Қазақстан • 26 Қазан, 2018

«Sayat» этнотуристік орталығы ашылды

887 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Орал қаласының іргесінде «Sayat» этнотуристік орталығы ашылды. Өңірдегі белгілі кәсіпкер, меценат Мұрат Жәкібаев ұйымдастырған бұл орталықтың мақсаты – ішкі туризмді дамыту, өңірдің табиғи байлығы мен бай мәдениетін белсенді демалыс арқылы насихаттау.  

«Sayat» этнотуристік орталығы ашылды

Елбасы биылғы Жолдауында «Бай таби­­­­ғатымыз бен мәдени әлеуетімізді пайдалану үшін сырттан келетін және ішкі туризмді дамытуға ерекше көңіл бөлу қажет. Үкімет қысқа мерзімде салалық мемлекеттік бағ­дар­лама қабылдауға тиіс» деген болатын. Батыс Қазақстан облысында ашылған этнотурис­тік орталық дәл осы мақсат үдесінен шыққан.

– Президент өңірлерді дамытудың бір жолы ішкі және сыртқы туризмді дамыту екендігін жиі айтып келеді. Әлемдегі 10 жұмыс орнының біреуі дәл осы салаға тиесілі. Біз бүгін өңіріміз үшін ерекше оиғаға – этно-туристік орталықтың ашылу салтанатына тап келдік. Бүгіннен бастап біздің өңірдің ішкі туризм саласы жаңа белеске шықты деп айтуға болады. Шынын айтсақ, біздің өңірде тарихи орындар, ерекше ескерткіштер өте көп. Алыс-жақын шетелден келген мей­ман­дарға, өз еліміздің өзге өңірлерінен келетін қонақтарға көрсетуге лайық сәулет және та­би­ғат ескерткіштері, тарихи маңызы бар ­оры­н­­дар аз емес. Айта кетейін, осы орта­лық­­тың аумағында Қазақстан халқы Ассам­блея­сы­ның «Менің Елім» атты этноауылын ашу жос­парда тұр. Ол жерде біздің өңірді ме­кен­­дейтін бар­лық ұлттың мәдениеті көрі­ніс табады. ­Шет­елдіктер үшін бұл өте қызық­ты, сондық­тан туристер көп тартылады деп ой­лаймын, – деді өңір басшысы Алтай Көлгінов.

Жаңа этнотуристік орталық спорттық, емдік-сауықтыру және танымдық бағытта қызмет көрсетпек. Бұл жерде атқа салт міну дағдысына үйренуге, ат спортының олим­пиадалық түрлеріне жаттығуға, танымдық экскурсиялар жасауға болады. Сондай-ақ ұлттық ат спорты түрлері мен иппотерапия да «Sayat» орталығының ерекшелігінің бірі. Жақын арада бұл жерде суда қайықпен қыдыру, жаяу серуен, велотуризм мен қыс­та шаңғы тебу жолға қойылмақ. Өзеннің жа­ғасы, тоғайдың ішінде орналасқан этноту­ристік орталықтың жағрапиялық жағда­йы­ның өзі жоғарыда аталған демалыс түр­лерін дамытуға қолайлы мүмкіндік беріп тұр. 

Орал қаласының іргесінде, 12-ақ шақы­рым жерде, табиғаттың әсем мүйісінде ор­н­аласқан «Sayat» орталығында 22 жыл­қыға арналған атқора, жабық манеж бар. Келушілер демалатын қонақ бөлмелері, душ, кір жуатын орын, асхана және оқыту класы да қарастырылған.

– Біздің мақсатымыз – өлкеміздің турис­тік әлеуетін ашып көрсетіп, заманауи стан­дарт­тар негізінде белсенді демалысты қа­лайтын азаматтарға қызмет көрсету, мем­лекет-жекеменшік серіктестігі аясында елі­міз­дің туристік кластерін дамыту. Бұл жер­де сәбиден қарияға дейінгі келушілерге қы­зық­ты бағдарламалар ойластырылған, – дейді осы кешен идеясының авторы, кәсіп­кер Мұрат Жәкібаев. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында салынған кешен құрылысына 300 млн теңге қаржы кетіпті. 

– Аумағы 5 га жерді алып жатқан этно-туристік орталықта қазірдің өзінде түрлі жарыстар өткізуге болады, оған қажетті әртүрлі алаңдар, құрал-жабдықтар бар. Жылқыларға керемет жағдай жасалған. Кешен жарыстар өткізуге, белсенді демалыс ұйымдастыруға және иппотерапия жүргізуге толық сәйкес келеді, – дейді кешеннің ашылу салтанатына арнайы келген алматылық маман, Қазақстан ат спорты федерациясының өкілі Яна Каменская.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»

Батыс Қазақстан облысы