Бұл мүмкіндігі шектеулі жандардың мәселелерімен айналысатын ұйымдардың жұмыстарын қорытындылайтын жыл сайынғы шара. Қоғамдық ұйымдар өңірде аталмыш бағытта атқарылып жатқан ауқымды қызметтер жайында айтып берді.
- Мен әр адамның білімділігі мен тәрбиесі оның тұрмысы нашар тұрғындарға, көпбалалы отбасыларға және әсіресе мүмкіндігі шектеулі жандарға қаншалықты көмек пен қолдау көрсетуге дайын екендігіміен бағаланады деп ойлаймын. Бұған жалпы Елбасы саясаты да бағытталған. Президенттің ағымдағы Жолдауы да әлеуметтік сипатта. Жолдау ең алдымен әрбір қазақстандық үшін қолайлы жағдай жасау үшін бағытталған, - деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев өзінің қатысушыларға арнаған сөзінде.
Өңір басшысы мемлекет пен қоғамның бар күші мүмкіндігі шектеулі жандарға барлық жағдай жасау үшін бағытталуы керек екенін атап өтті. Сондықтан, мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдардың жұмысында мүгедектерге қандай да бір мамандық алуға мүмкіндік беретін жобалар мен бағыттарға басымдық беріледі. Мәселен, әкімнің сөзінше қазіргі таңда мүгедектерді массаж жасаушы мамандығынан басқа тіс дәрігері мамандығына да оқытып жатыр.
Ол сондай-ақ, кәсіпорындар мен түрлі компания басшыларымен олар мүгедектерге бос жұмыс орындарын бөлу туралы заң талабына қарсы келмеулері үшін жұмыстар жүргізіліп жатқандығын атап өтті. Әлеуметтік жауапкершілік танытып, халықтың осы санатына жұмыс орындарын ашқандарды мысалға алды. Әкімнің мәліметінше, биыл мүмкіндігі шектеулі 800 адам жұмысқа орналасқан.
Бұл ретте денсаулығында кінәрәті бар ақтөбеліктер, соның ішінде жастардың өздері жақсылыққа ұмтылып, мақсат қойып, соған жетулері керек.
Өз кезегінде сал азаматтарды қорғау қоғамының төрайымы Құралай Бәйменова мүгедектердің құқығын қорғау саласында жүргізіліп жатқан жұмыстар мен көрсетілген қолдау үшін алғысын білдірді. Ол сондай-ақ, мүмкіндігі шектеулі жандарды белсенді болып, тұйықталып қалмауға шақырды.
- Біздің форумдар өз форматын, тақырыбын жыл сайын өзгертіп отырады. Зиян келтірме, күнделікті кем дегенде бір адам қамқорлықты, махаббат пен жылулықты сезіну үшін іс жаса», - деді ол.
Форум кезінде мүгедектігі бар азаматтарды қорғауға бағытталған қозғалысқа үлкен үлес қосып, мүгедектерді әлеуметтік қорғау саласындағы көпжылдық еңбегі мен белсенді өмірлік ұстанымы үшін үкіметтік емес бес ұйымның басшылары облыс әкімі атынан марапатталды. Сондай-ақ, мүмкіндігі шектеулі ең белсенді он ақтөбелік алғыс хаттар алды.
«Инватакси» көлік қызметін дамыту мақсатында «Халық» қайырымдылық қоры Қазақстанның халық банкімен бірлесе Құралай Бәйменоваға шағын автобустың кілтін табыс етті. «ГАЗ 32212» маркалы автомобилі арбаға таңылған мүгедек жандарды тасымалдауға арналған және Ақтөбе қаласына қызмет көрсетеді, сонымен қатар, Қарғалы, Ақжар, Жаңақоныс және Құрашасай ауылдарына қатынайтын болады.
Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметінше бүгінде өңірде 25 мыңнан аса мүгедек тұрады, олардың 3 мыңнан астамы балалар. Халықтың осы санатының түрлі қажеттіліктері үшін, соның ішінде техникалық қосалқы құралдарды сатып алуға, шипажайда емделуге және тағы да басқалар үшін 2018 жылы бюджеттен 1,8 миллиард теңге бөлінген. Түрлі үкіметтік емес ұйымдар мүгедектерді оңалтуға және тұрмысын жақсарту үшін неше түрлі қызметтерді белсенді көрсетуде.
Темір Құсайын,
«Егемен Қазақстан»