Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, публицист, еліміздің білім, мәдениет және өнерінің дамуына айшықты үлес қосқан Темірбек Жүргеновтың есімі қазақ мәдениеті тарихында алтын әріптермен жазылған.
Ұлт қайраткерінің 1937 жылы 3 тамызда «халық жауы» деген жалған айыппен ұсталып, ату жазасына кесілгені белгілі. Еске алуға жиынына қатысқан бауыры Бижан Жүргенов, Т.Жүргенов атындағы қоғамдық қордың төрағасы Сәпен Аңсатов, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Дариға Тұранқұлова, кинорежиссер Еркін Рақышев, т.б. осы бір қаралы жылдарда Темірбек Жүргеновтың басына түскен қиын-қыстау кезеңді, жары Дәмеш Ермекованың тағдыры туралы, 1957 жылы ақталғаннан кейін Термірбектей тұлғаның тарихтағы орнына қатысты әділеттілікті қалпына келтіру, есімін ұлықтаудағы ізгі істеріне қатысты мазмұнды мәліметтерді ортаға салды.
Темірбек Жүргенов 1898 жылы қараша айында Ақтөбе облысы Ырғыз ауданында дүниеге келген. 1913 жылы орыс-қазақ мектебін тәмамадап, 1917 жылы Қызылордадағы Суханский атындағы училищеде білімін жалғастырады. Темірбектей тұлға Қазақстанның Халық ағарту комиссариаты жұмысына С.Асфендияровты, Қ.Жұбановты, Ғ.Мүсіреповтей тұлғаларды тартып, «Қазақстанда мектеп жүйесін реттеу және қазақ орта мектептерінің санын көбейту туралы» қаулының қабылданып, жүзеге асуына жәрдемдескені, Қазақстанның алғашқы музыкалық театрын ұйымдастыруға үлес қосқандығы, (қазіргі Абай атындағы Қазақ мемлекеттік опера және балет театры) бірнеше тілді меңгерген ұстаздың қазақтың ауызша әрі жазбаша ақындық шығармаларын жинақтап,1924 жылы «Терме» атты өлеңдерін шығарғандығы жайындағы мәліметтер айтылды.
Халық ақындарынан, жыршы-жыраулардан, халық әншілерінен, аңызшылардан естіген тарихи деректер, эпостық шығармалар, тарихи күйлер, лирикалық әндерді дәріптейтін халық әндерінің маңызы зор.
Еске алуға жиналған көпшілік көптеген мазмұнды деректерді ортаға салып, қайраткер өмірі мен қызметіне арналған кітап көрмесін тамашалады.
Бүгінде Т.Жүргеновтің есімі Алматы қаласындағы Қазақ ұлттық өнер академиясына, еліміздегі мектептер мен көшелерге берілген.
Эльвира СЕРІКҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