Қазақстанда ұлттық валюта «Қазақстан Республикасының ұлттық валютасын енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 1993 жылғы 12 қарашадағы №1399 Жарлығымен 1993 жылғы 15 қарашада айналымға енгізілді. Кейіннен, яғни 1998 жылдан бастап, 15 қараша кәсіби мереке ретінде «Ұлттық валюта – теңге күні және Қазақстан Республикасының қаржы жүйесі қызметкерлерінің мерекесі» болып белгіленді.
Биыл экономикалық тәуелсіздігіміздің нышаны, Қазақстанның ұлттық валютасы – теңгенің айналымға енгеніне 25 жыл болады. Аталған айтулы мерекемен қаржыгерлерді, банк қызметкерлерін және барша отандастарымызды шын жүректен құттықтаймыз!
Тарихи тұрғыдан алғанда шамалы кезең ішінде еліміз тұтас дәуірге барабар жолдан өтті. Ұлттық валюта елдің экономикалық тәуелсіздігін қамтамасыз етті, оны айналымға енгізу арқылы ауқымды нарықтық қайта құруға жол ашылды. Бүгінде елімізде заманауи нарықтық экономика құрылды. Қазақстан әлемдік достастықта көптеген елдер үшін сенімді әріптес бола отырып, өзінің дербес жолымен даму үстінде. Осы орайда теңгенің пайда болу тарихын тағы бір еске алайық.
Өз жолымен
Тоқсаныншы жылдардың басында не болғаны көпшіліктің есінде шығар: кезінде КСРО-ның қуатты экономикасы түрлі себептермен күйреуге жақын болды. Барлық одақтық республикалар 1990-1991 жылдары тәуелсіздігін жариялап, КСРО құрамынан шыққан соң, Одақ тарап кетті. Алайда банк жүйесі бір мезетте құлдырай алмады, әлі де ортақ валюта – рубль арқылы бірыңғай төлем жүйесі болды. Ұлттық валюталар әлі қолданысқа енбеген кезең еді. Балтық жағалауы республикаларын қоспағанда, бұрынғы одақтас республикалардың аумағындағы ақша жүйесін КСРО Мемлекеттік банкі 1991 жылдың соңына дейін басқарды. Ал 1992 жылдан бастап Ресей Федерациясының Орталық Банкі (бұдан әрі – РФ ОБ) басқарды. Соған қарамастан, бірыңғай қаржы-бюджет жүйесі 1991 жылдан бастап құлдырай бастады, жылдың екінші жартысында одақтық бюджет іс жүзінде жұмыс істеуін тоқтатты. Одақтық бюджеттен дотациялар, салықтардың одақтық бюджетке келіп түсуі тоқтатылды. Әрине біз, банкирлер, рубль аймағының да ерте ме, кеш пе, күйрейтінін күттік. Жүйелік қаржы дағдарысы басталды, бұл ауқымды экономикалық дағдарысқа ұласты. Жаппай төлем жасамау дағдарысы пайда болып, экономикадағы жағдай тез нашарлап кетті.
Дәл осы кезеңде, 1992 жылғы қаңтарда мен Қазақстан Республикасы Ұлттық Мемлекеттік Банкінің (ҰМБ) басқарма төрағасы болып тағайындалдым, жедел және стратегиялық сипаттағы көптеген жинақталған проблемаларды шешуге тура келді. Уақытты жоғалтпай ақша-кредит қатынастары саласындағы жаңа басқару жүйесін құру бойынша шұғыл шараларды қолдану қажет болды, бұл жүйе неғұрлым тиімді жұмыс істейтін өнеркәсіптік кешендерді және аграрлық секторды қолдау мен сақтау бойынша қажетті шешімдер қабылдауға мүмкіндік беріп, бірыңғай рубль аймағының толық күйреуіне жол бермес еді. Алдағы бүкіл қайта құрудың басты мақсаты − Қазақстанның банк жүйесінің дербестігін, еліміздің тәуелсіз мемлекет ретінде өзінің ұлттық валютасымен бұрынғы Орталықтың араласуынсыз өз ақша-кредит саясатын жүргізе алуын қамтамасыз ету болды.
