Қазақстан • 30 Қазан, 2018

Қазақстан – Батыс пен Шығыс арасындағы сенімді көпір

3376 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Дәстүрге айналған АСЕМ саммиті биыл 12-ші рет өтіп, ол өзінің Азия мен Еуропа елдері арасындағы тиімді пікір алмасу алаңы екенін көрсетіп берді. Бұл ұйымның саммитіне Қазақстан тарапы осымен үшінші рет қатысты.

Қазақстан – Батыс пен Шығыс арасындағы сенімді көпір

Әлемнің түкпір-түкпірінде шиеленістер жиілеп, санкциялар мен сауда соғысы халықаралық саясат пен қатынастарды қиындата түскен қарсаңда өткен биылғы саммиттің рөлі өте маңызды.        

Әлемдік державалар – АҚШ пен Қытай арасындағы сауда соғысының туындауы әлемдік экономикалық тұрақтылыққа кері әсерін тигізу ықтималдығы бар. АҚШ пен Еуроодақ арасындағы дәстүрлі және өзіндік тарихы қалыптасқан қарым-қатынас кризистік жағдайды бастан өткеруде. Дипломатияда «ерекше қарым-қатынасқа» ие тарихи альянс және талайға үлгі болып келген АҚШ пен Ұлыбританияның арасында да келіспеушіліктер пайда болуда. Басты себептердің бірі – АҚШ элитасының протекционистік саясатты желеу етіп, терең кооперацияға қауқарсыздық танытуы.

Осы жағдайларды ескеретін болсақ, Азия мен Еуропа арасындағы өзара қарым-қатынасты нығайтудың маңыздылығы арта түседі. Ерекше айтатын жайт – биылғы АСЕМ саммитінде Азия мен Еуропа мемлекеттерінің өзара байланысы басты тақырып болды. Бұл өз кезегінде ресми Астана үшін бірқатар мүмкіндіктерге жол ашады.

Қазақстанның қолайлы географиялық орналасуы мен геосаяси маңыздылығы әлемдік қоғамдастыққа мәлім. Бұл Қазақстан территориясы арқылы өтетін көлік-логистикалық дәліздерге ғана қатысты емес. Қазақстанның халықаралық саясаттағы орны Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің деңгейінде де мойындалған.

Сириядағы қақтығыстарды реттеуге қатысты келіссөздер жүргізуге өз алаңын ұсынған еліміздің көптеген бітімгерлік бастамаларына жаһан жұртшылығы куә. Мәселен, Ресей мен Түркия арасындағы қарым-қатынас салқындаған шақта Қазақстан өзінің араағайындық жасап, теке-тірестерді шешудің тиімді жолдарын ұсына алатындығын дәлелдеді. Мұның барлығы Қазақстанның әлемдік қоғамдастық алдында түрлі халықаралық қатынастарға қатысты мәселелерді көтеруге толықтай құқығы бар ел екенін көрсетеді.

Мемлекет басшысы Н.Назарбаев АҚШ, Ресей, Қытай және Еуропалық одақ сияқты алпауыттарға адамзат алдындағы жауапкершілікті сезіну қажеттігін, олардың халықаралық шиеленістерді шешудегі рөлінің маңыздылығын баса айтты. Осы орайда, өзара диалог пен түсіністіктің болмауы – үлкен барьерлердің қайнар көзі.

Азия және Еуропадан жалпы алғанда 51 мемлекет және үкімет басшыларын жинаған саммитте Сирия, Украина, халықаралық терроризм, қауіпсіздік, климат өзгерісі, қарусыздандыру, протеционизм мен әлемдік алпауыттар арасындағы шиеленістерді шешу мәселелері көтерілді. Мемлекет басшысы осы орайда ресми Астананың әрдайым өзінің сенімді алаңын ұсына алатындығын тағы да жеткізді.

Қазақстанның Батыс пен Шығыс арасында көпірге айналатын потенциалының мол болуын Қытайдың «Жаңа Жібек жолы» жобасымен де байланыстыруға болады. Бұл – Орталық Азия мен Кавказ арқылы Қытайдан Еуропаға тауар жеткізу құнын едәуір жеделдетуге болатын инфрақұрылымдық ауқымды жоба. Жоба үшін ресми Бейжің 55 млрд АҚШ долларын құрайтын арнайы қор құрды, сондай-ақ 100 млрд АҚШ долларын құрайтын Азия инфрақұрылымды инвестициялау банкін (AIIB) құрды.

Қазақстанның Орталық Азиядағы жетекші экономикалық және геосаяси күш екенін ескеретін болсақ, елімізді сәйкесінше «Жаңа Жібек жолы» жобасының негізгі ойыншысы деп айта аламыз. Бұл Қытай басшылығының ұстанымы. «Жаңа Жібек жолы» жобасы Қазақстанның Азия мен Еуропа арасындағы көпіріне айналуында орасан зор рөлге ие.

Қазақстанның «Жаңа Жібек жолындағы» басты рөлі – Қытайдың тауарларын Орталық Азия арқылы Еуропаның орталықтарына тасымалдау үшін жаңа заманауи темір жол жүйесін салуында. Жоба аясында Қазақстан 2020 жылға дейін өзінің транспорттық саласына 20 миллиард доллардан астам инвестиция салуға ниетті.

«Жаңа Жібек жолы» өңірді экономикалық интеграциялауда, өңірлік тұрақтылықты қамтамасыз етуде өзіндік маңызға ие. Ол Еуропа мен Шығыс Азия арасындағы транзиттік аймақ ретінде қарастырылады. Жобаның тиімді түрде жүзеге асуы үшін қатысушы мемлекеттер өздерінің бар әлеуетін жұмылдырады: энергетика, көлік, сауда, байланыс және инфрақұрылымдық инвестицияларды пайдалану көзделуде.

Қазіргі таңда, Оңтүстік және Орталық Азия әлемдегі экономикалық тұрғыдан ең аз интеграцияланған өңірлердің бірі болып қала береді. Тиісінше, бұл инвестицияларды тарту мен адами капиталдың дамуы үшін әлі көп мүмкіндіктерге жол ашады.

Биылғы АСЕМ саммиті барысында да Президент Н.Назарбаев еуропалық бизнес өкілдерімен бірқатар кездесулер өткізді. Инвесторлармен кездесудің негізгі мақсаты – елімізде қолайлы инвестициялық климат орнағандығын, екіжақты әріптестік тиімді шарттар негізінде жүзеге асыруға болатындығын жоғары дәрежеде тағы бір нақтылау болатын.

Инвестициямен қатар сауда-саттықты дамыту  – Шығыс пен Батыс арасындағы тауарлардың, қызметтердің және халықтың ағынын жеделдету арқылы оны жетілдіруге де өз септігін тигізбек. Бұл мәселе АСЕМ саммитінде мемлекеттер басшыларының негізгі фокусына айналды.

Қорытындылай келе айтарымыз, АСЕМ платформасының рөлі жылдан-жылға артып, мемлекеттер басшыларының арасындағы конструктивті диалог орнатуда үлкен алаңға айналды деп айтуға толық негіз бар.

Исатай МИНУАРОВ,

Тұңғыш Президент қоры жанындағы Әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы