Қазақстан • 26 Қазан, 2018

Ізденіс нәтижесінде «Viessmann» қондырғысының қызығын көруде

247 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қызылжар өңіріндегі білім мекемелері озық технологияға көше бастады. 80 нысанға пиролизді ұзақ жанатын қазандық қойылып, соның арқасында әр нысан жүздеген тонна көмір үнемдеуге әрі қоршаған ортаға зиян келтірмеу мүмкіндігіне ие болғаны осыны айғақтайды.

Ізденіс нәтижесінде «Viessmann» қондырғысының қызығын көруде

Заманауи озық идеяларды отандық өндіріске енгізуге тал­пынып жүрген «Сапро-НАТ» ЖШС-нің энергияны үнем­деу саласындағы қарышты қадам­дары мен іргелі ізденістерін жер­гілікті билік үнемі қолдап келеді. Компанияның ЭКСПО-2017 ха­лық­аралық көрмесінде ұсы­ныл­ған озық жобалардың өңір­де қолданысқа енгізілуіне мұ­рын­дық болғаны да сөз жоқ, құп­тар­лық қадам деп білеміз. «Жа­сыл» экономика бағыты бойынша неміс технологиясының таңдап алынуы кездейсоқтық емес. 

«Viessmann» компаниясының нақты экономикалық нәти­же­лерге бағытталған энергия­ны үнемдеу саласындағы инн­о­ва­циялық жетістіктері кәсіпорынды бұрыннан қызықтыратын. Енді, міне, оны қолданудың арқасында жыл сайын жағылатын отынды үнемдеуге, жылыту сапасын жақсартуға, қоршаған ортаға зиян келтірмеуге қол жеткізілді. Нақты айтсақ, неміс технологиясы бойынша пиролизді ұзақ жанатын қазандықтар 80-ге жуық нысанда орнатылып, отын шығынын 1,5-2 есеге дейін азайтуға мүмкіндік берді. 

«Жасыл» экономиканың рахатын алғашқылардың қа­тар­ында көрушілердің бірі – Ақ­қайың ауданы Астрахан мектебі болды. Қондырғы орнатылғалы мектеп көмір алу, пеш жөндеу мех­натынан құтылды. Бұл мәсе­лелермен жылу таратушы тікелей өзі айналысады. Ең бас­тысы, қоршаған ортаға зиян­ды қалдықтардың таралуы азайды. Бұрын мектепте жы­лыту маусымы кезінде жарты мың тонна көмір жағылса, қа­зір 200-250 тоннадан аспайды. От жағушы тәулік ішінде бір-ақ рет көмір салып қойып, қалған уақытта қалыпты температураны бақылап отырады. Мұндағы неміс технологиясына негізделген инновациялық пештер жергілікті өндіріс ошағында шығарылады. Серіктестік ендігі кезекте Ресейдің «Сфера» қа­зандығы негізінде отандық үл­гіні құрастырмақ. Бұл жоба не­гізінен ірі кәсіпорындарға ар­налған. Және биотынға көшу жайы да ойластырылған.

Автоматты түрде басқары­латын немістің модульдік жылу құрылғысы бағдарламасын «Әби Жер» ЖШС да табыс­ты кәдеге жаратып отыр. Атал­ған серік­тестік құрыл­тай­шы­ларының бірі Қайрат Қады­ра­лин:

– Польшалық технология бойынша жұмыс істейтін био­массалық «Ecopalm RM 03-2 500 КВ» маркалы қазандықтар 200-ден астам мекемеге орнатылды. Көмір жағатын қазан­дықтармен салыстырғанда өте тиімді. Пайдалану мерзімі – 20 жыл. Қазірдің өзінде жоғары сұранысқа ие болып отыр. Жыл аяғына дейін тағы 20 нысанға қойылады. Баламалы энергияға көшу табиғи ресурстарды тиімді жұм­сауға мүмкіндік береді. Жа­­һан­­­­дық үрдістен де қалуға бол­­май­­ды. Біз сол себепті осы қазан­­дық­тар­ға ба­сымдық беріп отырмыз, – дейді.

Неміс және польшалық үлгі­дегі заманауи қондырғыларда көмір орнына астық қалдық­тары­­нан өндірілетін биоотын пайда­ла­нылатындықтан, ауа мүлдем ласталмайды. «Әби Жер» шаруа­шылығы 30 мың гектарға жуық алқап­қа бидай, арпа, майлы дақыл­дар өсіреді. Демек, биотын дайын­дауға мүмкіндіктері жеткілікті. 

Жуырда облыстық әкімдіктің оты­­рысында ұзақ жанатын қа­зан­дық қондырғыларын орнату технология­сын жетілдіру, оның санын көбейту мәселелері талқы­ланып, өңір басшысы Құмар Ақса­қалов тиісті орындарға нақты тап­сыр­малар жүктеді. Алда осы бағыт­та атқарылуға тиіс ауқымды міндеттер тұр.

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»