Қазақстан • 09 Қараша, 2018

Жаңа технология – жайқалған егін

868 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Қарағанды облысында биылғы жылдың жер емген ағайын үшін аса қолайлы болмағаны белгілі. Көктем кеш келді. Жаз шыға күн ысып, дән өзіне қажетті жылуды бойына сіңіріп алады деп жүргенде, шілде айы әдеттегіден тым салқын болды. Соның кесірінен астық уызына жарымай, толығымен пісіп-жетілмеді.   

Жаңа технология – жайқалған егін

Бірақ табиғаттың осы қы­ты­­мыр­лығына қарамастан, Осакаров ауданындағы «Най­доровское» деп аталатын жауап­­кершілігі шектеулі серік­тес­тік биыл бұрын-соңды болып көрмеген өнім жинады. Шаруа­шылық әрбір гектардан 50 центнер астық алды. Ди­қандар бұған жаңа және озық үлгідегі агротехнологияны қол­дану арқылы қол жеткізген еді.

Биыл шаруашылық бидай­дың «аустриялық» деп аталатын сұрыбының тұқымын 550 гектар алқапқа сіңірді. Жер­ді аустриялық маман­­­дар жасап шығарған «Nourivit» инновациялық тыңайт­қы­­­­­шы­­­мен өңдеді. Бұл ты­ңайт­­­қыштың құрамында топы­рақты микроэлементтермен байы­та­тын және оның ауа өт­кіз­гіш­тік қасиетін  арттыратын мик­роорганизмдердің қосындысы бар. Мұның нәти­жесі аста-төк өнім алуға қол жеткізді.

– Көрсеткіштер өте жақ­сы, сипаттамалар да тамаша. Бүгінде бұл бидайға Италия мен Аустрия тарапынан сұраныс бар. Сондықтан өнімді Еуропаға экспорттайтын боламыз. Бұл сұрыптың жұмсақ сортты би­дайға қарағанда құны да жо­ғары. Мұнымен қоса, егер біз қатты сұрыпты бидай өсіру бағытында дамитын бол­сақ, елі­міздің солтүстік аймақ­тары­мен бәсекелесетін боламыз, – дейді «Найдоровское» ЖШС-нің жетекшісі Павел Лущак. 

Келер жылы шаруашылық «аустриялық» тұқымын он есеге көбейтіп, 5 мың гектарға дейін дән сіңірмекші. Биылғы жыл қатты бидай сұрыбының тиім­ді екенін көрсетті. Сол себеп­ті де бидайдың жұмсақ сұры­бы өсірілетін алқап қыс­қарып, соның есебінен қатты бидай тұқымы егілетін жер кеңейтілетін болады.

– Солтүстік Қазақстан об­лы­сының шаруашылық­тары «аустриялық» сұрып тұқымы­ның тоннасын 220 мың теңгеден сатып алуға да­йын. Баға арзан емес, әрине. Бірақ оның қайтарымы мол екенін жұрт­тың бәрі біледі. Гектарынан 50 центнер алу дегеніңізді бұрын кім көрген! Шаруалар кеткен шығынын алғашқы маусымда-ақ қайтарып алады. Биыл біз шамамен 750 тонна сатуды жоспарлап отырмыз, – дейді Павел Лущак.

«Найдоровское» ЖШС ауыл­шаруашылық техникаларының жаңаруына да баса мән береді. Келер жылы шаруашылық бір­неше заманауи комбайн сатып алмақшы.  Бұл техникалардың жоғары өнімділігі өз алдына, олардың геонавигацияны пайдалана отырып, алқаптардың электронды картасына сәйкес жұ­мыс істеуге қабілеті толығы­мен жетеді. 

