Қазақстан • 26 Қазан, 2018

Смарт карта – жолаушының серігі

291 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жолақыны карта арқылы төлеудің тиімді тұстары көп екенін ел түсініп келеді. Енді бұл мүмкіндікті атыраулықтар да қолдана алады. Мұнайлы өңірде электронды билет жүйесі бойынша смарт карта төлемі жүзеге аса бастады.

Смарт карта – жолаушының серігі

Жаңа жүйе жолаушылардан түскен қаржының нақ­ты көлемі мен оның қайда жұмсалатынын анықтауға септігін тигізеді. Бұған дейін Алматы, Астана секілді еліміз­дің ірі қалаларында қолға алын­ған жоба қоғамдық көлік сала­сындағы мәселелердің күр­меуін шешуге ықпал еткен-ді.
Атырауда смарт карта сау­да орталықтарында, темір жол вокзалында, шағын аудандардың соңғы аялдамаларында сатылып жатыр, автобус кондукторларынан да алуға және шотты толтыруға болады.

Бір картаның құны – 300 теңге. Оның шотын тасымалдаушылар арқылы, сату нүктелерінде, Qiwi-терми­нал­дарда және «SmartQala» мо­бильді қосымшасы арқылы толықтыруға болады. Көліктегі смарт карта, банк картасы, NFC қолданбасы бар смартфон, QR коды, QR картасы, SMS хабарламалар, Bluetooth, мессенджер және жолсерікке қолма-қол төлем төлеу сынды тоғыз түрлі төлем бар.
«Ѕмart –ТКШ» ЖШС өкілі Ерлан Нұрланұлы: «SmartQala» мобильдік қосымшасы ар­қы­лы төлемнің барлық түрлерін жасауға және карта теңгерімін бақылауға болады. Енді бұл қосымшаны барлық коммуналдық төлем­дерді, жол ақыларын және салықтарды төлеуге пайдалануды жоспарлап отырмыз. Жыл аяғына дейін қосымшада автобустардың келу уақытын, бақылау қызметін іске қосамыз. Жолаушы аялдамада тұрып, жақын маңдағы қоғамдық көліктің келу уақытын көре алады», дейді. 

Қазір қаладағы 54 автобус мобильді терминалмен жаб­дықталған. Барлық 200 автобусты жабдықтап, QR-кодтар беру жұмысы жақында аяқталады. 

– Атырау қаласының қоғам­дық көліктерінде электронды билет жүйесін енгізу оң нәти­же береді, бұл қозғалыстың ашық­тығын қамтамасыз етеді, азаматтардың әлеуметтік санаттары бойынша статистиканы жүргізуге, бюджетке салық түсімдерін арттыруға, қоғамдық көліктерді бақылау­ға жол ашады, – дейді Ерлан Нұрланұлы.

Бақытгүл БАБАШ,

«Егемен Қазақстан»

АТЫРАУ