Үкімет • 31 Қазан, 2018

Жұмыспен қамту жіті назарда

456 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Кеше Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында 2017–2021 жылдарға арналған Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасын іске асыру барысы және мемлекеттік бағдарлама мәртебесінде оның өзектілігін арттыру жобасы қаралды. 

Жұмыспен қамту жіті назарда

Еңбек және халықты әлеу­мет­тік қорғау министрлігінің мәлі­метіне сәйкес, бағдарламаға оның қолданыстағы тетіктерінің тиімділігін арттыру және жаңа шаралармен толықтыру үшін өзге­рістер енгізу көзделген. Мемле­кеттік бағдарламаның негізгі мақсаты – еңбек ресурс­тары­ның біліктілігін арттыру, жап­пай кәсіпкерлікті дамы­ту және өзін-өзі жұмыспен қам­ты­ғандарды, жұмыссыздарды өнімді жұмысқа тарту. Министр Мәдина Әбілқасымованың баян­дауынша, 2018 жылы бағдар­ла­маны іске асыруға 112,9 млрд теңге бөлінген, жылдың соңы­на дейін 571 мың азаматты жұ­мыс­пен қамту шараларына тарту жос­парланып отыр.

«Осы жылдың 10 айының қо­ры­тындысы бойынша 82,5 млрд теңге игерілген. Қазандағы жағдай бойынша қолданыстағы бағдарлама 563 мың адамды жұмыспен қамту шараларына тартуға мүмкіндік берді, бұл жылдық жоспардың 99 пайызын құрайды», деді М. Әбілқасымова.

Бағдарламаның бірінші бағыты еңбек нарығында сұра­нысқа ие мамандықтар мен дағ­дылар бойынша жаппай оқы­туды көздейді. Тегін техни­калық және кәсіптік оқыту шең­берінде 1 қыркүйектен бастап 20 мың адам оқуға кірісті, бұл – жылдық жоспардың 99 пайы­зы. М.Әбілқасымованың мәлім­деуін­ше, қазандағы жағдай бойын­ша 40 мыңға жуық бағдар­ламаға қатысушы қысқа мерзімді оқытуға жіберілді. Республика бойынша қысқа мерзімді кәсіптік оқытуды аяқтаған 18 мың адам жұмысқа орналастырылды.

Еңбек және халықты әлеу­меттік қорғау министрі бірінші бағыттың іске асырылуын ескере отырып, мемлекеттік бағдарлама жобасында оқуды аяқтаған адамдарды толық жұмысқа орналас­тыруды қамтамасыз етуге бағыт­талған жаңа тетіктер көзделгенін атап өтті.

Бағдарламаның екінші бағы­ты жаппай кәсіпкерлікті дамытуды көздейді. Осы бойынша ауыл­дарда және қалаларда шағын несие беру аясында қазандағы жағдай бойынша 42 млрд теңге, оның ішінде ауылдарда 31 млрд теңге және қалаларда 11 млрд теңге игерілді. М.Әбілқасымова шағын несиелерді түпкі қарыз алушыларға жеткізуді тездету үшін мемлекеттік бағдарлама жобасында бірқатар өзгеріс  қарастырылғанын айтты. Осы бойынша ауылдық елді мекендерде зәкірлі кооперацияны дамыту үшін шағын несие мөлшері 5000-нан 8000 АЕК-ке дейін ұлғайтылды, зәкірлі коо­перация қатысушыларына, ауыл­дардағы және шағын қала­лар­дағы жұмыс істеп жүрген кәсіп­керлерге жұмыс орындарын құру бойынша қойылатын талаптар жеңілдетілді, бағдарламаға қатысушылар саны жұмыс істеп жүрген кәсіпкерлермен толықты.

Бағдарламаның үшінші ба­ғыты аясында қазандағы жағдай бойынша 128 мың адам субсидияланатын жұмыс орындарына жұмысқа орналастырылды, оның ішінде 22 мың адам әлеуметтік жұмыс орындарына, 26 мың адам жастар практикасына, 
80 мың адам қоғамдық жұ­мыс­тарға жіберілді. Электронды еңбек бир­жасы арқылы 336 мың­ға жуық адам тұрақты жұ­мыс орындарына орналастырыл­ды. Еңбек ресурстарының ұтқыр­лығын арттыру аясында оңтүстік өңірлерден 1488 отбасы немесе 4925 адам қо­ныс аударыпты. 

«Жұмыс күші жетіспейтін өңірлерге көшу кезінде қоныс аударған адамдарды тұрғын үймен қамтамасыз ету маңызды фактор болып табылады. Осы үшін Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша мемле­кеттік бағдарламада жұмыс бе­ру­шілердің қатысуымен қоныс аударушыларға тұрғын үй салу және сатып алу тетігі әзір­ленген. Бұл тәсіл алдымен Сол­түстік Қазақстан облысында сы­нақтан өткізіліп, кейін басқа өңірлерде қолданылады», деді М.Әбілқасымова.

СҚО-да алдағы үш жылда үш мыңға жуық қоныс аударушы отбасын тұрғын үймен қамтамасыз ету жоспарланып отыр.

Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов қазіргі таңда шағын несие беру схемасына екінші деңгейлі жеті банк және екі шағын қаржы беру ұйымы қатысатынын айтты. 2018 жылы қалалардағы шағын несие беруге бөлінген қаражаттың жалпы сомасы 17 млрд теңгені құрайды. Қазір 11,1 млрд теңге игеріліп, 1042 жоба қаржыландырылған.

Өз кезегінде Білім және ғы­лым министрі Ерлан Сағадиев техникалық және кәсіптік білімі бар кадрларды даярлауды іске асы­ру барысы жөнінде баяндады. Қазіргі таңда 337 колледжде 36,6 мың адам білім алуда, оның 21,5 мыңы әлеуметтік әлсіз топтан.

