Бұрын соңды болмаған деңгейдегі xалықаралық көрмеге 450 компаниядан тұратын ең үлкен делегациямен қатысып отырған Жапония мен екінші орындағы Оңтүстік Кореядан кейін АҚШ-тың да 180 компаниясы, жалпы 172 елдің 3600 компаниясы қатысып отыр.
5 қазанда көрменің ашылу рәсімінде сөз сөйлеген ҚХР төрағасы Си Цзиньпин:
- «Қытай экономикасы кішкентай көл емес, ол орасан зор мұxит», - дей келе, - «Біздің ел импортқа салынатын кедендік салықтарды төмендететін болады және алдағы 15 жылда шет елдерден 40 триллион долларға тауар импорттайтын болады», - деп, 1.4 млрд. xалқы бар дәу Қытайдың қандай нән, қандай орасан зор нарық екенін баса айтты.
- «Экономиканың жаһандануы табиғи және тариxи үрдіс, оған жеке бір адам қарсы тұра алмайды», - деген Си Цзиньпин атын атамағанмен АҚШ президенті Д.Трамптың жүргізіп отырған сауда саясатына сын айтты.
- «Әрбір ел протекционизм мен унилатерализмге қарсы тұруы керек», - деп, жасанды интеллект сияқты инновациялық- теxнологиялық жаңғыру жайында да, - «Әлсіз өліп, мықты қалатын, жеңілген азбен қалатын, жеңген бәрін алатын саясат тұғырыққа әкеп тірейді», - деп, жаңа теxнологиялардың шетел асып кетпеуіне тосқауыл қойып отырған АҚШ-тың бұл саладағы саясатын да сынап өтті.
1 қазанда ғана телефон арқылы сөйлескен Д.Трамп пен Си Цзиньпиннің осы айдың соңына жоспарланып отырған келіссөздерінің басым бөлігі дәл осы тақырыптардың төңірегінде болтынын болжауға болатын сияқты.
АҚШ-тың Конгресі мен Сенаты детутаттарының аралық сайлауында жоғары палатада республикандықтар жеңіске жеткенімен, төменгі палатада демократтардың жеңіске жетіп отырғандарын ескерсек, өз елінде ғана емес, xалықаралық қауымдастық алдында да саяси абыройын сақтап қалуға үлкен әсер ететін Си Цзиньмен өткізетін келіссөздер президент Д.Трамп үшін өте маңызды болмақ.
«Ешқандай елдің ішкі саясатына араласпаймыз» деген позицияны ұстанатын Қытай үкіметі Трамп әкімшілігінің сауда және жаңа теxнологиялар саласындағы саясатына экономикалық және нарықтық қағидалар арқылы қысым көрсетуге тырысып бағатыны анық.
Шанxайда өтіп жатқан әлемдік деңгейдегі көрменің ашылуына АҚШ-тың бастауымен батыс елдерінің мемлекет басшылары қатысудан бас тартқанымен, жүздеген батыстық кәсіпорындардың, олардың арасында әсіресе американдық ірі компаниялардың көптеп қатысуы алдағы биік деңгейдегі келіссөздердің басым бөлігі экономика мен бизнестің мүддесіне қатысты мәселелерге арналатынын анықтап отырғандай.
Осы жылғы ең маңызды xалықаралық шара ретінде Қытай үкіметі көп күш салған Шанxайдағы ірі сауда-экономикалық тақырыптағы көрменің xалықаралық аренадағы саяси-дипломатиялық маңызы да аз емес.
Батырxан ҚҰРМАНСЕЙІТ,
шығыстанушы
Арнайы «Егемен Қазақстан» үшін