Аймақтар • 26 Қазан, 2018

Солтүстік Қазақстанда «Татуласу: сотқа дейін, сотта» жобасы аясында толғақты мәселелер талқыланды

517 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Татуласу: сотқа дейін, сотта» пилоттық жобасы аясында Солтүстік Қазақстанға жұмыс сапармен келген Жоғарғы Соттың жұмыс тобы кездесу өткізді.

Солтүстік Қазақстанда «Татуласу: сотқа дейін, сотта» жобасы аясында толғақты мәселелер талқыланды

Алқалы жиынға әкімдік, «Атамекен» ҰКП-ның өкілдері, судьялар, сот жүйесінің ардагерлері, медиаторлар, кәсіпкерлер қатысты.

Модератор, «Бірлесе даму» әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту қоры» қоғамдық ұйымының президенті Нұргүл Қарағойшина пилоттық жобаның құрылымдық ерекшелігіне баса тоқталды. Ол өз сөзінде отбасылық, жекебастық, қоғамдық  дау-дамайлардың көбейіп кеткенін, бұрын мұндай жанжалдар  ақсақалдардың, билердің араласуымен, төрелік айтуымен шешіліп келсе, қазір қит етсе сотқа жүгіретін болды. Тіпті екітараптың келісіміен шешілетін ұсақ-түйек мәселелер үшін жан-жаққа арызданып, уақыттарынбосқа жоғалтып жатады. Түрлі себептермен сот процесі ұзаққа созылып кететін жайттар аз кездеспейді.

Жылына тұрғындардан орта есеппен 1 миллион 300 мыңдай  арыз-шағым түседі. Бәрінен бұрын жақын ағайындар, туған-туысқандар арасында өнбес дау-дамайлардың көбейіп бара жатқаны алаңдатады. Сондықтан жер-жерлерде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бағытында атқарылып жатқан сан-салалы жұмыстардың ішінде татуластыру институттарын орнықтыру, олардың қызметін жандандыру, күшейту аса маңызды, деді ол.

Жоғарғы Сот Төрағасының Кеңесшісі Сағатбек Сүлеймен өз баяндамасында қоғамдағы дау-дамай деңгейінін өршуін атап көрсетіп, кездесуге қатысушыларды пилоттық жобаны жүзеге асырудың оңтайлы жолдарымен таныстырды.

«2013-2017 жылдардағы статистикалық мәліметтер бойынша сотқа келіп түскен арыздар мен істердің саны екі есе өскен.Елімізде адам басына шаққанда әрбір төртінші азамат дауға тартылып, соттасып жүр.  Дамыған елдерде даулардың 80-90 проценті бітімгершілікпен аяқталады. Халқымыз болмашы нәрсеге бола бет жыртысып, бір-бірін  ендігәрі көрместей болып, оның ақыры әуре-сарсаңға түсіп, шығынға ұшыратып жатады. Мемлекетіміз, судьялар үшін  де қымбатқа түседі», дей келіп, Төрағаның кеңесшісі республикада құрылып жатқан татуласу орталықтарының дауларды  шешудің қолайлы алаңы екеніне нақты мысалдар келтірді. Медиация институтын кеңінен насихаттауға шақырды.

Облыстық азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Айдар Смағұлов өңірде жобаның жүзеге асырылу барысы туралы баяндай келіп, соттарға медиация әдісі енгізілгенін жеткізді. Биыл 9 айда 9 530 азаматтық іс қаралса, оннан біріне татуластыру рәсімдері қолданылған.  62 514 556 теңге мемлекеттік баж салығы қайтарылған.

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, заң ғылымдарының докторы, профессор Есберген Алауханов татуластыру рәсімдерін жүзеге асыру формаларын жан-жақты баяндады. Белгілі академик Салық Зимановтың билер институтын жаңғырту жөніндегі идеяларының маңызына тоқталды.

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

Солтүстік Қазақстан облысы