Өнер • 26 Қазан, 2018

Темірбек Жүргеновтің туғанына 120 жыл толды

1328 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Темірбек Жүргеновтің туғанына 120 жыл толды. Осыған орай 25 қазан күні Қызылорда қаласында Н.Бекежанов атындағы қазақ музыкалық драма театрында Өнер академиясында білім алып және жұмыс жасап жүрген қызылордалық өнерпаздардың қолөнер, зергерлік бұйымдарынан және белгілі дизайнер Сәуле Бапанованың коллекциясынан көрме - дефиле ұйымдастырылды.

Темірбек Жүргеновтің туғанына 120 жыл толды

Көрмеге республикамызға белгілі қылқалам шеберлері Сәрсенбек Әбілқасым, Төлеген Сүлейменов және Ағымсалы Дүзеновтердің еңбектері қойылды. Сөз алған азаматтар Темірбек Жүргеновтің қазақ халқына, мәдениетіне сіңірген өлшеусіз еңбегі жөнінде сыр шертті. Алаштың айтулы тұлғасы Сталиндік зұлматтан аман қалған жоқ. Ол туралы Темірбек Жүргенов қоғамдық қорының төрағасы, Қызылорда облыстық Қоғамдық Кеңес мүшесі Сәби Әбдіқадырұлы Аңсат былай дейді:

«Ол Өзбекстандағы аталған деңгейдегі лауазымды қызметін қалдырып, 1933 жылы елге келіп қазақ деген ұлттың тіліне, білімі мен мәдениетіне, мемлекет болып қалыптасуына ұшан-теңіз еңбек сіңірді. Алаш ардақтылары тұтқындалып, атылып жатқан кезеңде өзінің де аман қалмайтынын біле тұра, «Отаныңмен салыстырғанда ең қымбатыңның өзі арзан», деп Қадыр ақын айтқандай, бір шыбындай жанының амандығынан ұлтына қызмет етуді артық көріп, осындай қадамға барды. Өзіне де, өзгеге де қатаң талап қойып, күндіз-түні, жарғақ құлағы жастыққа тимей, өлшеулі уақытқа берілген мүмкіндікті ұлт мүддесіне барынша пайдалануға ұмтылды. Қыруар шаруа тындырды. Көзі тірісінде-ақ, халық арасында үлкен құрметке, зор беделге ие болған азамат ұлт зиялылырына қарсы ұйымдастырылған зұлматтың құрбанына айналды.

Темірбек Жүргенов сынды мемлекет және қоғам қайраткерлерінің ақталғанына 60 жылдан асса да, қазіргі ғылым мен технология дамыған заманда әрқайсысының сүйектері жеке дара сарапталып, жер қойнына ислам шартымен әлі тапсырылған жоқ. Алаш арыстарының ресми бейітінің болмауы біздің мемлекеттігімізге, қала берді тәуелсіздігімізге өзге мемлекеттер мен ұлттар алдында үлкен сын», дейді.

Көрмеден соң Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен Академияның шығармашылық ұжымы Қызылорда қаласында мемлекет және қоғам қайраткері Темірбек Жүргеновтің 120 жылдығына арналған және Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы аясында «Рухқа тағзым» атты мерекелік концерт өткізді.

Алаш ардақтысының өз туған жерінде мерейтойының лайықты аталып өтуіне облыс әкімідігі үлкен қолдау көрсетті. Қазақ халқының үлкен болашағы үшін қасықтай қаның қиған азамат ешқашан ұмытылмақ емес. Оны халықтың ұлы тұлғаға деген сүйіспеншілігінен байқадық.

Бақтияр ТАЙЖАН,

«Егемен Қазақстан»

Қызылорда облысы