Өнер • 19 Қараша, 2018

Аза Шәден. Кесілген бұрым

668 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Ғасырлар бойғы қалыптасқан ұлттық таным мен жаңашылдық синтезінің бүгінгі көрінісі Аза Шәденнің қылқаламынан өзгеше өрнек тапқан. Астанада өткен заманауи арт көрмелердің бірінде әуелі Азаның өзімен емес, тұманды Альбионды асып жеткен шығармашылығымен танысқан едік. Артынша суретшімен де тілдесуге асықтық. Жас суретшінің шығармашылығы несімен дара? Бейнелеу өнерінде оны не толғандырады?

Аза Шәден. Кесілген бұрым

Аза Шәден, суретке түсірген Сара Пиантадоси

Өзбекстанда туып-өскен ол әскери қызметтегі атасының жұмыс ыңғайымен Орталық Азия аумағында отбасымен жиі қоныс аударған. Осы себепті болса керек, ен даланы еркін жайлаған сахара жұртының салт-дәстүріне кішкентайынан қанығып өсіпті. Біз мұны көшпенді халықтардың мәдениеті мен дүниетанымына айрықша орын табылған жас суретшінің шығармашылығынан аңғардық.

Азаның қолтаңбасынан күр­делі динамикалық ырғақ пен жұм­бақ мазмұнды, образды сим­вол мен метафораны жазбай тануға болады. Уақыт ағымымен үндескен көркемдік тех­­ника­сының өзге­шелігі бір­де оңай оқылса, кейде ауыз­ды­­ғымен алысқан асаудай алысқа әке­теді. Мысалы, «Ше­ше­ле­рі мен қыздары» (Mothers and Daughters) картинасы қыр әйе­лінің қала тіршілігіне үйре­ні­с­кен, түрленген бейнесінің бү­­гінгі сипаты хақында. Әйел – ошақтың ұйытқысы, алтын бесіктің киесі саналса, бұрым әйел баласының сұлулығына баланатын. Ком­позицияның «Қыз­дар» карти­насында қалалық әйелдер үшін ұзын бұрымның ендігі қадір-қасиеті көрсетілсе, осыған жалғас келесі бір пор­третінде ішімдік ішкеннен кейін бұрымын кесіп алған әйел кескінделген. Суретшінің айтуын­ша, суреттің негізгі идеясы кеңестік фильм­дерден алынған. Ал «Шешелер» картинасында олардың бұрымы асқар таулар сынды бейнеленеді. Табиғат ана төсінен несібесін терген ауыл әйелдерінің өмірі қалаға көшіп келген соң жаңа арнаға бұрылып сала берді. Енді оларға айран ұйыту, күбі пісіп, май шайқау, құрт қайнатудың керегі жоқ, дүкендерге бар да қалауыңша сатып ала бер! Мұның соңы не­мен тынады? Қазіргі қазақ әйелі дегенде кімді көрсетеміз? «Шешелері мен қыздары» атты сериялық жұмыс, міне, осындай сұрақтарға түрткі болар мазмұн тудырады.

Азаның галереясындағы та­ғы бір іргелі жұмыс – Арал та­қырыбына арналған «Аза тұту текстурасы» (Textures of grieving) атты полотносы. Әри­не Арал теңізін құтқару та­қы­рыбына қа­лам тартпаған жазарман қауы­мы кем де кем. Әйтсе де Азаның Арал тақырыбы төңі­регіндегі ізденісі формалық маз­мұ­нымен дараланады. Яғ­ни те­ңіз бен адам тағдырын ұқсас­тыра отырып, жұмыстың не­гізгі өзегіне айнал­дырған. Мұ­ны ав­тордың өзі былай деп тү­сіндіреді: 

«Бұл жұмыстың негізгі айтар ойы осы төңіректегі ұлттар мен құрып кетуге шақ қалған Арал теңізінің мүшкіл жағдайы туралы. Олардың ортақ тұсы бар. Орталық Азияны советтендіру қоғамды айтарлықтай өзгерістерге ұшы­ратқаны баршаға мәлім. Әйел­­дерге кеңшілік, теңдік беру деген желеу халықты ұлттық бол­­мысынан айырды. Осындай аб­сурдтық бейнелер арқылы Ке­ңес Одағы идеологиясы Ор­талық Азия үшін тиімді болды ма, әлде ұлттарды күштеп ұйыт­қан «бірлігі» тұрғылықты ха­лықтардың біртіндеп жойылуына әкеп соқты ма деген сұрақты көл­денең тастаймын», дейді.  
Атамекенінен жырақта өсіп, қиыр жайлаған қазақ қызының кез келген дүниеге ұлттық дү­ние­таным эпицентрінен көз са­латындығы ұнады. Көненің кө­зін көксегені ескішілдікке бұра тартқаны емес. 

«Өнер қазіргі сәтте өмір сү­руі тиіс. Әдемілікті көгерген нан­нан да, жүзін қайғы торлаған қар­тамыс әйелдің бетінен де кө­руге болады» дейтін сурет­ші­нің кескіндемедегі аяқ алы­сының нығая түсуіне 1920-40 жылдардың әсе­рі зор болған. Әсіресе Ка­зимир Малевич, Наталья Гон­ча­рова, Эрнст Кирхнер, Ман Рэй, Макс Бекман сынды көр­кем мәдениетке тайсалмай жаңа­шыл леп әкелген суретшілер шы­ғар­ма­­шылығындағы түстер ком­пози­циясы мен тақырып алуан­дығы оны әу бастан ереше қы­зықтырған. 

– Мені ертеректегі суретшілер қарапайым да терең мазмұнымен тартып тұрады. Бәлкім солар өмір сүрген шақтар жаныма жа­қын болар. Зымыраған бүгінгі заманның жаңашылдықтарын аса ұната бермеймін, – дейді Аза.

Лондонда он жылдан астам уақыт тұрып келген ол жуырда теңіз жағасындағы Гастингс қалашығына қоныс аударыпты. Мұнда креативті дизайнер ретінде әртүрлі жобаларға атсалысып тұ­рады. Кісі аяғы үзілмейтін кафе, мейрамханалар мен шоколад дү­­кендері, кішігірім сауда-сат­тық орындары мен мерекелік фес­­­тивальдардың орталығына ай­­налған қала құшағы қай кезде болсын суретшілерді жат­сын­баған. Тіпті бейресми түрде «су­ретшілер қаласы» деп те аталуы тегін болмаса керек-ті. Біз­дің суретші қыз да осы қалада шы­­ғар­машылығын өрістетіп, әлемнің көркемсурет галерея­ларында жылына кем дегенде бес мәрте жеке көрмесі өтсе деген меже қойып отыр. Өзің айт­­қандай, экспромт-қиялың мен қуатты ақындық шабытың тас­қындай берсін, Аза!