«Теңге» жобасы туралы
1992-1993 жылдары ҰМБ алдында тұрған барлық міндеттердің ішінде ұлттық валютаны дайындау және оны айналымға енгізу жобасы ең жауапты әрі шұғыл міндет болды. Ұлттық валютаны дайындау Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың маған ҰМБ басқарма төрағасы ретінде берген алғашқы тапсырмалардың бірі еді. Бұл ірі әрі кешенді жоба болатын. Оны іске асыру банк жүйесінде ауқымды реформаларды жүзеге асыруды, бұрын Қазақстанда болмаған ақша нарығының жаңа инфрақұрылымын құруды талап етті. Бұл ретте инфрақұрылымның бүкіл объектілері ұлттық валютаны айналымға енгізген сәтке дейін құрылуға тиіс болатын.
Жобаны іске асыру барысында біз көп қиындықты еңсердік. Ең алдымен, жоба аса құпия болды, тиісінше, ол өте қатаң құпия режімде жүзеге асырылуға тиіс еді. Жобаның құпия болуына Қазақстанда 1992 жылдың басында дербес банк жүйесі қалыптаспауы да негіз болды. Іс жүзінде елімізде КСРО бұрынғы Мембанкінің бұрынғы филиал желісі жұмыс істеді, оны Мәскеудегі бас офисі басқаратын. Бұдан басқа еліміздің аумағында әскери-далалық банктердің, бұрынғы Одақтың қорғаныс кешені кәсіпорындарының біртұтас жүйесі және Қазақстанның бүкіл экономикасы Ресеймен және бұрынғы КСРО-ның басқа республикаларының экономикасымен тығыз байланысты болды. Олардың барлығы да бірыңғай валюта – Кеңес Одағының рублін пайдалануын жалғастырды. Бұрынғы Одақтың экономикасы түпкілікті бөлінген жоқ еді, барлығы қалыптасқан өндірістік байланыстарды, дәстүрлі өткізу нарықтарын жоғалтпауға тырысты. Бұрынғы Одақ республикалары үкіметтерінің тарапынан жаңа ортақ ақша жүйесі туралы түрлі интеграциялық бастамалар көтерілді, алайда тәуелсіздік жағдайында банкирлердің ортасында оны іске асыруға ешқандай сенімділік болмады. Осы жағдайда ұлттық валютаны құрумен ашық айналысу іс жүзінде мүмкін болмады. Сондықтан ҰМБ жобаны жалғыз өзі, қатаң құпияда, қалың жұртшылық, депутаттық корпус, Министрлер Кабинеті арқылы атқарушы билік және барлық құқық қорғау органдары тарапынан қажетті көмексіз жүзеге асыруға мәжбүр болды. Бұл ҰМБ-ның іс-қимыл еркіндігін тежеді. Осыған орай ҰМБ жұртшылық және депутаттық корпус тарапынан көптеген орынсыз сынға ұшырады. Жоғарғы Кеңес депутаттары ұлттық валютаны енгізу қажеттілігі туралы мәселені ара-тұра көтеретін, ал мен ұлттық валютаны дайындау жұмысының жүзеге асырылып жатқанына қарамастан, жұртшылыққа және Жоғарғы Кеңесіне бұл мәселе бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы ашық айта алмадым. Ол кезде, қолданыстағы заңнамаға сәйкес ҰМБ Парламентке – Жоғарғы Кеңеске бағынды. Сондықтан депутаттық корпустың ішінен «Теңге» жобасының іске асырылу барысы туралы Қазақстан Жоғарғы Кеңесінің төрағасы С.Әбділдин және Қаржы және бюджет жөніндегі тұрақты комитеттің төрағасы С.Тәкежанов білді. Ал қалған адамдарға «Теңге» жобасы белгісіз еді. Қазақстан Президенті Н.Назарбаев елдің Вице-президенті Е.Асанбаевты «Теңге» жобасының жалпы үйлестірушісі етіп тағайындады. Тиісінше, ҰМБ Е.Асанбаевпен тығыз жұмыс істеді, оның қатысуымен ағымдағы мәселелер талқыланып, тиісті шешімдердің жобалары пысықталды. Е.Асанбаев және ҰМБ Мемлекет басшысына жобаның іске асырылу барысы туралы тұрақты түрде хабарлап отырды, ал Президент соңғы нұсқасында қажетті шешімдер қабылдап, ҰМБ-ға тұрақты қолдау көрсетіп отырды.
