Қазақстан • 26 Қазан, 2018

Баспана бағдарламалары басқа өңірлерге де үлгі

282 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Баспана бағдарламалары басқа өңірлерге де үлгі

Қызылорда облысында тұрғын үй кезегінде 27 мың отбасы тұрса, оның 23 мыңы Қызылорда қаласына тиесілі. Осынша отбасы үй-жайын шешу үшін өз жағдайына тиімді жолдарды іздейді.

Ипотекалық бағдарламалар елдің бәріне бірдей қолжетімді емес. Көптеген отбасы ай са­йын белгіленген қаржыны тө­леу­ге қабілетті болғанымен банк ұсынған алғашқы 20-30 пайыз жарнаны төлеуге ақша­сы­ның басын құрай алмайды. Бүгінде айдалада жатқан бат­пан құйрық жоқ. Баяғы аста-төк замандағыдай тегін пәтер­лердің берілмейтіндігін Мем­лекет басшысы да қадап айтқан. Бар қар­жы­сына тұрғын үй құры­лы­сын салып, еселеуді мақсат тұт­қан инвестор ондай тәуекелге бара алмайды. «Үйдегі көңілді базар­дағы нарық бұзады» деген­дей, бүгінгі заман басқа. Тұр­ғын үй салудың қаншалықты ма­шақаты, тәуекелі барына салымшылардан қаржы жинап алып, басына тартса етекке жет­кізе алмай, борышқа батқан кәсіпорындар жақсы мысал болады. Инвесторлардың тегін үй салып беруге құлықсыздығын осыдан-ақ шамалай беріңіз.

Ал «өз үйім – өлең төсегім­сіз» өмір – өмір емес. Бастапқы қар­жыны құюға шамасы жет­пейтіндер қайтпек керек?!

Қызылорда облысының әкі­мі Қырымбек Көшербаев осы шаруаның ретін келтірді.

Өңірде бастапқы төлемсіз тұрғын үй алуға мүмкіндік бе­ретін «Орда» тұрғын үй құры­лы­сының Жол картасы әзірленгенін облыс әкімі халыққа есеп беру кездесуінде айтқан еді.

«Біз өңір тұрғындарының әлеуметтік осал тобын мейлінше қолжетімді тұрғын үймен қам­та­масыз етуді мақсат етіп қой­дық. Сол үшін 2017 жылы 3 жыл­ға есептелген «Орда» тұр­ғын үй құрылысының Жол карта­сын әзірледік. Несиелік тұр­ғын үйдің көпбалалы отбасы­лар, мүмкіндігі шектеулі және әлеуметтік аз қамтылған топта­ры­ның барлығына бірдей қолжетімді еместігін ескеріп, «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында салынып жатқан несиелік тұрғын үйлерді жергілікті бюджет есебінен сатып алуға жыл сайын облыстық бюджеттен 2 млрд теңгеден қаржы бөлу туралы шешім қабылдадық», деді ол.

Облыс әкімінің бастамасы қа­лай орындалып жатқандығы жу­­ырда «Нұр Отан» облыстық фи­­­лиалы ғимаратында өткен бри­­фингте де жан-жақты түсінді­­ріл­ген.

Облыста «Нұр Отан» партия­сының бастауымен бюджеттік сала қызметкерлеріне арналған «Қамқор баспана» және жас от­ба­сыларға арналған «Жас арман» жобалары қолға алынды. Бұл бағытта алғашқы жарна 20 па­йыз­дың 10%-ы облыстық бюджеттен ұзақ мерзімге, көмек ретінде беріледі.
Негізі, «Нұрлы жол» мемле­кеттік бағдарламасы аясын­да 2018 жылы тұрғын үй құры­лысына 14 млрд теңге қаралған. Оның 6,1 млрд теңгесі тұрғын үй құрылысына, 7,9 млрд теңгесі инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымның 50 жобасына бөлінді. Облыс бойынша 1747 пәтерге арналған 69 үйдің құрылысы жүргізіліп жатыр.

Сала мамандары қатысқан жиында:

– Қызылорда қаласының сол жағалауынан 18 көпқабатты тұрғын үй жеке инвесторлар есебінен салынып жатыр. 14 үйдің 4 және 5-ші қабат­та­рында 248 пәтер «Орда» бағ­дар­ламасына қатысады. Жергілікті атқарушы органдар жеке инвесторлардан осы пәтерлерді сатып алады. Тұрғын үйге мұқ­таж отбасылар және осы бағ­дар­ламаға қатысушылар «Тұр­ғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ-та депозит ашу керек. Біздің мақсатымыз – өңірдегі әлеуметтік осал топтағы отбасылар үшін тұрғын үйді қолжетімді ету, – деді облыс әкімінің орынбасары Серік Сүлейменов.

Бағдарлама шарттарына сәйкес көпбалалы және толық емес отбасы, мүмкіндігі шектеулі жандар немесе мүмкіндігі шек­­теу­лі бала тәрбиелеуші отбасы, жетім балалар мен ата-ана­сының қамқорлығынсыз қал­ған балалар, І, ІІ топтағы мүге­дек­тер, жат жұрттардан келген қан­дастарымыз, мем­ле­кеттік қыз­мет­шілер және 35 жасқа дейінгі екі жыл некеде тұрған жас отбасылар бастапқы төлемсіз қатыса алады.

«Орда» бағдарламасының артықшылығы, осы санатқа жататын отбасылар ешқандай алдын ала 20-30 пайыз төлемсіз екі бөлмелі пәтерді ай сайын 42 мың теңге, үш бөлмелі пәтерді 52 мың теңге төлей отырып ала алады. Басында үйі жоқтар бұ­дан көп қаржыға пәтер жалдап тұратындығын ескерсек, бұл әлеуметтік жағынан аз қор­­­ғалған отбасылар үшін ай­рық­ша жеңілдік. Айта кетейік, Қы­зыл­орда облысының бұл тә­жі­­ри­бесі Үкімет тарапынан бас­­қа об­лыстарға да таратуға ұсынылды.

Мемлекет басшысының ха­лықты тұрғын үймен қамту туралы тапсырмасы Қызылорда облысында осылайша орындалып жатыр.

Бақтияр ТАЙЖАН,

«Егемен Қазақстан»

Қызылорда облысы