Темірхан Мыңайдарұлын қылшылдаған жігіт кезінен білемін. Екеуміз сонау жетпісінші жылдардың ортасынан бері доспыз, сыйласпыз. Әлі есімде, Алматы қаласында ірі халықаралық ғылыми конференция өтетін болды. Конференцияға Мәскеуден аспирантурада оқыған кезімде жетекшілік жасаған ұстаздарымның да келетінін естідім. Содан әбігерге түстім. Себебі мәскеулік ұстаздарым елге келген кезде бір шай беріп, қазақи дәстүрмен, қонақжайлылық таныту – менің міндетім болатын. Өзім Шымкентте жүрген соң Алматыда көп танысым жоқ.
Мұндайда адам жақын досына қолқа салады емес пе. Бозбала кезден бірге бокспен шұғылданған студенттік жылдардан бергі досым алматылық Михаил Наурызбаевқа жағдайды айттым. Михаил екі сөзге келген жоқ. «Темірхан деген досым бар. Сол жігітпен ақылдасып, қонақтарды риза қылып аттандырамыз», деді. Сөйтіп Михаилдың дәнекер болуымен Темірханмен таныстым. Ол Қазақ мемлекеттік университетінің денешынықтыру және спорт кафедрасында қызмет істейді екен. Бұған қоса самбодан жаттықтырушы. Көмірдей қара мұртты, денесі құрыштан құйылғандай, орта бойлы азамат. Адамға жаттығы жоқ. Салғаннан аңқылдап, бір туған жандардай араласып кеттік.
Межелі күні қонақтар да келіп жетті. Темірхан Мыңайдарұлы қамшы салдырған жоқ. Бірден үйіріп ала жөнелді. Сол жолы жиырманың бел ортасынан жаңа асқан Темкеңнің ұйымдастыруымен мәскеулік ғалымдарды әбден риза қылдық.
Алматының іргесінде тамаша форель шаруашылығы бар деп еститінбіз. Темірханға ілесіп, сол жерге бардық. Майшабақтан бастап небір ірі балықтар өсіретін берекелі ұжым екен. Қонақтармен таза ауада әңгіме-дүкен құрып, екінші жағынан тамылжыған табиғат аясында дәмі тіл үйіретін балық жеп, бір жасап қалдық.
Одан кейін қонақтарға Алатаудың көрікті жерлерін, Алматының сәулетті тұстарын армансыз аралаттық. Осы шаруаның басы-қасында кеше ғана танысқан Темірхан жүрді. Сол жолы оның ұйымдастырушылық қабілеті мен адамгершілік қасиеті зор екеніне көзім анық жетті.
Содан арамыздағы сыйластық беки түсті. Темкең оңтүстікке жолы түскенде Шымкентке келіп маған соғып тұрды. Ал мен Алматыға келгенімде үйіне шақырады. Зайыбы Сәуле де жүрегі кең, дастарқаны мол адам. Темірханның балалары да сондай тәрбиелі. Темірхан досым кейбір жоғары шенді шенеуніктер тәрізді бала тәрбиесіне атүсті қараған емес. Қандай жауапты қызметте жүрсе де отбасына, ұрпақ болашағына жете мән беріп отырды.
Соның арқасында балалары өмірге бейім, ортасына сыйлы, өнегелі болып өсті.
Қарағандыда он жылдай қызметте (проректор, директор) болған кезімде қарым-қатынасымыз сәл сирегені болмаса, бір-бірімізге деген көңіліміз ортайған емес. Қарағандыдан кейін Түркістан университетіне ректор болып ауыстым. Темірхан бұл тұста бизнеске ден қойған еді. Қай шаруаны қолға алса да, төте жолын, жүйесін таба білетін Досмұхамбетов кәсіпкерлік салада да табысты болды. Университетке білікті кадрлар керек болды, онда да Темірханға өтініш білдірдім, талай азамат жігіттерді тауып берді.
1995 жылы мен Қазақстан Республикасының Білім министрі қызметіне тағайындалдым. Алматы қазақтың талай азаматтарының жолын тоғыстырған, сыйластығын арттырған берекелі әрі сәулетті қала емес пе. Түркістаннан Алматыға көшісімен Досмұхамбетовпен бұрынғыдан гөрі жиі қатысатын болдық.
Бір күні Темірхан досым келді. «Үкімет мені жастар ісі, туризм және спорт министрі қызметіне лайық санап отыр, бұл қызметті атқаруға шамам жете ме?», деді досым менен ақыл сұрап. Басқа біреу болса, мұндай мансапқа жата кеп жабыспай ма? Ал Темірхан Мыңайдарұлы болса, менімен кеңесуге келіп отыр. Осының өзі әр шаруаға ой көзімен, терең зерделей қарайтынын аңғартса керек. Осы әрекеті оның қарапайым әрі ақылды адам екенін білдіреді. Ол атаққұмар, таққұмар кісі емес. Өзін орынсыз мақтап, насихаттағанды ұнатпайды. Небір мықты жігіттердің шамасы келмейтін шаруаларды үндемей жүріп бітіреді. Жауапты тапсырмаға жанын салып кіріседі. Бұлғағы жоқ. Сосын жаратылысынан ғажап ұйымдастырушы. Өзі қолға алған істің оңы мен солын, ығы мен жел жағын ішкі түйсікпен сезіп тұрады. Оның осы қасиеттерін жақсы білгендіктен: «Бұл қызмет сенің қолыңнан келеді, – дедім сеніммен. Сен қай істі қолға алсаң да, қатарыңның алдында болдың. Өзің ыстық-суығын бір адамдай көрген спорт саласы, саған жат емес. Сен спорттың өз адамысың. Мамандарды, спортшыларды білесің. Әрі бұл салада танымал адамсың. Әлемдік спорттан да хабарың бар. Ендеше, тартынба! Тәуекел!» – дедім.