«2018 жылы 20 200 адам қа­былданды. Жалпы, жоспар орындалды. Әкімдіктердің ақпараты бойынша өткен жылы түскен студенттердің 3900-і оқу бітіріп, оның 72 пайызы жұмысқа орналасты. Ал келесі, 2019 жылы 5300 адам оқу бітіреді», деді Бі­лім және ғылым министрі.

Ауыл шаруашылығы бірін­ші вице-министрі Арман Ев­ниевтің баяндауынша, бағдар­ла­маның екінші бағыты бойын­ша «ҚазАгро» еншілес құры­лымдары арқылы ауылдық елді мекендерде және шағын қалаларда бизнес-жобаларды іске асыру үшін шағын несиелер беру жұмыстары жүргізілуде. Осы мақсаттар үшін 2018 жылы 44,7 млрд теңге бюджеттік несие бөлінді, соның ішінде «Пре­зи­денттің бес әлеуметтік баста­ма­сын» іске асыру аясында 13,9 млрд теңге қосымша қаржы бөлінді.

«Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов техникалық және кәсіптік ма­ман­дықтар бойынша кәсіптік даяр­лау, біліктілікті арттыру және дағдыларды меңгеру бойын­ша оқу орталықтары тізілімін жүр­гізу жұмыстары атқарылып жат­қанын атап өтті. Сонымен қатар «Бастау-Бизнес» жобасы бойынша 2018 жылы бизнес жүргізу дағдыларына ауыл мен шағын қалалардың 30 мыңға жуық тұрғынын оқыту көзделген.

Тиісті министрліктер мен өңір әкімдерінің баяндамаларын тыңдағаннан кейін, Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев өзектендіру жоспарлары мен бағдарламаның мемлекеттік мәртебесімен қайта бекітілуін ескере отырып, оны одан әрі іске асыруға қатысты нақты тап­сыр­малар берді. Берілген мәлі­меттерге сәйкес, Нәтижелі жұ­мыспен қамтуды және жаппай кә­сіпкерлікті дамыту бағдар­ла­масының жоспарлы көрсет­кіштері орындалғаны аталып өтті. Сонымен қатар Премьер-Министр барлық өңірлерге бағдарламаны іске асыру жұ­мыстарын жандандыруды тапсыр­ды. Нысаналы топтарды, атап айтқанда жұмыссыздар мен өзін-өзі жұмыспен қамты­ған адамдардың табысын арт­тыру үшін азаматтарды өнім­ді жұмыспен қамту бойынша қабылданып жатқан шара­лар­дың әсеріне мониторинг жүргізу жүйесін жолға қоюы керектігі тапсырылды. Үкімет бас­шысының тапсырмасы бо­йынша, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі «Ата­мекен» ҰКП-мен және өңір­лермен бірігіп, «Бизнес-Бас­тау» жобасымен бі­лімін жетіл­ді­р­гендерді шағын несиемен қамту мәселесіне ерекше назар аударуы керек.

Бұдан бөлек, бағдарламаның орындалуын жеке өңір­лік жұ­мыспен қамту бағдарламалары, оның ішінде бюджеттік қара­жат­тың тиімділігі тұрғысында іске асырылуын ескере отырып талдау жасау тапсырылды. Б.Са­ғынтаев Үкімет мүшелеріне өзектендірілген бағдарламаның тиімділігі тұрғындардың та­бысының өсімімен де бағалануы тиіс екендігін еске салды.

Сондай-ақ Үкімет отыры­сы­ның барысында Әділет ми­нистрі Марат Бекетаев 2019 жылға арналған заң жобалау жұ­мыс­тарының жоспары туралы баян­дады. Әділет министрлігі Заң жобалау қызметі мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия мүшелерімен бірлесіп, Үкіметтің 2019 жылға арналған жұмыс жоспарын әзірледі. Оның негізіне ел Президенті айқын­даған, мемлекеттің стратегиялық құжаттарында баяндалған мін­деттер алынды.

М.Бекетаев алдағы жылы «Халықтың денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы», «Педагог мәртебесі ту­ра­лы», «Мемлекеттік фель­дъ­е­герлік байланыс туралы» заң жобаларын және басқа да құ­жат­­тарды әзірлеу көзделіп отыр­ға­нын жеткізді. Сонымен қатар мем­лекеттік органдар құқықтық мониторинг нәтижелерінің не­гізінде бірқатар заң жобаларын әзірлеуді жоспарлап отыр.

Жалпы, жоспар жобасында 29 заң жобасын әзірлеу қа­рас­тырылған. М.Бекетаев жоспар жобасын қалыптастыру кезінде заң жобаларын осы жыл ішінде Пар­ламенттің қарауына енгізу қа­жеттігі ескерілгенін айтты. Мәселен, 2019 жылдың І жарты­жылдығында Парламентке – 16, ал ІІ жартыжылдықта 13 заң жобасын енгізу жоспарлануда.

«Жоспардың жобасы Заң жобалау қызметі мәселелері жө­ніндегі ведомствоаралық комис­­сияның отырысында талқы­­ланды. Үкіметтік емес ұйым­дар­дың ұсыныстары ескерілді. Жоспарда көзделген заң жоба­лары бойынша түсіндіру жұмыс­тарын оны қабылдағаннан кейін мемлекеттік органдар жүргі­зетін болады», деді министр.

Үкімет басшысы заң жо­ба­ларының тыңғылықты және кешіктірілмей әзірленуі жөнінде тиісті тапсырмалар берді.

Сұңғат ӘЛІПБАЙ,

«Егемен Қазақстан»