«Ашық жұмыс істеп, адамдардың сенімінен шыға білу керек» деді Елбасы. Отырыстың негізгі тақырыбы энергетикалық қызмет нарығындағы мемлекеттік органдар жұмысы болғанымен, бұл – халықтың өмір сүруіне жайлы орта қалыптастыруда барлық салада межеге алатын мәселе. Соның ішінде тұрмыс сапасының ажырамас бөлігі қауіпсіздік екенін, қоғам құқық қорғау органдарының жұмысының түбегейлі жақсаруын күтіп отырғанын Президент биылғы Жолдауында айрықша атап өткен болатын.
Әрине адамға өмір сүруге қолайлы орта қалыптастыруда керегі алдымен жайлы баспана, лайықты кәсіп, сонымен қатар құқығы мен мүдделерінің қорғалуы екені белгілі. Бұған дейін қылмыстық процестегі азаматтар-
дың құқықтарын қорғауды күшейту үшін заңнамаға оның әсіре қатаңдығын бәсеңдетуді көздейтін нормалар енгізілген болатын. Құқық қорғау органдарының өкілеттігі мен жауапкершілік шегі де айқындалды. Сөйтіп азаматтардың конституциялық құқықтарына кепілдікті нығайту, құқық үстемдігін қамтамасыз ету, құқық қорғау қызметін ізгілендіру жұмыстары кеңінен қолға алынды. Дегенмен бұл талаптардың бәрі жүзеге асуы үшін, алдымен адамға өмір сүруге жайлы орта қалыптастыруда қауіпсіздік мәселесін түбегейлі шешу қажет еді. Ол үшін не істеу керек?
Өзгеріс өлшемі – сапа
Бұл үшін Елбасы құқық қорғау органдары жұмысына терең және сапалы өзгерістер қажет екендігін ашып айтты. Адамдарға алаңсыз жұмыс істеуде, бейбіт өмір сүруде, тұрмыс сапасын жақсартуға қажетті қауіпсіздік пен тыныштықты қамтамасыз етіп, заңсыз әрекеттерден қорғауда алдымен қол ұшын беретін құрылым – полиция. Бұл орайда Елбасы: «Азаматтар санасында полиция жазалаушы емес, керісінше қиын жағдайда олардың көмекшісі деген түсінік орнауы тиіс», деді. Демек осы жоғары талап деңгейінен табылу үшін құқық қорғау органдарының жұмысына терең және сапалы өзгерістер қажет екендігін уақыттың өзі талап етіп отыр. Қоғам құқық қорғау органдарының, ең алдымен, полиция жұмысының түбегейлі жақсаруына мүдделі. Оның нақты жолын Мемлекет басшысы өзі көрсетіп берді. Ол қандай жол?
«Жол картасы» қабылданады
Құқық қорғау органдарының жұмысына өзгерістер енгізу үшін Елбасы «Үкіметке Президент Әкімшілігімен бірлесіп, «Ішкі істер органдарын жаңғырту жөніндегі жол картасын» қабылдауды тапсырамын», деді. Демек бұл жаңа да және құқық қорғау органдары жұмысын түбегейлі жақсартатын әлеуетті реформа деген сөз. Ал бұл реформалар 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап жүзеге асырыла бастайды. Әрі жаңа, әрі әлеуетті реформа деп отырғанымыздың да өзіндік жөні бар. Өйткені қабылданатын ішкі істер органдарын жаңғырту жөніндегі жол картасында полиция жұмысына өзгерістер енгізу мен қызметкерлердің әлеуметтік мәселесіне басты назар аударылады. Елбасы: «Біріншіден, Ішкі істер министрлігінің штатын оңтайландырып, полицияны өзіне тиесілі емес функциялардан арылту қажет. Үнемделген қаражатты жалақыны көбейтуге, тұрғын үй және өзге де әлеуметтік мәселелерді шешуге бағыттаған жөн», деді. Халық арасында адам саны ең көп құрылым полиция екені айтылып келе жатқаны рас. Осы орайда құқық қорғау қызметкерлерінің баспана алуы, жалақы мөлшері көңіл көншітпейді. Ал Президент айтқандай, жаңғырту жөніндегі жұмыстар алдымен осы мәселелерді шешуден басталса, қауіпсіздікті қамтамасыз ету сапасы да артуы мүмкін.