Ауылшаруашылығына цифр­ландыру элементтерін енгізу өте күрделі және кезең-кезеңімен жүргізілетін үдеріс. Мұндай жаңа тәжірибені игеру агросаладағы ғалымдар­дың қатысуынсыз тіпті де мүмкін емес. Сол себепті биылдан бас­тап «Найдоровское»  ЖШС-нің алқаптарында С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехника­лық университетінің ғалым­дары дәлме-дәл егіншілік эле­мент­терін енгізу бойын­ша қанат­қақты жобаны жүзе­ге асыру­мен айналысты. Алқап­тар­дың электронды картасын пайдалануға көшу – осы жоба көздеген кезеңнің бірі.

Жалпы, университет ғалым­дары техниканың мүмкін­дік­терін тексеріп, тыңайтқыштар­ды дифференциалды енгізуді жүзеге асырды. Алқаптардың электронды картасын жасап, топырақтың агрохимиялық тал­дауын өткізді, сондай-ақ егістіктердің арамшөп басу карталарын құрастырды. Алдағы уақытта ғалымдар метеостансалар көмегімен америкалық «Data Transmission Network» компаниясы жасаған ауа ра­йын дәл болжау қанатқақты жобасының қорытындыларын іс жүзінде пайдалану туралы ұсы­­ныстар енгізуді жоспарлап отыр. Мысалы, күн райына қатысты жауын-шашынның ық­­ти­­малдылығы, шық нүктесі және басқа да көрсеткіштердің са­рап­тамасы 10-нан астам пара­метр бойынша жүргізілетін болады.

Сонымен қатар «Най­доров­ское» серіктестігі А.И.Бараев атындағы астық ша­руа­­шы­лы­ғы ғылыми-өнді­ріс­тік орта­лығы­мен де тығыз қарым-қаты­нас орнатқан. Бидай­дың «Дам­син» және аустрия­лық «Дурум» атты сұрып­тары осы орталықтан сатып алынып, себілген.

Цифрландыру элемент­терін енгізумен айналысқан шаруа­шы­лықтар облыстық ауыл­ша­руа­­шы­лық басқармасының ұдайы назарында. 

– Ала жаздай атыз жаға­лап, ащы терін жерге сіңірген диқан еңбегінің қайта­ры­мы бар. Бүгінде жаңа техно­ло­гия­лардың арқасында жұ­мыс жеңілдеген. Бұрынғы тех­ни­ка­ларға қарағанда қазіргі тех­ника әлдеқайда жақсы. Жұ­мысы автоматтандырылған. Қызметтің дені компьютерлік техника арқылы басқарылады. Өте ыңғайлы. Осының арқасын­да жерді тыңайту, дән себу сынды егіс алқабындағы жұмыс жанданды, – деді таяуда БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында облыстық ауылшаруашылы­ғы басқармасының жетекшісі Сағынжан Апақашов.

Биылғы астық орағы кезінде облыс әкімі Ерлан Қошанов Осакаров ауданына арнайы барып, «Найдоровское» ЖШС-нің егін алқаптарын аралап, жаңа технологиямен жұмыс істеп жатқан диқандар қауымының тыныс-тіршілігімен танысқан болатын. Өңір басшысы жер­гілікті аграрийлердің цифрлан­дыру жүйесін батыл түрде ен­гізіп жатқан қадамдарына оң баға берді.

– Егер өнімді өткізу жолдары болса, өнімділік жоғары болса, осы жаңа технологияға көшу қажет. Бәсекеге қабілетті дән­ді-дақылдар өсіруге арнал­ған алқаптардың ауданын ұлғай­тыңыздар, – деген болатын өңір басшысы.

Бір сөзбен айтқанда, облыс­та өндірістік үдерісті цифрлан­дырудың маңызды элементтерін енгізуге алғашқылардың бірі болып кіріскен «Найдоровское» шаруашылығы бұл берекелі шаруаның шаш-етектен пайда әкелетінін іспен дәлелдеп шықты. Яғни бұл – алдағы уа­қытта мұндай тәжірибеден үлгі алатын шаруашылықтардың қатары көбейеді деген сөз.

Қайрат ӘБІЛДА,

«Егемен Қазақстан»

Қарағанды облысы,

Осакаров ауданы