Дизайн және өндіріс
«Теңге» жобасы ҰМБ үшін мүлдем жаңа жұмыс болды. Бізде банкноттар шығару, валюта нарығы, валюталық резервтер ешқашан болған жоқ. Соған сәйкес дайын мамандар да болмады, қаражат та жеткіліксіз еді. Мемлекет басшысы «Теңге» жобасын аяқтау мерзімін 1993 жылғы 1 сәуір деп белгіледі. Шешімдерді өте қысқа мерзімде қабылдау қажет-тін. 1992 жылғы ақпанда біздің сұратуымызға орай Ұлыбритания, АҚШ, Жапония, Франция және Голландия банкнот фабрикаларынан валюта шығаруға ұсыныстар келіп түсе бастады. Жобаны орындайтын фирманы таңдау қажет болды. Осы мақсатта мен, М.Тұрсынов, Е.Қожамұратов және Т.Сүлейменов банкнот өндірісін зерделеу үшін 1992 жылғы наурызда Ұлыбританияға, сәуірде Францияға бардық. Фирмалардың баға ұсыныстарын мұқият зерделеп, талдау нәтижесінде, технологияны, шығарылатын банкноттар сапасын зерделеп, 1992 жылғы сәуірде Ұлыбританияның «Харрисон мен ұлдары» деп аталатын фирмасы жобаның орындаушысы ретінде айқындалды. Банкнот өндірісінің көптеген мәселелері бойынша кеңесшіміз болған фирмамен ынтымақтастығымыз басталып кетті.
Жұмыс барысында банкнот өндірісі ерекше және қымбатқа шығатын өндіріс екендігі белгілі болды. Жоба миллиондаған қаржыны талап етті, оның ішінде банкноттар дизайнының шығыны жалпы шығынның кемінде 30-35%-ын құрады. Қаражатты үнемдеу мақсатында біз фирмаға банкнот дизайнын өз күшімізбен, Қазақстан суретшілерінің қатысуымен дайындағымыз келетінін хабарладық. Валюта дизайнын дайындау Т.Сүлейменов басқарған Қазақстан дизайнерлерінің одағына тапсырылды. Жұмыс тобының құрамына 6-7 қазақстандық суретші кірді. Олар Үкіметтің жабық режімдегі, тиісті күзеті бар саяжайларының бірінде жұмыс істеді. Бір айдың ішінде ұлттық валюта дизайнының төрт нұсқасының нобайы дайын болды. Бірінші нұсқада банкноттар нобайында қазақтың ою-өрнегі басым еді. Екінші нұсқада банкноттар америкалық долларға, үшіншісі бейне ультразаманауи түрде берілген Голландия валютасына ұқсас болатын. Төртінші нұсқада портреттер салынды. Осы төрт нұсқаның ішінде қазақ мемлекеттігінің негізін қалаушылар, қазақтың белгілі мәдениет және ғылым қайраткерлерінің портреттері салынған дизайн таңдап алынды.
