жастар шығарма­шы­лығының жыл сайынғы ЖасStar халықаралық фестивалі аясында іске асып отыр. 

Жаңа заман айшықтары

Жас суретшілердің «Энер­­гия. Жастық шақ. Өнер» атты байқау-көрмесі Қазақ­стан, Қырғызстан, Түр­­кия, Украинаның әр­түрлі аймақтарынан келген шеберлердің сан алуан бағыттар мен техникалық тәсілдерде орындаған алпыстан астам туындысын қамтыған. Биыл байқауға қатысуға өтініш білдірген сексеннен астам суретшінің тек елуі ғана іріктеуден өт­кен. Жыл бойы олар заманауи суретшінің арманы не, жас суретшілер қазір­гі заманғы әлеуметтік мә­селелер жөнінде не ойлайды, қоғамға қандай үндеу тас­тайды деген сауалдар шоғырына жауап табу үшін ізденеді. 

– Байқаудың мақсаты – көркемдік деңгейі жоғары, мазмұны жағынан маңызды әрі өзекті туындыларды жа­рыққа шығару. Сондай-ақ Қазақстанның заманауи өнерін және оның әлемдік көркемдік кеңістікке интеграциялануына қолдау көрсету. Байқау мен көр­ме бейнелеу өнеріне қы­зы­ғушылық танытатын ауди­торияның назарынан тыс қалмай, жаңа есім­дерді ашып, жастардың шы­­­ғармашылығына дем беріп, еліміздің бейнелеу өне­рінің жас шеберлерінің кәсіби көркемдік деңгейін кө­теретіні сөзсіз, – дейді        Ә.Қастеев атындағы Өнер му­зейінің қоғаммен байланыс бөлімінің жетекшісі Клара Исабаева.

Ұйымдастырушылар шы­ғармаларды бағалау­да суретшінің көркемдік мә­неріне, идея ұшқыр­лы­ғына, шығарманың маз­мұнына ерекше көңіл бө­лінгенін айтады. Байқау қо­рытындысы бойынша жас дарын Бауыржан Жет­пісбаев өзінің «Мәңгілік Ел» шығармасымен байқау ж­еңімпазы деп танылды. Өнерсүйер қауымның ыс­тық ықыласына бөленген «Армандағы трамвай» кар­ти­насының авторы Рауан Сүлейменов жүлделі екінші орынды еншілесе, көптеген байқаулардың жеңімпазы талантты суретші Алмас Нұр­ғожаев «Жаңа әуен» деп аталатын туындысымен үшінші орынға ие болды.

«Мұндай байқаулар өнер адамы үшін аса қажет. Ең­бегіңнің бағаланғаны шы­ғармашылық тынысыңды ашып, шабытыңа шабыт қосады. Ұйымдастырушылар алқасына үлкен рахмет. Мен өз туындымда ескі мен жа­ңаны, тарих пен бүгінді са­бақтастырғым келді», дей­ді байқау жүлдегері Алмас Нұрғожаев.

 Бейнелеу өнеріндегі жаңа заман айшықтарын бір арнада тоғыстырған айтулы көрме қараша айының соңына дейін жалғасады. 

Арман ОКТЯБРЬ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