Қазақстан • 08 Қараша, 2018

Денсаулық саласын жан-жақты жетілдіретін құжат мақұлданды

231 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Мәжіліс Төрағасы Нұр­лан Нығма­ту­лин­нің төраға­лығымен өткен пала­та­ның жалпы отырысында де­путаттар «Қазақстан Респуб­ликасының кейбір заңнамалық актілеріне денсаулық сақ­тау мәселелері бойынша өзге­ріс­тер мен толықтырулар ен­гізу туралы» заң жобасын және «Арнайы экономикалық жә­не индустриялық аймақтар ту­ралы» заң жобасын оған ілеспе түзетулерімен бірінші оқылымда мақұлдады. Сонымен бірге тағы бірқатар заң жобалары өндіріске алынды. 

Денсаулық саласын жан-жақты жетілдіретін құжат мақұлданды

Елбасы тапсырмаларын орындауға бағытталған 

Денсаулық сақтау мәселесіне қатысты заң жобасы медициналық ұйымдарда корпоративтік басқару жүйесін жетілдіру, донор және трансплантациялау институтын дамыту, медициналық білім беру жүйесін дамыту және медицина кадрларын даярлау сапасын арттыруға бағытталған. Сонымен қатар онда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін одан әрі жетілдіру мен тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің жаңа моделін енгізу қарастырылған.

Аталған заң жобасы бойынша баян­дама жасаған Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов депутаттар талқысына ұсынылған құжатқа енгі­зілген өзгертулер арқылы мемле­кет міндеттемелерінің нақты шегі ай­қын­далатындығын, медицина қызмет­керлерінің төлемақы деңгейі мен мамандардың бәсекеге қабілеттілігі өсетіндігін, халыққа көрсетілетін ме­ди­циналық көмектің қолжетімділігі мен сапасы артатындығын, денсаулық сақтау жүйесін қаржыландыру көлемін арттыру нәтижесінде халықтың «қалта» шығыстарының төмендейтіндігін, медициналық ұйымдар нарығының ашықтығы артып, нарыққа қатысушы ұйымдардың арасындағы бәсекелестік күшейетіндігін атап өтті.

– Сондай-ақ заң жобасы донорлық институтты, туберкулезбен ауыра­тын науқастарға медициналық кө­мек көрсетуді, міндетті әлеуметтік ме­дициналық сақтандыру жүйесін одан әрі жетілдіруге және ұлттық денсаулық сақтау шоттары жүйесін енгізуге, кейбір әкімшілік және қылмыстық құқық бұзушылықтардың құрамын қайта қарауға, сонымен қатар денсаулық сақтау жүйесі мәселелері бойынша қолданыстағы заңнамадағы кемшіліктерді жоюға бағытталған, – деді Денсаулық сақтау министрі. 

Өз кезегінде Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин денсаулық сақтау туралы заң жобасы Мемлекет басшысының кепілдендірілген медициналық көмектің жаңа моделін енгізу туралы тапсырмаларын орындауға бағытталғанын атап өтті. 

Палата Төрағасы аталған құ­жат азаматтарға медициналық қызмет­тердің қолжетімділігін арттыруды ғана емес, ақылы медициналық қыз­меттерге мемлекеттік шығындарды қысқартуды көздейтініне тоқталды. Бұл заң жобасы медициналық ұйымдарда корпоративтік басқару жүйесін жетілдіру, донор және трансплантациялау институтын дамыту, медициналық білім беру жүйесін жетілдіру және медицина кадрларын даярлау сапасын арттыруға арналған.

Сонымен қатар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін одан әрі жетілдіру мен тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің жаңа моделін енгізу қарастырылған. 

Атап айтқанда, донорларды ақы­лы негізде тартып, заң жобасын­да науқасқа берілетін дәрілік заттарға қосымша ақы төлеу тетіктері енгі­зілген. Мәжіліс Төрағасы осы нор­малар­дың қажеттігі туралы келісе оты­рып, сыбайлас жемқорлық пен құқық бұзушылықтар қаупін болдыр­мау үшін төлеудің айқын тәртібін рет­тей­тін барлық ережелерге нақты және түсінікті түзетулер енгізудің маңыз­ды­лығын атап өтті. 

Бекітілген ережелер туралы ақ­парат медициналық мекемелерде, интернет-ресурстарда орналастырылып, жұртшылық үшін қолжетімді болуына назар аударған Мәжіліс Төрағасы, айтылған пікірлерді екінші оқылымға дейін ескеруді ұсынды.

