Қазақстан • 08 Қараша, 2018

Гималай асқан қазақтар

1399 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Елордадағы «Нұр Отан» ХДП бас ғи­маратында Дү­ние­жүзі қазақтары қауым­дастығының мұрындық болуымен «Алыстағы ағайын» атты деректі фильм­нің тұсаукесері болып өтті.

Гималай асқан қазақтар

Туындыдағы оқиға же­лісіне арқау болған дү­ние – Алтайдан аттанып, жолай Тибетті көктей өтіп, Бұланай  (Гималай) тау­дың адам аяғы тимеген асқаралы жотасынан асып, Кашмирге табан тіреп тоқ­таған қазақ көшінің Түр­кияға орныққанға дейінгі азапты сүрлеуі. 

– Аталмыш киноны тү­сіру барысында, − дей­­ді Дү­ние­жүзі қазақ­тары қауым­­дас­тығы Төр­аға­сының бірінші орынбасары Зауытбек Тұ­рыс­­беков, Қытай және Ұлы­британия елдерінен деректер таптық, сонымен қатар бес мың шақырымға созылған көш сүрлеуінің Түркияда тұ­ра­­­­­­­тын тірі куә­герлерінің әңгі­мелері арқау болды.  

Біз өзіміздің қолдағы мә­лі­меттерге жүгінсек, 1930 жылдардың со­ңында  Ал­тайдан ауа көш­кен 36 мың адам­ның 3039-ы 1941 жы­лы Үндіс­танға тірі жетсе, ара­да бір жыл өткенде 2000-ға тарта адам жерсінбей қайтыс болған. Осылардан 1942 жылы 1150 адам тірі қалыпты. Бұ­ларға 1951 жылы Шың­жаң өлкесінен ауған екінші қазақ көшінің адамдары қосылып, жиыны 1850 адам­ға жеткен. 

Британ мұрағатында сақ­талған бір құжатта: бос­қын­дардың Түркияға қоныс­тануын Кашмир билігі      жә­­не Америка филан­троп қо­ғамы, АҚШ-тағы Хрис­тос шіркеулер кеңесі сын­ды ұйымдар қар­жылан­дырыпты. Осылай 1952 жылдың 13 наурызында Түркия президенті Жалел Баяр мен үкімет басшысы Аднан Мендерес «бос­қын қазақтарды өз елдеріне көшіріп алу» туралы құ­жатқа қол қойған. Нә­тижесінде  екі мыңға тар­та қазақ анадо­лы­лық ағайындарға барып қо­сылған. 

Жоғарыда тұсауы ке­сілген деректі фильмде біз айт­қан оқиғалар қадау-қа­дау болса да көрініс тауыпты. Бірақ тарихи оқиғаны жүйелі әрі толық қамти алмағаны аң­ғарылады. Болашақта бұл туындыны індете отырып, ұлт тари­хының белгісіз бір пұш­пағын түгендейтін көлемді дүние жасауға негіз бар.

Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ, 

«Егемен Қазақстан»