Өнер • 14 Қараша, 2018

Алматыда «Көшпенділер әуені» атты дәстүрлі орындаушылардың ІІ Республикалық байқауы өтті

775 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

П.Чайковский атындағы Алматы музыкалық колледжі «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында «Көшпенділер әуені» атты дәстүрлі орындаушылардың ІІ Республикалық байқауын өткізді. Үш күн бойы колледж ішін ұлттық саз аспаптарының үні кернеп тұрды. 50 домбырашы, 33 қобызшы, 22 әнші – республиканың түкпір-түкпіріндегі музыкалық колледждерден барлығы  105 өнерлі жас қатысқан байқау тартысты әрі биік деңгейде өтті. 

Алматыда «Көшпенділер әуені» атты дәстүрлі орындаушылардың ІІ Республикалық байқауы өтті

Биылғы жылғы байқау Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Қорының «ЖасStar» шығармашылықпен айналысатын Халықаралық жастар фестивалі аясында ұйымдастырылды. Қазақстанның өнерлі жастары үшін маңызды болып саналатын байқаудың ашылу салтанаты колледждің жаңадан пайдалануға берілген Ермек Серкебаев атындағы залында өтті. КСРО Халық әртісі Асанәлі Әшімов жастарға ақ батасын беріп,  Қазақстанның халық әртістері Нұрғали Нүсіпжанов, Нағима Есқалиева, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Жәмилә Серкебаева байқаудың құрметті қонақтары ретінде қатысты.

Концертте белгілі домбырашы Асылбек Еңсепов, «Самұрық» би ансамблі, ән бөлімінің студенттік хоры, қобызшылар ансамблі, күй квартеті өнер көрсетіп, заманауи әдіспен батыл өңделген белгілі ән мен күйлерді шеберлікпен орындап шықты.

– «Көшпенділер әуені» байқауы талантты жас орындаушыларды ортақ шығармашылық мақсатқа біріктіре алуымен өркендеп келеді,– деді колледж директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Біржан Хасанғалиев.– Бұл байқау музыкамыздағы ұлттық дәстүрді дамытып қана қоймай, жас таланттардың қоғамдық кең ауқымда танылуына, қанатының қатаюына серпін береді. Сондықтан да біз жүлдегерлерге берілетін барлық аталымдарды «Құрманғазы», «Қорқыт», «Мұхит» деп атауды жөн көрдік, қазақ даласының ең ұлы музыканттары атындағы жүлделер жеңімпаздарды сөзсіз қанаттандыра түседі. Қазылар алқасына да белгілі музыканттар мен педагогтарды таңдадық. Белгілі музыка зерттеушісі, күйші Абдулхамит Райымбергенов, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, профессор Меруерт Қаленбаева, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор Айгүл Қосанова жас таланттардың өнеріне қазылық жасады.  

Байқаудың Ережесі мен талабына сәйкес,  өнер бәсекесінде анықталған ең мықты жас орындаушылардың ұстаздарының есімі де ескерусіз қалмай, жеңімпаз болған лауреаттың немесе дипломанттың қаржылай жүлдесінің жартысы оны баптаған ұстазына да тиесілі болуы көзделді. «Көшпенділер әуені» байқауын ұйымдастыру комитеті осындай тәсіл арқылы мұғалім мәртебесін көтеру туралы Президент Н.Назарбаевтың қазан айындағы Жолдауын іс жүзінде дәлелдеуді жөн көрді. Байқау қортындысы бойынша, домбырашылар арасында П.Чайковский атындағы Алматы музыка колледжінің студенті Ержанат Жарқыннұр үздік деп танылып, Гран-приді иеленді. Оның 300 000 жүлдесі екіге бөлініп, 150 000 теңгесін ұстазы Саят Ақбасов иеленді.

Сәйкесінше, барлық жүлде жеңімпаздар мен педагогтарға тең тиесілі болды. Әншілер арасындағы «Мұхит» жүлдесі Ж.Елебеков атындағы Эстрада және цирк колледжінің студенті Баян Жұбановаға (педагог Рысты Сүлейменова), қобызшыларға берілген «Қорқыт» жүлдесі Алматы музыкалық колледжінің студенті Аида Бекназароваға (Лаула Ченемисова) табысталды. Әсел Қалекешованың шеберлік сыныбында оқитын Атырау музыкалық колледжінің студенті Нұрайсұлу Талғатова техникалық жағынан шыңдалған үздік орындаушы ретінде танылды. Мәреге жеткен 42 үздік орындаушы мен педагог әртүрлі жүлделерге ие болды. «Көшпенділер әуені» республикалық байқауына төрелік жасаған қазылар алқасы биылғы қатысушылардың деңгейінің жоғары екенін атап өтіп, келешекте қазақ өнері талабы да, таланты да биік жаңа есімдермен толыға түсетініне сенім білдірді.

Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,

АЛМАТЫ