Шоқан Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры Зиябек Қабылдинов іс-шараны ұйымдастыруға қолдау көрсеткен Мемлекет тарихы институты мен Дүниежүзі қазақтар қауымдастығына алғыс білдіре отырып, шараның маңыздылығына тоқталды.
Ұлт қаһарманы, ел-жұртын зұлымдықтан құтқару жолындағы күрескер тұлға Елісхан Әліпұлы қазақ халқының басына түскен қаһарлы жылдардың құрбаны. Гималайды алғаш асқан ұлы көштің бастаушысы. Алтай-Баркөлді мекен еткен қазақтар Қытай билігінің қысымына шыдамай үдере көшкен жылдарда қол бастаған Елісхан батырдың ерлігіне тарихи деректер куә. Деректер дара тұлғаның жауға тізе бүкпейтін қайсар, қатал, ержүрек әрі түркілерге тән өр рухты болғандығын айғақтайды. Есімі, ерлігі әдеби-тарихи кітаптарға арқау болған батыр жайында жазушы Жәди Шәкенұлы жазған «Қаралы көш» романы елімізде үш мәрте басылып, одан кейін түрік тіліне аударылып, Түркияда басылып шықты. Бүгінде Елісханның туғанына 110 жыл толуы елімізде ғана емес Стамбулда да атап маңызды тарихи оқиға ретінде аталып өтті.
Қазақ көшіне қатысты деректерге тоқталған Мемлекет тарихы институты директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Бүркітбай Аяған Елісханды еске алу шарасы батыр рухына тағзым ғана емес, қазақ тарихының тың беттерін парақтау екендігін атап өтті. «Қазақ эммиграциясы» туралы еңбегіне қазақ көшінің тағдырын арқау еткен ғалым «Қолыма түспеген материалдар ішінде Елісхан жайлы деректер де бар еді. Батырдың ерлігін ұлықтауға арналған бүгінгі шараға шынайы қуанып отырмын» дей келе, қазақ көшіне қатысты бірқатар деректерді ортаға салды.
Шетелдерден шақырылған ғалымдар қатарында Халықаралық саясат ғылымының докторы, доцент Қалибек Хакімнің немересі, Хасен Оралтай ағамыздың қарындасы Мерием Хакімнің есімі аталды. Ғалымның айтуынша, қазақ көшінің ашылмаған ақиқаты жеткілікті. Бүгінде Қытай ғана емес, Үндістан, Пәкістан, тіптен Ұлыбритания архивтеріне түсіп кеткен көптеген деректер бар. Батыста туып-өскен ғалым қазақтың бойындағы ел болу, жұрт болу, ел мен жерді қорғау сияқты ұлттық ерекшеліктерді сақтап қалу сияқты ата-бабаларымыздан қалған өнеге тарихы әлі де зерттеуді қажет етеді дейді.
Конференция барысында филология ғылымдарының докторы Серік Негимов, тарих ғылымдарының докторы Ахмет Тоқтабай, тарих ғылымдарының докторы Айжамал Құдайбергенова, жазушы Жәди Шәкенұлы, Алматы қаласы Ішкі саясат басқармасы Медеу аудандық аумақтық бөлімінің басшысы Рита Ерманова, тарих ғылымдарының кандидаты Әуесхан Шашаев, Түркиядан келген Ибраһим Мұтұлы, Қазақ-түрік білім және зерттеу қауымдастығы төрағасы Шабан Серкан Динчтүрк, жазушы Жанат Ахмади, тарих ғылымдарының кандидаты Факия Шамшиденова, т.б. қатысты.
Шара аясында Елісханның есімін ғылыми айналымға енгізу мақсатында қарар қабылданды. Онда кәсіби тарихшылардың назарын Қазақстан тарихы зерттеулерінен тыс қалған мәселелерге, осы орайда Елісхан батыр туралы, Алтай-Баркөлден Андолыға созылған ұлы көш тарихына қатысты мәліметтерге зерттеулер жүргізумен қатар, батыр есімін оқу бағдарламасына енгізу, стипендиялар тағайындап, бәйгелер ұйымдастыру,т.б. батыр есмін ұлықтауға байланысты мәселелер қамтылды.
Конференцияда «Ел бастаған Елісхан» кітабының таныстырылымы өтті. Сондай-ақ кітап көрмесі ұйымдастырылып, батыр рухына тағзым ретінде құран оқылып, арнайы ас берілді.
Эльвира Серікқызы,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