Шаһарда электронды қалдықтарға арналған экобокстар ағымдағы жылдың қыркүйек айынан бері қойыла бастаған. Экобокстарға жарамсыз ұялы телефондармен зарядтау құрылғыларынан бөлек, ескі магнитафон, теледидар, электрлік ойыншықтар мен істен шыққан үтік, планшет тәрізді заттарды тастауға болады.
«Контейнерлер толған соң оның ішіндегі қоқыстың салмағы өлшеніп, ары қарай өңдеу базасына жөнелтіледі. Алдымен электронды қалдықтың пластмассасы мен металы қолмен ажыратылады. Артынан бұл заттар бөлек жиналып майдаланады. Әрі қарай қалдықтар қайта өңдеуге кетеді. Кейбіреулер мұндай қалдықтар бәрібір қоқыс полигонына кетеді, өңдеудің не қажеті бар деп жатады. Алайда, сол зиянды заттардың бәрі жерге сіңіп кететінін ескеруіміз керек. Топырақ арқылы суға да таралады. Титтей батареяның бір данасын қате пайдаланған жағдайда, 20 текше метр топырақ немесе 400 литр ауыз су уланады» дейді эколог мамандар.
Бүгінгі таңда мегаполисте электронды қалдықтарға арналған отыздан астам контейнер бар. Оның 29-ы қала мектептеріне қойылған. Жауапты мамандардың сөзінше, қыс айларына дейін тағы 50 мектепке осындай экобокстар орнатылатын болады.
Арман ОКТЯБРЬ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