1992 жылғы қыркүйекте «Харрисон мен ұлдары» фирмасы ұлттық валютаның жоба күйіндегі даналарын дайындады. Оны Мемлекет басшысы мақұлдады және тапсырысты орналастыруға рұқсат берді. Дизайн нобайының нұсқасын өнеркәсіптік нұсқаға ауыстырудың күрделі процесінен кейін 1992 жылдың бірінші жартысында банкноттардың барлық номиналдары бойынша өнеркәсіптік дизайны өндіріске жіберілді. 1992 жылғы желтоқсанның ортасында Лондонда мен «Харрисон мен ұлдары» фирмасында банкноттардың өнеркәсіптік үлгілеріне қол қойдым, содан Қазақстан банкноттарының өндірісі басталып кетті. Ал 1993 жылғы наурыздың соңына қарай Қазақстанның алғашқы ақшасын шығару аяқталды. Теңге жоғары сапалы болып қана қоймай, оның қорғаныш деңгейі де жоғары болды. Кейбір номиналдардың 18-ге дейін қорғаныш элементі болды. «Харрисон мен ұлдары» фирмасы біздің ұлттық валютамыз – теңгені дайындағаны үшін Ұлыбритания Королевасы жыл сайын үздік сапалы өнім үшін беретін медальмен наградталды.
Қазақстанға жеткізу
1993 жылғы сәуірде валютаны Англиядан елге тасымалдау басталды. Банкноттар ұшақпен тек түнгі уақытта ғана жеткізілді. Ол кезде Лондонға дейін тоқтамай ұшу техникалық тұрғыдан мүмкін болмады, ұшаққа жанармайды Қазақстан аумағында ғана құю қажет болды. Жасыру үшін ерекше жүк осы мақсатта ағылшын тілін – халықаралық навигация қызметтерінің тілін меңгерген, таңдап алынған ұшқыштардың екі экипажымен екі жолаушылар ұшағында тасымалданды. Банкноттар «құпия» деген грифпен «Үкіметтік арнайы жүк» ретінде шағын металл контейнерлерде тасымалданды және оларға кедендік тексеру жүргізілмеді. Жүкке ҰБ-ның әскери қару алып жүруге құқығы бар қызметкерлері ғана ілесіп жүрді. Олар күзетті, тиеуді және соңғы қабылдау орнына дейін жеткізуді қамтамасыз етті. Әрине мұндай жүкті тасымалдау тасымалдаушылар және кедендік бақылау жүйесі үшін әдеттегідей болған жоқ, соған байланысты бірнеше рет қалыптан тыс жағдай да орын алды. Бір күні Ақтау қаласындағы әуежайда ұшаққа жанармай құю кезінде қолында қаруы бар кеден қызметкерінің бірі «үкіметтік жүкті» кедендік тексеруден өткізуді талап етіп, біздің көлігімізді кешіктірді. Тағы бір жағдай Ресей аумағында болды. Жанармай қорын дұрыс есептемеген экипаж Ақтау әуежайына жете алмай, РФ шекаралық қалаларының біріндегі әуежайға қонуға мәжбүр болды. Екі жағдайда да орын алған жағдайды сәтті шеше алдық. Контейнерлерді ашу құқығынсыз қабылдауды және сақтауды ҰМБ-ның Тараз қаласындағы резервтік жерасты сақтау орнының қызметкерлері жүзеге асырды. Осылайша ұлттық валютаны шығару және оны Қазақстанға ешбір қиындықсыз жеткізу 1993 жылғы мамырдың басында аяқталды.
Теңгені енгізу алдындағы жағдай
Болашақ ұлттық валюта жұмыс істейтін қаржы нарығының негізгі инфрақұрылымдық объектілері бұрын Қазақстанда болған жоқ. Оның бәрі Мәскеуде, яғни басқа елдің меншігінде қалды. Оларды Қазақстанда іс жүзінде жоқ жерден жасау қажет болды. Банк жүйесінің барлық инфрақұрылымы өте қарқынды, ҰБ-ның меншікті кірістері есебінен, бюджет қаражатын және сырттан қарыз алмай құрылды. 1993 жылдың бірінші жартысының соңына қарай Қазақстанның валюта биржасы, Бағалы қағаздарды шығару фабрикасы, Теңге сарайы, Алтын валюта резервтері, Алтын валюта резервтеріне арналған мемлекеттік сақтау орны және халықаралық төлем жүйесі құрылып, жұмыс істей бастады.
