07 Қараша, 2018

Алматыда бейтараптандырғыш цехы іске қосылды

456 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматыда «Д.В. Сокольский атындағы жанармай, катализ жəне электрохимия институты» мен «Ғылым қоры» АҚ бірлескен жобасы аясында  отандық каталитикалық бейтараптандырғыш цехы іске қосылды. Жаңа өнімді таныстыруға «Д.В. Сокольский атындағы жанармай, катализ жəне электрохимия институтының» Бас директоры, ҚР ҰҒА президенті, академик Мұрат Жұрынов, «Ғылым қоры» АҚ Басқарма төрағасы Әнуарбек Сұлтанғазин, «Табиғат» экологиялық одағының төрағасы Мелс Елеусізов, ғылыми-зерттеу институттарының ғалымдары қатысты. 

Алматыда бейтараптандырғыш цехы іске қосылды

Жаңа өнімді таныстыру барысында «Ғылым қоры» АҚ Басқарма төрағасы Әнуарбек Сұлтанғазин Ұлттық ғылым академиясы ғалымдарына үлкен алғысын білдіріп, бір жылдың үшінде көптеген жұмыстардың атқарылғандығына тоқталды. Алғашқы 8 айдың ішінде коммерцияландырумен айналысатын кәсіпорындар өз жобаларының пайдасын көріп отырғандығына тоқталды. Жаңа өнім алдағы уақытта сертификатталатын болады.

Бүгінде қоршаған ортаның автокөліктерден, өндірістерден шығатын улы газ қалдықтарымен ластануы ғаламдық мәселеге айналды. Ауа ластануының апаты жылдан-жылға ұлғайып барады. Ғалымдардың пайымдауынша, Алматы еліміздегі қатты газданған қалалардың қатарына жатады. Ауаға жылына бөлінетін ыс пен газ көлемі 300 тоннаны құрайды. Көлік кептелісінің салдарынан ауаға көптеген химиялық зиянды қалдықтар бөлінеді.

Жобаның жетекшісі техника ғылымдарының кандидаты Болатбек Құсайынның айтуынша, осы мәселелерді негізге алған отандық ғалымдар кеңесі бір жыл бұрын «Автокөлік және өнеркәсіптік кәсіпорындар газ шығарындыларындағы улы компоненттерін жоятын каталитикалық бейтараптандырғыштарды металдан өндіруді ұйымдастыру» жобасын жүзеге асыруды ұсынған болатын. Жобаны жүзеге асыру үшін еліміздегі бірден-бір мамандандырылған, көпжылғы зерттеулер қоры бар «Д.В. Сокольский атындағы жанармай, катализ жəне электрохимия институты» таңдалған болатын. Аталған институт және  «Ғылым қорының» мамандары жоба аясында отандық каталитикалық бейтараптандырғыш цехын іске қосты.

Жаңа өнім қымбат шетелдік өнімдерді алмастырады. Темірден жасалған катализаторлар керамикалық түріне қарағанда жылдам қызады әрі төзімді келеді. Мамандар бұл отандық өндірістегі жоғары серпін әрі экологиялық тығырықтан шығар жолдардың бірі, дейді.

Эльвира СЕРІКҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