Сөйтіп 1991-1996 жылдары «Интурист-Қазақстан» ұлттық компаниясының бас директоры, «Ясауи» мемлекеттік акционерлік қоғамының президенті қызметтерін табысты атқарған Темірхан Досмұхамбетов 1996 жылдың ақпан айында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Қазақстан Республикасының Жастар ісі, туризм және спорт министрі қызметіне тағайындалды. Темірхан Мыңайдарұлы министрліктің шаруасын бірден дөңгелетіп алып кетті. Сол жылы тәуелсіз Қазақстан спортшылары Атланта Олимпиадасына тұңғыш рет дербес құраммен барды. 200-дей мемлекеттің спортшылары бақ сынаған Олимпия ойындарында Қазақстан құрамасы 3 алтын, 4 күміс, 4 қола медаль олжалап, жалпы есепте 23-орынға табан тіреді. Осы жылдары біздің еліміз өз тарихында Олимпия ойындарына жеке команда болып бірінші рет қатысты. Соның өзінде дүние жүзіндегі небір дамыған, ірі мемлекеттерді артқа тастады. Үндістан, Бразилия, Мексика, Аргентина, Англия, Иран, Швеция, Таиланд, Аустрия, Норвегия, Финляндия... секілді іргелі, күшті елдер біздің соңымызда қалды. Бұл – өтпелі кезеңде етек-жеңін әлі жия қоймаған, экономикалық дағдарыста тұрған Қазақстан үшін зор табыс болатын. Осы жерде министр Темірхан Досмұхамбетовтің тамаша ұйымдастырушылық қабілетін, істің көзін таба білетін ерекше қасиетін баса айту керек.
Осы қызметті табысты атқарған Темірхан Мыңайдарұлы 1998 жылы Президенттің Іс басқармасына басшы болып тағайындалды. Дәл осы жылдары елордамыз Астананың құрылысы қарқынды жүріп жатты. Досмұхамбетов нағыз тынымсыз, қым-қуыт шаруаның бел ортасына түсті. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сенімді кадрларының бірі ретінде тапсырмаларын бұлжытпай орындап отырды. Ол бұл қызметті де абыроймен атқара білді. Досмұхамбетовтің іскерлігіне көзі жеткен Елбасы оны Астана қаласының әкімі қызметіне тағайындады. Бұдан кейін екі жыл Президенттің Іс басқармасын қайта басқарған Темірхан Мыңайдарұлы 2006 жылы көктемде Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрі қызметіне тағайындалды.
Президент командасында әбден ысылып, мол тәжірибе жинақтаған Темірхан Досмұхамбетовтің тұсында республика спортшылары тамаша жеңістерге қол жеткізді. Жазғы олимпиадашыларымыз 2008 жылы Бейжіңде табысты өнер көрсетсе, 2011 жылғы қысқы Азия ойындарында Қазақстан құрамасы тарихта тұңғыш рет командалық бас бәйгені ұтып алды. Қысқы спорттың кешенді жарысында Қытай, Жапония, Оңтүстік Корея секілді экономикасы қарыштап дамыған, спорттық даму жүйесі жақсы қалыптасқан елдерден озып шығу ерлікке пара-пар дүние. Темірхан Досмұхамбетовтің командасы бүтін елдің сенімін ақтай білді. Азия ойындары нағыз спорт мерекесіне айналды. Бұл ойындар Қазақстан халқының ынтымағы мен қонақжайлылығын дүние жүзіне жайды.
2012 жылғы Лондон Олимпиадасында Темірхан Досмұхамбетов бастаған Қазақстан олимпиадашылары бұрын-соңды болмаған жетістікке қол жеткізді. Республика құрамасы 204 мемлекет спортшылары арасында командалық 12-орынға ие болды. Біздің құраманың еншісінде –
7 алтын, 1 күміс, 5 қола медаль. Бұрынғы Кеңес Одағына қараған елдердің ішінде Ресей ғана біздің алдымызға шықты. Бұл – Қазақстан олимпиадашылары үшін тарихи жеңіс болды. Темірхан Мыңайдарұлы мен оның командасы бұл жолы да сенім үдесінен шыға білді.