Барлық инфрақұрылымдық жобаларды 1993 жылдың бірінші жартысында іс жүзінде аяқтай отырып, ҰБ ұлттық валютаны енгізуге және осы бағыттағы кез келген оқиғаның өрбуіне дайын болды. Бірақ оқиғалар болжанғанға қарағанда, біршама өзгеше өрбіді. Ұлттық валютаны енгізу түрлі себептер бойынша кейінге қалдырылды. Республиканың үкіметі рубль аймағын сақтау саясатын жүргізе отырып, ТМД елдерінің үкіметтерімен және РФ ОБ-мен көптеген келіссөз жүргізді. Осы жұмыстардың барысында әртүрлі үкіметаралық көпжақты және екіжақты келісімдер жасалды. Өкінішке қарай бұл келіссөздер мен келісімдердің елеулі оң нәтижелері болмады. 1993 жылдың бірінші жартысында Балтық елдері, сондай-ақ Украина, Беларусь, Қырғызстан, олардан кейін Өзбекстан мен Түрікменстан ұлттық валюталарын айналымға енгізді. Ресей 1993 жылдың басында өз валютасын енгізуге күшейтілген дайындықты бастады. Республиканы қолма-қол банкноттармен қамтамасыз ету күрт нашарлады. Бұл жалақы мен әлеуметтік төлемдерді төлеу кезінде көптеген іркілістерге алып келді. Жағдай өте күрделі еді. Әлі есімде, 1993 жылғы тамызда, бір ай ішінде мен және орынбасарларым Қазақстанға жұмысшыларға жалақы беру, халыққа әлеуметтік төлемдер төлеу үшін қажетті қолма-қол ақша беру жөніндегі бір ғана өтінішпен РФ ОБ басшылығымен кездесу үшін Мәскеуге 17 рет бардық. 1993 жылғы шілде айының ортасында Ресейдің Экономика министрлігінде Ресей мен Қазақстанның бірінші вице-премьерлері басшылық жасаған үкіметтік делегациялары арасында экономика, қаржы министрлерінің және орталық банктер басшыларының қатысуымен рубль аймағына байланысты мәселелерді талқылау бойынша кезекті кездесу өтті. Осы кездесуде Ресей тарабы бізге бұрынғы рубль аймағының тоқтатылатыны, ал жаңа рубль аймағына Қазақстанның қабылданбайтыны туралы ашық мәлімдеді. Бірыңғай рубль аймағын сақтау бойынша жүргізілген жұмыс мүлдем тығырыққа тірелді. Ресей 1993 жылғы 26 шілдеде өз валютасы – РФ мемлекеттік нышаны бар рубльді айналысқа енгізді. Сонымен қатар Ресей өз аумағында қыркүйек айынан бастап 1961, 1991, 1992 жылдардағы Кеңес рубльдерінің және Ресейдің 1992 жылғы рубльдерінің, сондай-ақ КСРО мен Ресей ОБ монеталарының айналыста жүруі тоқтатылатынын жариялай отырып, ТМД рубль аймағынан шықты. Ресейдің жаңа рубль аймағына өзінің ақша-кредит жүйесін құра алмаған, әлі азамат соғысы жүріп жатқан Тәжікстан ғана жіберілді.
