Мемлекет басшысы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында коммуналдық қызмет пен табиғи монополияларды реттеу салаларында тарифтің жасалуы және тұтынушылардан жиналған қаржының жұмсалуы әлі күнге дейін ашық еместігі туралы айтып, аталған салада нақты шешімдер қабылдау туралы тапсырма берді.
Мәліметке сүйенсек, Маңғыстау облысының тұрғын үй қоры 1 654 көп- қабатты тұрғын үйді құрайды. Оның ішінде 981 үй Ақтау қаласына, 262 үй Жаңаөзен қаласына және 411 үй аудандарға тиесілі. Үйлердің сапасы да әралуан. Сол себепті аймақ бойынша 290 үй күрделі жөндеу жүргізуді қажет етсе, Ақтау қаласында 6, Жаңаөзен қаласында 2 үй апаттық жағдайдағы үйлер санатында. Маңғыстау облыстық Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ж.Салимовтың айтуынша, өңірде кондоминиум нысандарын басқару бойынша бірқатар мәселе бар. Мәселен тіркелген кондоминиумдар саны төмен деңгейді көрсетеді. Тұрғын үйлердің техникалық паспорттары мен жер учаскелеріне арналған актілердің болмауы салдарынан облыс бойынша 1654 көпқабатты тұрғын үйдің тек 529-ы техникалық паспорттарын тіркеген.
Ақтау қаласы бойынша 34 жауапкершілігі шектеулі серіктестік, 17 жеке кәсіпкер, 19 пәтер иелері кооперативі, 8 пәтер иелерінің тұтыну кооперативі, 1 қоғамдық бірлестік, 1 пәтер иелерінің қоғамдық бірлестігі, 1 тұрғын үй құрылыс кооперативі сынды кондоминиум нысандарын басқару органдары бар, алайда олардың санының көптігі көрсетілетін қызметтің сапасына жауап бере алмай келеді.
Құзырлы орындарға ұжымдығы бар, жекесі бар айына екі-үш арыз-шағым түссе, бір ай ішінде тұрғын үй инспекциясы бөліміне шамамен 400 шағым келіп түскен. Отыз күнде 400 арыздың түсуі – саладағы мәселенің қаншалықты маңыздылығын, күрделілігін аңғартады.
– Жеке пәтер иелері кооперативтерінің қызметінде мәселе баршылық. Тұтынушылардан жиналған қаражатты пайдалануда ашықтық жоқ. Бүгінде ПИК-тер өз қызметкерлеріне жоғары жалақы белгілейді, штатты негізсіз өсіру фактілері бар. Бұл – олардың тарифтерден жиналған қаражатты пайдалануда ашық саясат жүргізбейтіндігін көрсетеді. Халықтан тарифтердің күрт өсуі бойынша көптеген шағым келіп түсуде, деді тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық саласының өзекті мәселелеріне арналған жиында өңір басшысы.
Мемлекеттік сәулет-құрылысты қадағалау басқармасы жаңадан салынған үйлердің техникалық паспорттарын құрылыс салушы есебінен жасақтап, 2018 жылдың 1 желтоқсанына дейін қала және аудан әкімдері тіркелмей қалған көпқабатты үйлерді бюджет қаражаты есебінен мемлекеттік тіркеуден өткізуі тиіс. Сондай-ақ қала және аудан әкімдері көпқабатты үйлердің ауласын абаттандырып, қолданыстағы балаларға арналған спорттық және ойын алаңшаларын қалпына келтіруі және жаңадан салуы, олардың жауапкершілігін кондоминиум нысандарын басқару органдарына беріп, одан әрі күтіп ұстауды қамтамасыз етуі қажет деп шешілді.
Тұрғындар төлеген ақшасына сай сапалы қызмет көрсе, арыз-шағымның болмайтыны белгілі.
Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
Маңғыстау облысы