Осыған сай жеке құрамның штат санын қайта қарап, 10%-ға қысқарту жоспарланып отырған көрінеді. Бұл – шамамен 9000 полиция және 1600 ҚАЖК қызметкері. Үнемделген қаражат қызметкерлердің лауазымдық жалақысын арттыруға жұмсалмақ. Алдағы уақытта жол-патрульдік полициясының саптық бөліністері қызметкерлерінің, учаскелік полиция инспекторларының және кәмелетке толмағандар істері жөніндегі учаскелік инспекторлардың тұрғын үйді жалға алуы үшін өтемақы төлеуді қарастыру жағы да шешілмек. Бұдан өзге, реформалау аясында ІІМ-ді өзіне тән емес функциялардан босату, қылмыстық атқару жүйесін жаңғырту, азаматтық қорғау органдары құрылымын жетілдіру бойынша шараларды іске асыру көзделген. Бұл жерде мемлекеттік мекемелердің санын 54-тен 20-ға дейін оңтайландыру жоспарда бар. Сапаны арттыру мақсатында ведомстволық білім беру жүйесін реформалау және кадрларды іріктеу жүйесін қайта қарау жоспарланған көрінеді.
Үздіктер ғана қызмет етеді
Елбасы Жолдауда екінші мәселе ретінде полиция қызметкерінің жаңа стандартын бекітіп, мансаптық ілгерілету, сондай-ақ полиция академиялары арқылы кадрларды даярлау мен іріктеу жүйесін өзгерту керектігін алға қойды. Демек енді қызметкерлердің бәрі қайта аттестаттаудан өтіп, іріктелгендері ғана, яғни олардың ең үздіктері қызметін жалғастыратын болады. Бұл да қоғам күткен өзгеріс болып тұр. Азаматтардың конституциялық құқын қорғауды нығайту қылмыстық-құқықтық жүйені кешенді реформалауға оң әсерін тигізді. Бұл құқық қорғау органдары қызметін одан әрі ізгілендіруге жол ашады. Соның бір айғағындай, «Қылмыстық, қылмыстық-процессуалдық заңдар мен құқық қорғау және арнайы органдар қызметін жетілдіру мәселелері бойынша кейбір заң актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу» туралы заң жобасында қылмыстық процесті ізгілендіруге басымдық берілген болатын.
Бұл орайда, ең алдымен, қылмыстық-құқықтық жүйенің тек айыптау мен жазалау бағытынан нақты құқық қорғау бағытына ауысқаны көңілге қуаныш ұялатады. Бұл заң жобасындағы екінші бағыт – ішкі істер органдарының қызметін жетілдіру. Ең алдымен ішкі істер департаменті мен жергілікті полиция қызметі базасы негізінде Ішкі істер министрлігінің облыстық полиция департаменттері құрылды. Ал жергілікті полиция қызметі бұрынғы міндеттері мен функцияларын сақтай отырып, құрылымдық бөлімше құқығымен олардың құрамына енгізілді. Яғни әкімдерге полиция департаменттерінің бастықтарын қызметіне тағайындау және босату (Ішкі істер министрінің ұсынуы бойынша) құқығы және полиция органдарының алдына полицияның жедел-іздестіру және процессуалдық қызметіне араласусыз, құқықтық тәртіп пен құқық бұзушылықтар профилактикасын қамтамасыз ету бойынша міндеттерді қою өкілеттіліктері берілді. Сондай-ақ жергілікті әкімдердің қолдауымен сержанттық лауазымдарды офицерлік лауазымдарға ауыстыру шаралары кезең-кезеңімен жүргізілуде. Қазір 3 мыңнан астам лауазым офицерлікке ауыстырылған. Бұл жұмыстар әзірге 3 өңірде толық аяқталған көрінеді. Бұл мәселені шешу полиция қызметкерлерінің еңбекақысын көтеріп қана қоймай, кадр құрамының сапасын жақсартуға, кадр тұрақтылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді екен.
Полиция жұмысы үнемі бақыланады
Халықпен жұмыс істеуде полиция қарабайыр амалдардан арылып, заманауи жаңа форматтарды игергені дұрыс. Жолдауда Елбасы үшінші мәселе ретінде осыны айтты. Яғни ішкі істер органдарына «халықпен жұмыс істеудің жаңа заманауи форматтарын енгізіп, полицияны бағалаудың критерийлерін түбегейлі өзгерткен жөн», деді. Сондықтан да полиция жұмысын сервистік модельге көшірудің маңызы зор. Ол үшін Елбасы қалалық және аудандық ішкі істер органдары жанында Халыққа қызмет көрсету орталықтарының қағидаты бойынша азаматтарды қабылдау үшін қолайлы жағдай жасау қажеттігін қатаң тапсырды. Сөйтіп еліміздің бүкіл қалалары қоғамдық қауіпсіздікке мониторинг жүргізу жүйелерімен жабдықталуы да полиция жұмысын жақсарта түседі. Сонда ғана қоғам тарапынан берілген сенім деңгейі және халықтың өзін қауіпсіз сезінуі полиция жұмысын бағалаудың негізгі өлшеміне айналмақ.