Жаңаөзен мектеп-гимназиясының базасында өткізілген тәжірибе бөлісу шарасына қаладағы 24 мектептің ұстаздары мен басшылығы, мектеп координаторлары, кітапханашылары қатысты. Зияткерлік мектептің ұстаздары оқушыларға кәсіби бағдар беру, саралап оқыту әдістері, баланың тұлғалық өсуі мен тәрбиелеу, критериалды бағалау, кітап оқуға баулу және т.б турасында атқарған жұмыстарымен бөлісті.
Кездесу пленарлы отырыстан басталды. Зияткерлік мектеп директоры Е.Пайзов сөз алып, зияткерлік мектептің тәжірибесін өзге мектептерге тарату жұмыстары туралы толық мағлұмат берді. Сондай-ақ, Жаңаөзен мектеп-гимназиясы мен №22, 23 жалпы білім беру мектептерінің кітапханасына «Bookcrossing» шарасы аясында кітаптар сыйлады. Кейін Педагогикалық шеберлік орталығының директоры Қ.Боранбаева мұғалімдердің шеберлігін шыңдауға қатысты атқарылған жұмыстар жайлы баяндап, залда жаңартылған білім беру бағдарламасына көшуде туындаған сауалдарға жауап берді.
Семинар алты секция бойынша жұмыс істеді. Мектеп директорларының басын қосқан «Ұжымды басқару: көшбасшылық және командалық жұмыс» секциясында кәсіптік бағдар беру жұмыстары бойынша кеңесші С.Алдабергенова кәсіби бағдар жұмыстарын ұйымдастыру туралы айтса, зияткерлік мектеп директоры Е.Пайзов білім ордасының миссиясын, ұранын, ұстанымын анықтау маңыздылығы және жаһандық азаматтық түсінігін енгізу туралы баяндап, білім ордасында бұл тұрғыда атқарылған жұмыстарды көрсетті.
-Бүгінгі семинарда маған жаңалық болған Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушыға кәсіптік бағдар беру жұмысы. Бұл маған өте ұнады және мен алдағы уақытта өз мектебіме енгіземін деген шешім қабылдадым. Зияткерлік мектептің кәсіптік бағдар беру жұмысы бойынша кеңесшісімен тығыз байланыста жұмыс жасаймын деген үміттемін, дейді Жаңаөзендегі №19 мектептің директоры К.Жүгенбаева.
«Мұғалімнің кәсіби дамуы – сапалы білім негізі» секциясында қазақ тілі пәні мұғалімі Ж.Мауытова мен мектеп директорының ғылыми-әдістемелік жұмыстар жөніндегі орынбасары Б.Жақсылықова Жаңаөзендегі мектеп директорының ғылыми-әдістемелік, инновациялық жұмыстар жөніндегі орынбасарларына мұғалім көшбасшылығы арқылы мұғалімнің кәсіби дамуына ықпал ету жолдарымен бөлісті. Ал жаһандық перспективалар мен жобалық жұмыс пәні мұғалімі Г.Сүйіндікова ұстаздар арасында өзектілігін жоймаған іс-әрекеттегі және сабақты зерттеу тәжірибесі мен әдіс-тәсілдері жайлы айтты.
Биылғы жылдың 25-26 қазан күндері Астана қаласында өткен Х «Жаңа дәуірдің мектебі» ғылыми-тәжірибелік конференциясында әлемнің 24 елінен жиналған білім сарапшылары баланы тәрбиелеу жұмыстары жайында мәселе көтеріп оны мектепте жүйелеу туралы, баланы мектеп аясында тәрбиелеу өзектілігін жоймағанын айтқан еді. Бұл тұрғыда зияткерлік мектептің тәрбие беру жұмыстары өзге мектептерге үлгі ретінде таратылуда. Мәселен, мектеп директорының тәрбие жұмыстары жөніндегі орынбасары А.Ихсанова мен мектеп кураторлары «Мәңгілік ел» ұлттық идеясы мен «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру арқылы мектептегі тәрбие жұмысын ұйымдастыру» секциясында бала және ата-анамен жұмыс туралы айтып, ата-ананы мектеппен бірге жұмыс істеуге бет бұрғызу әдістері жайлы айтты. Балаға білім берудегі маңызын жоймаған тағы бір мәселе – оқушыны кітап оқуға мектеп қабырғасында баулу. Семинарда бұған қатысты «Оқушыларда кітап оқу мәдениетін қалыптастырудың белсенді әдістері» секциясы ұйымдастырылды. Мектеп кітапханашысы Ж.Бахитова балаға «кітап джемі» және ертегілер мен шығарма негізінде «3D кітап жасауды» 20-дан аса кітапханашыға көрсетті, бірігіп кітап жасады. Кітапханашылар мұндай шаралардың балаларды кітап оқуға расымен баулитындығын айтып, пікірлерімен бөлісті.
Директордың бейінді-экспериментальдық жұмыстар бойынша орынбасары Ы. Имамбаеваның жетекшілігімен «Критериалды бағалау жүйесін енгізу процесін басқару» секциясы өтті. Мектеп координаторларына педагогикалық шеберлік орталығының тренерлері жаңартылған білім мазмұны жағдайында оқушыларды жиынтық бағалаудың ерекшеліктері туралы баяндады.
Көптеген пән мұғалімдеріне қызықты болған секция - «Жаңартылған білім мазмұны бойынша оқыту ерекшеліктері». Бұл секция бойынша 200-ден аса ұстаз зияткерлік мектептегі пән мұғалімдеріне жаңа білім мазмұнына қатысты қызықты әдіс-тәсілдерді естіді.
Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
Маңғыстау облысы