Лондон Олимпиадасынан кейін Темірхан Досмұхамбетов көп ұзамай Президенттен рұқсат сұрап, ауыл шаруашылығына біржола ден қойды. Шыны керек, басында досымның бұл тірлігіне күмәнмен қарағаным рас. Ал Темірханның спорттағы жетістігіне ешкімнің дауы жоқ: бапкерлігімен кешегі Кеңес Одағын, Еуропаны мойындатты; екі рет республика спортын басқарып, бұған қоса біраз уақыт Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитетінің тізгінін ұстады, Азия олимпиялық кеңесінің вице-президенті қызметін атқарды; кәсіпкерлігі талайларға үлгі болғаны анық; республиканың туризм саласына бір адамдай серпіліс әкелумен қатар, Бүкілдүниежүзілік туристік ұйым басшысының орынбасары болды; әкімшілік қызметтегі абыройы бір басына жетіп асады... Енді ауыл шаруашылығына тәуекел етіп отыр. Темірхан Мыңайдарұлы бұл салаға әбден дайындалып, көп нәрсені іштей таразылап, осы саланы терең зерттеп барып тәуекел жасаған екен. Ол ауыл шаруашылығына мықты ғалымдарды тартты. Бұл саладағы көп кәсіпкерлер ауыл шаруашылығын ғылыммен байланыстыруға мән бермейді. Ал шенеуніктердің басым көпшілігі ғалымдарға ат үстінен қарайды. Досмұхамбетов болса, жасы ұлғайып, өмір бойғы ізденісі мен ғылыми жаңалықтарын өндіріске енгізуді аңсап жүрген білікті мамандарды өзі іздеп тапты. Ғалымдарға да Темірхан Мыңайдарұлы тәрізді ғылымның қадірін білетін кісі қажет еді. Досмұхамбетов ғалымдарға өріс ашып еді: олар уақытпен санаспай алқап басында, ғылыми лабораторияда күндіз-түні еңбек етуге көшті. Осындай қажырлы әрі берекелі еңбектің арқасында Досмұхамбетов құрған «Байсерке Агро» холдинигі қамшының сабындай қысқа уақытта республика бойынша алдыңғы қатарға шықты.
2017 жылы Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының 70 жылдық мерейтойына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев арнайы келіп, баяндама жасады. Президент өз баяндамасында Темірхан Досмұхамбетовтің ауыл шаруашылығы саласындағы жетістіктеріне баса тоқталды. Президент «Байсерке Агро» холдинигінде еңбек ететін сегіз ғалымның ауыл шаруашылығына сіңірген еңбектерін ерекше атап өтті. Иә, Ұлттық ғылым академиясының құрметті мүшесі Темірхан Досмұхамбетовтің «Байсерке Агро» холдингі ауылшаруашылық өнімдерін өндіруде рекордтық нәтижелерге қол жеткізіп жүр.
Мен досым құрған шаруашылыққа арнайы барып, көп нәрсеге қанығып қайттым. «Байсерке Агро» заман талабына сай озық техникамен жабдықталған, әрі ғылыммен қаруланған мықты шаруашылық екен. Бұл шаруашылыққа Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бастап, Үкімет мүшелері арнайы келіпті. Кейінгі жылдары «Байсерке Агроның» озық тәжірибесін үйрену үшін облыс әкімдері бастаған делегациялар мұнда ат басын жиі бұратын болды. Өйткені «Байсерке Агро» – нағыз көп салалы агрокешен. Мұндай кешенді мен шетелдерде кездестіре алмадым. Ең кереметі, көптеген жас мамандарды, оның ішінде «Болашақ» бағдарламасы бойынша АҚШ пен Еуропаның ең озық университетін бітіріп келген жастарды егде жастағы академиктердің қасына бекітіп, тәжірибе жинатқызады. Олардың біразымен әңгімелесіп едім, маған керемет әсер қалдырды. Жастар: «Дүниежүзілік рекордтардың әлі талайын жасаймыз», дейді сеніммен. Осы кезде маған АҚШ-тың университетін бітіріп, өзінің өмір жолын бір кішкентай қалашықтағы мектептің қатардағы мұғалімінен АҚШ президенті лауазымына қол жеткізген Ричард Никсонның журналистердің: «Сіз қарапайым бұқарадан шығып, қалай президент болдыңыз?» – деген сұрағына берген мына жауабы еске түседі: «Мен алдыма мақсат қойғанда идеалиспін, өте жоғары талап қоямын, ал оны орындау кезінде реалиспін, әр қадамымды өлшеп басамын».
Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 2018 жылдың 5 қазан күнгі Жолдауында Темірхан Досмұхамбетов басқаратын «Байсерке Агро» компаниясы туралы дүйім жұрттың алдында тағы да ықыласпен айтып өтті. Бұл дегеніңіз, Досмұхамбетовтің ауыл шаруашылығындағы ерен еңбегі мен тамаша табысы бүкіл елдің аузында жүр деген сөз. Ұлттық ғылым академиясының әр жиналысында осы керемет туралы сөз айтылады. Досымның бұл мәртебесіне шын пейілмен қуанған жанның бірі менмін десем, асылық болмас. Себебі Темірхан Мыңайдарұлы достарының қадіріне жете білетін үлкен жүректі азамат.
Мұрат ЖҰРЫНОВ,
Қазақстан Республикасы
Ұлттық ғылым академиясының президенті,
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, академик