Қазақстан Үкіметі рубль аймағына кіру идеясынан бас тартпай, осы бағыттағы жұмысты жалғастырды. Алайда Мәскеу қойған талаптар біз үшін іс жүзінде тиімсіз болды. Қазақстан жаңа рубль аймағына кіру үшін кемінде 700 млн АҚШ доллары мөлшеріндегі жинақталған алтын валюта резервтерін Ресейге толық беруге, бюджет тапшылығының деңгейін келісуге және ортақ рубль негізінде РФ ОБ ақша-кредит саясатына бағынуға тиіс болды. Қазақстан үшін бұл іс жүзінде экономикалық тәуелсіздіктен толық бас тартуды білдірді. Уақыт өтіп жатты, келісімге қол жеткізілмеді, ал қолма-қол ақшамен қамтамасыз ету қарқынды түрде нашарлай бастады. 1993 жылғы қыркүйектің басынан бастап РФ ОБ Қазақстанға қолма-қол ақша беруді толық тоқтатты. 1993 жылғы тамыздың соңында бұрынғы Одақтың кеңес рублінен бас тартқан барлық республикасы өздерінің ұлттық валютасын енгізді. Қазақстан 1993 жылғы қыркүйектен бастап іс жүзінде жоқ мемлекеттің кеңестік ақша белгілерін пайдалануды жалғастырып отырған жалғыз ел болды. Осыған байланысты Қазақстанның аумағына бүкіл экономиканы түбегейлі бұза отырып, ешкімге қажеті жоқ кеңестік ақша белгілерінің шектен тыс әкелу қаупі туды. Қолма-қол ақшамен қамтамасыз ету кезінде қалыптасқан жағдайдың күрт нашарлауы, сондай-ақ кеңестік ақша белгілерінің Қазақстанның аумағына жаппай «тастаудың» басталуы туралы 1993 жылғы қыркүйекте мен Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевқа жан-жақты баяндадым. Ұлттық валютаны енгізу жөніндегі мемлекеттік комиссияны құру туралы шешім қабылдауды сұрадым, бұл кезде ұлттық валюта дайындалып қойған еді. Осы ұсынысты 1993 жылғы қазанның басында ел Үкіметі қолдады. Шешуші сәт басталған кезде (1993 жылғы қыркүйектің соңы), Президент бастаманы өз қолына алып, Министрлер Кабинетіне, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне ұлттық валютаны енгізу бойынша жұмысты бастауға тапсырма берді.
Айырбастау
Ұлттық валютаны енгізу 1993 жылғы 15 қарашаға белгіленді. Ұлттық валютаны енгізу алдында (12 қараша) Мемлекет басшысы теледидар мен радио бойынша тікелей эфирде ұлттық валютаны енгізу туралы хабармен Қазақстан халқына Үндеу жолдады. Ол миллиондаған теледидар көрермендерінің алдында тамаша дизайны және үздік сапасы бар валютаның барлық номиналын көрсетті. Мемлекет басшысының Үндеуінен кейін мен теледидар мен радио бойынша тікелей эфирде КСРО Мембанкі мен Ресей Банкінің 1961-1992 жылдардағы үлгідегі қазынашылық және банктік билеттерін ұлттық валюта теңгеге айырбастау тәртібін жарияладым.
Рубльді ұлттық валютаға айырбастау 15 қарашада сағат 8-де басталды және үш күн ішінде рубль мен теңге қатар қолданылуға тиіс еді. 1993 жылғы 18 қарашадан бастап ұлттық валюта Қазақстан аумағында жалғыз заңды төлем құралы болды. Валюталарды айырбастау өте жауапты, техникалық жағынан өте күрделі іс-шара болды. Ақшаны айырбастау процесі осы процеске қатысқан адамдардан күш-жігерін толық жұмылдыруды, жоғары атқарушылық тәртіпті талап етті. Біз сағат сайын ҚҰБ-ның төменгі құрылымдарының, банктердің басшыларымен байланыста болдық, ақша айырбастау жөніндегі жағдайды қадағалап отырдық және ақша айырбастау процесінде туындаған түрлі проблемаларды шеше отырып, 30-дан аса жедел нормативтік нұсқаулар шығардық. Ақша айырбасталған күндері бухгалтерлік аппарат, кассалық қызмет көрсету және инкассаторлық қызмет қызметкерлеріне жүктеме бірнеше есе өсті. Жоғары жауапкершілік пен кәсіби қасиеттерін көрсете отырып, ақша айырбастауға тартылған банк жүйесінің әр қызметкері тәулігіне өз жұмыс орнында 14-16 сағат бойы жұмыс істеді. Бұл ретте ақша айырбастау ісіне менің орынбасарларым М.Тұрсыновтың, А.Дудкиннің, Н.Абдуллинаның, барлық облыстық басқарма бастықтарының, ҚҰБ аудандық құрылымдары, екінші деңгейдегі банктер басшыларының және негізгі жүктемені көтерген және тапсырылған бүкіл халықтық іске жауапты басқа да көптеген адамдардың қосқан үлесін ерекше атап өтуге болады. Ақша айырбастау қорытындысы бойынша 1961-1993 жылдар үлгісіндегі 950,6 млрд қолма-қол рубльдер айналыстан алынды. Банк жүйесіне тән жоғары тәртіптілік пен жұмысты нақты ұйымдастыру нәтижесінде ақша айырбастау ешбір оқиғасыз және халықтың, заңды және жеке тұлғалардың шағым-талабынсыз үш тәулік ішінде жүзеге асырылды.
