«Шарапат» деп аталған әлеуметтік қызмет көрсету орталығы – бұл тәжірибесі мол мемлекеттік мекеме, қарттар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға күтім бойынша сапалы және кешендік қызмет көрсететін орталық. Бұл жерде зейнет жасына жеткен, І және ІІ топтағы мүгедектер мен ұдайы басқа адамның көмегі мен күтіміне мұқтаж жалғыз басты жандар тұрады. Аталған мекеме 1989 жылдан бастап жұмыс істейді, ал 2007 жылы Көктал-1 тұрғын алабында жаңа ғимараты бой көтерген.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің әр Жолдауында, бағдарламалық мақалаларында үнемі адами капиталды дамыту керектігін баса назарға алып, осы ретте атқарылатын жұмыстарға бағдар беріп отырады. Биылғы Жолдауда да мүмкіндігі шектеулі тұлғаларға арналған «кедергісіз орта» қалыптастыруға зор мән берілуге тиіс екенін тілге тиек етті.
«Шарапат» орталығы шағын болса да шамасы жеткенше елеулі еңбек атқарып жатқанын айта кеткен абзал. Мекеме қызметінің басым бағыты – осында тұратын адамдардың қажеттілігін толық қамтамасыз ету, арнаулы әлеуметтік қызметтің сапасын үнемі жақсарту және қызмет алушылардың әлеуметтік бейімделуін арттыру. Мұнда толық немесе жартылай қозғалу және өзіне қызмет көрсету қабілетінен айырылғандардың тұрақты және уақытша тұруы үшін 400 орын бар, сондай-ақ мұнда қиын жағдайларға тап болған адамдар да тұрады.
«Шарапат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығының директоры Кенжеболат Бәпішев қарттарды қадірлеу қазақтың қанына сіңген қасиет екенін алға тартты.
«Әдетте біз қарттық туралы ойланбаймыз. Бізге бүгінде тұрмыс-тіршіліктің маңызды және күрделі мәселелерін шешу барысында ойлануға да уақыт жетпейді. Бала тәрбиелеп, олардың қамын ойлап, болашағымызға қор жинаған боламыз. Өкінішке қарай ертең өзіміздің жағдайымыз қалай болары бір Аллаға ғана аян! Бұл балалар жаман тәрбие алып өсті деген сөз емес. Бүгінгі жастар ата-анасының ұясынан ұшып кетіп, басқа қалаларда тұрып жатады, тіпті басқа елге барып, сол жақта өмір сүргілері келеді. Айта берсең, себептер жеткілікті. Біреулер баспанасы жоқ болғандықтан, қасына әжесін әкеліп тұрғыза алмайды, ал екіншісі өзі мүгедек бола тұра, әке-шешесіне қандай қамқоршы болмақ? Кейбіреулер соғыстан кейін жақындарын жоғалтып, уақыт өте келе жеке басының мәселесін шеше алмағандар. Бұл өмірлік мәселенің шешу жолы бар ма? Жалғыз қарттардың өмірін қалайша қуаныш пен игілікке толы қыламыз? Олардың қамшының сабындай қалған өмірін есте қалатындай жасай аламыз ба? Мұндағы адамдар да болашақта жақындарымен, туған-туыстарымен бірге боламыз деп армандаған, бірақ сол армандары орындалмаған жандар. Олардың ішінде балалары, немерелері барлары да кездеседі. Бірақ олар үшін тағдыр басқа өмір сыйлаған шығар. Біздің мекеменің қызметкерлері қолынан келгенше осы адамдардың өмірін жақсартамыз деп атсалысуда, мүгедектер мен қарттар жалғыздығын сезінбей, біздің мекемеде туған үйінде тұрғандай болсын деп аянбай еңбек етуде. Әрине, өз үйіндей болмайды ғой, баласы мен жақындарының орнын кім толтыра алар?! Мемлекет осындай адамдарға қамқорлық жасау мақсатында арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетуді қажет ететіндердің өмір сапасын жақсарту үшін заңнамалық-құқықтық базаға өзгерістер енгізіп отырады», дейді ол.
Баяғыда бір анадан қай балаңды қатты жақсы көресің? – деп сұрапты. Сонда ана: «Ауырған баламды – жазылғанша жақсы көремін. Шығып кеткен баламды – оралғанша. Кіші баламды – өскенше жақсы көремін. Кеудемдегі жүрегім тоқтағанша, бәрін бірдей жақсы көріп өтемін», деген екен. Ана баласын құрсағынан шығарса да жүрегінен шығармайтын жалғыз жан. Бірақ сол тоғыз ай көтерген адал адамның кейде бір ауыз сөзін көтермей қалатынымыз жасырын емес.
Әңгімемізге қайта оралсақ, әлеуметтік қызмет көрсету орталығы директорының әлеуметтік жұмыс жөніндегі орынбасары Ардақ Бейсенбайқызы бүгінгі таңда мекемеде 338 адам барын, оның басым көпшілігі ер адамдар екенін тілге тиек етті.
«Оның 57-сі айына 55 мың теңге төлеп, ақылы түрде қызмет алады, 12 адам күндізгі бөлімде яғни таңертең келіп кешке қайтады. Ол кісілер негізінен алты айға тіркеледі, егер әрі қарай жалғастырғысы келсе, 1 жылға дейін создыра алады. Бұл бөлім бізде былтырдан бастап қанатқақты жоба ретінде іске қосылған болатын. Ол үшін ақы алмаймыз, тегін. Осы бөлімге көбінесе балалары жұмысқа кетіп, үйде қарайтын адамы жоқ қарттар келеді. Олар таңертең келіп, бассейнге түседі, өзінің денсаулығына қажетті емдік шараларды қабылдайды. Біздің мекеменің 3-қабаты өзіміздің емханамыз. Ал қалған тұрғындар І, ІІ топтағы мүгедектер және зейнет жасына жеткен зейнеткерлер. Осы орталықта жиырма жылға жуық тұратындар да бар. Біз оларға 7 негізгі бағыт бойынша әлеуметтік қызмет көрсетеміз. Оның ішінде тұрмыстық қызмет, медициналық, мәдени қызмет, экономикалық, психологиялық, еңбек қызметі және құқықтық қызмет түрлері бар. Біздің мекеме 1989 жылдан бері «Қарттар үйі» деп ашылған. Бірақ 2016 жылы Астана қаласы әкімдігі қаулысының негізінде «қарттар үйі» деген сөз болмас үшін атауын «Шарапат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығы деп өзгерттік. Себебі қазақта «қарттар үйі» деген сөз құлаққа жағымсыз естіледі. Қазіргі таңда елімізде балалар орталығы, жастар орталығы сияқты мекемелер көп, сондай мақсатта біз де орталықтың атын ауыстырған болатынбыз», дейді А.Бейсенбайқызы.
Аталған мекемеде 2015 жылдан бері әлеуметтік қызмет алып келе жатқан Әлімбай Сатыбалдиев орталықта барлық жағдай жасалғанын тілге тиек етіп, өзінің разылығын білдірді.
«Осындай қарттарға жағдай жасап отырған Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевқа, орталық қызметкерлеріне алғыс айтамыз. Біздің жақсы көңілде жүргеніміз ұжымның талмас еңбегі деп білеміз», дейді ол.
Рауан ҚАЙДАР,
«Егемен Қазақстан»