Индустриялық аймақтарға жер бөлу тәртібі жеңілдейді

Сонымен қатар жалпы отырыста «Арнайы экономикалық және ин­дустриялық аймақтар туралы» заң жобасы ілеспе түзетулерімен бірінші оқылымда мақұлданды. 

Заң жобасы бойынша баяндама жасаған Инвестициялар және да­му министрі Жеңіс Қасымбектің ай­туын­ша, басқарушы компаниялар­дан Арнайы экономикалық аймақ­тар мен Индустриялық аймақ қатысу­шы­ларына жер учаскелерін ұсынудың жаңа механизмі енгізілмек. 

– Бүгінде қолданыстағы заңнама нормаларына сәйкес жер учаскесін алу процесі күрделі. Оған шамамен 6-9 ай уақыт кетеді. Соның салдарынан жобаларды іске қосу мерзімі созылады. Инвесторлар да уақыт жоғалтады. Соңында материалдық шығынға ұшырайды. Бұдан бөлек, қазіргі «Қазақстан Республикасындағы арнайы экономикалық аймақтар туралы» Заңда және Жер кодексінде қарастырылған жер қатынастарын регламенттеу қиын және заңнамалық актілер арасындағы ерсілі-қарсылы сілтеме нормаларымен сипатталады. Осыған байланысты, заң жобасы қатысушылардың қысқа мерзімде және жеңіл процедуралар арқылы жер учаскелерін алу тәртібін оңтайландыруға бағытталған, – деді Ж.Қасымбек. 

Атап айтқанда, Арнайы эконо­ми­калық аймақ құрылатын мемлекет меншігіндегі жер учаскелері Қазақ­стан Республикасының жер заңна­масына сәйкес басқарушы компа­нияларға қайтарымды негізде уақытша пайдалануға берілетін болады. Ал жекеменшіктегі жер учаскелері уақытша пайдалану келісімшартына сәйкес беріледі.

Өз кезегінде, басқарушы компаниялар бұл учаскелерді өздері сегменттеп, Арнайы экономикалық аймақ қатысушыларына ұсынады.

Министрдің баяндауынша, заң жо­басын қабылдау Арнайы экономи­калық аймақтар мен Индустриялық ай­мақтардың жұмысын жандандыруға, 2022 жылға дейін қосымша 10 мың жұмыс орнын ашуға және 150-ден астам жаңа жобаларды іске қосуға мүмкіндік бермек. 

Депутаттар заң жобасымен жұ­мыс істеуі барысында «Ин­но­ва­ция­лық технологиялар паркі» арнайы эко­но­микалық аймағын республи­калық маңызы бар Алматы қаласы­ның жергілікті атқарушы органы­ның басқаруына беру жөніндегі нақты­лаушы нормаларды енгізуді, елорда­ның жергілікті атқарушы органы­ның «Астана – жаңа қала» арнайы эко­но­микалық аймағын басқару бөлігіндегі құзыретін алып тастау жөніндегі нормаларды нақтылауды, «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы халық­аралық орталығы» арнайы эко­но­микалық аймағының жұмыс істеу ерекшеліктерін осы орталықтың арнайы экономикалық аймақ мәртебесін алуына байланысты заңнамалық деңгейде бекітуді, уәкілетті органның Үкіметке арнайы экономикалық аймақты құру, оның жұмыс істеу мерзімін ұзарту немесе тарату туралы ұсыныстар енгізу жөніндегі құзыретін кеңейту сияқты және басқа да түзетулер енгізген. 

Өндіріске алынды

Отырыс барысында Мәжіліс «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне бизнес-ортаны дамыту және сауда қызметін реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын, Қазақстан мен Қытай Халық Республикасының үкі­меттері арасындағы ҚХР-дың жеңіл­дікті кредит беруі туралы негізде­мелік келісімді ратификациялау туралы және Қазақстан мен Ресей Фе­дерациясының үкіметтері арасын­дағы М.В.Ломоносов атындағы Мәс­кеу мемлекеттік университетінің қазақ­стандық филиалының жұмыс істеуі туралы келісімді ратификациялау туралы заң жобаларын жұмысқа алды. 

Жалпы отырыс соңында депутаттар Г.Бижанова, Ж.Нұрманбетова, М.Теміржанов, Т.Яковлева, Б.Жыл­қы­шиев, М.Қазбекова, Е.Барлыбаев, А.Перуашев, И.Смирнова, В.Косарев, Ш.Хахазов, Р.Ким депутаттық сауалдар жолдады.

Серік ӘБДІБЕК,

«Егемен Қазақстан»