Заманауи жағдайдағы теңге
Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің қызметі әрдайым қаржы саласында және жалпы алғанда ел экономикасында тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған. 1992-1993 жылдары бұрынғы Одақтың барлық республикаларының аумағында гиперинфляция өршігені баршаға мәлім. Осы екі жылда Қазақстанда инфляцияның деңгейі 5125,
3%-ға жетті, тауарлардың бағасы 52 есе өсті. Бағаның өсуін ешкім қадағалай алмады, инфляция кірісті және өндірістің айналым қаражатын толығымен сіңіріп алды десек те болады. Осындай ауыр жағдайда Ұлттық Банктің күш-жігері және қалыптасқан жағдайға барабар оның кредиттік саясаты арқылы негізгі өнеркәсіптік орталықтарды, энергетика, агроөнеркәсіптік кешеннің базалық салаларының кәсіпорындарын сақтап қалу, оларды шарасыз банкроттықтан құтқару мүмкін болды. Кейіннен ҰБ-ның дербес жұмыс істеуі гиперинфляцияны тоқтатуға көмектесті, 1995 жылдың соңына қарай ол екі таңбалы цифрмен есептелді, ал 1998 жылы оның деңгейі небәрі 1,9%-ды құрады. Бірте-бірте банк жүйесін басқарушылардың жаңа буыны өсіп шықты және көптеген халықаралық сарапшылардың бағалауы бойынша Қазақстанның қаржы және банк жүйесі ТМД елдері ішінде ең үздігі атанды.
Қазіргі кезде реттеушінің атына теңге бағамы, кредиттеу мөлшерлемесіне қатысты сын айтылып жатады. Алайда барлығы да Ұлттық Банкке байланысты емес. Мысалы, өнеркәсіптік өндірістегі құрылымдық ауытқу, әлемдік резервтік валюталардың күшеюі, энергия тасымалдағыштардың бағасын болжай алмау, барлық жерде болып жатқан сауда және валюталық соғыстар бар, бұлар нарық субъектілерінің іскерлік және кредиттік белсенділігін тежейді. ҰБ қабылдаған банктік қызметтерді пайдаланушылардың құқықтарын қорғауды күшейту, банк жүйесін капиталдандыру, уытты кредиттерді жою, инфляцияны басу, банктер мен қаржы институттарының кредиттік белсенділігін арттыру жөніндегі шараларды қолдау қажет. ҰБ басшылық етуімен заманауи банкинг жүйесі құрылуда, көрсетілетін қызметтерді цифрландыру, қашықтықтан қызмет көрсету және т.б. жасалуда. Қазіргі кезде банк жүйесі бұрынғысынша экономиканың қаржылық тірегі болып отыр, ал ұлттық валюта – теңге, өзінің тарихи миссиясын орындай отырып, еліміздің экономикалық тәуелсіздігінің негізгі кепілі болып қалуда.
Бетті дайындаған Думан АНАШ,
«Егемен Қазақстан»