Соңғы кездері әйелдер арасындағы сайыста айшықты өнерімен көзге түсіп, бірқатар дүбірлі додадаларда жеңіс тұғырына көтерілген Сыр бойының сұлуы бұл жолы да жүлде алуды көздеуде. Ал майтламан мамандардың пайымдауынша, Үйеңкі жапырақтар еліндегі жарыстың басты фавориттері – ресейлік Евгения Медведева мен жапониялық Вакаба Хигути. Әрине, көпшіліктің бұл уәжімен келіспеу қиын. Өйткені, жоғарыда аталған спортшылардың екеуі де өте мықты. Мәселен, 18 жастағы Ресейдің өкілі 2018 жылы өткен Олимпиа ойындарында қос күміс медальді олжалап, 2016 және 2017 жылдары әлем чемпионы атанды. Одан бөлек, Евгения Еуропа біріншілігінде екі рет топ жарды. 17 жасар жапониялық арудың да қарқыны күшті. Ол – биылғы жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері.
Десек те Элизабет Тұрсынбаеваны да осал деп айтуға ешкімнің аузы бармайды. 18 жастағы жерлесіміз Дүниежүзілік жасөспірімдер Олимпиадасы мен Азия ойындарының қола жүлдегері. Канадада жалауы желбірейтін жарыста қазақтың ару қызы Евгения Медведева мен Вакаба Хигути сынды даңқты спортшыларға лайықты қарсылық көрсетеді деген ойдамыз.
Ғалым СҮЛЕЙМЕН,
«Егемен Қазақстан»