Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы Қазақстанның Румыниядағы елшілігі мен Клуж-Напока қаласының құрметті консулдығымен бірлесіп ұйымдастырған фестивальде соңғы жылдары өнер кеңістігіне айтулы жаңалығымен енген отандық үздік туындылар көрсетілді. Атап айтар болсақ, Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясында жарық көрген «Жаужүрек мың бала», «Анаға апарар жол», «Құнанбай», «Оралман» және «Жаңғақ тал» фильмдері румын көрермендерінің көзайымына айналды.
Фестивальдің ашылу салтанатында Қазақстанның Румыниядағы елшісі Дәулет Батырашев румын аудиториясын отандық киноөндіріс өнімдерімен таныстыру шарасы мемлекеттердің мәдени-гуманитарлық ынтымақтастығының дамуына және екі елдің рухани жақындасуына ықпалын тигізетінін айрықша атап өтсе, актер Асылхан Төлепов көрермендерге «Жаужүрек мың бала» фильмінің түсірілуі туралы айтып берді.
Айтулы өнер оқиғасына жергілікті тұрғындар мен қоғам қайраткерлері, үкімет, іскерлік және академиялық орта өкілдері, сондай-ақ Клуж-Напока қаласында оқып жүрген қазақстандық студенттер қатысты. Олар қазақ кинофестивалі қаланың мәдени өмірінде ерекше құбылыс болғанын, бұл шараның Румыния Бірлігінің жүзжылдық мерейтойы қарсаңында өтіп жатқанын айтып, көрсетілім соңында өз әсерлерімен бөлісті.
Отандық фильмдерден шабыт алған румын көрермендері мен кино мамандары режиссерлер жұмысына жоғары баға беріп, қазақстандық кино мектебінің ерекшеліктеріне жан-жақты тоқталды.
Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