Жалпы, аталған сапар екі мемлекет арасындағы қарым-қатынастар тарихында сыртқы істер министрлері деңгейіндегі алғашқы сапар болуымен ерекшеленіп отыр.
Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахмановпен өткен келіссөздер барысында тараптар саяси, сауда-экономикалық және мәдени ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы мен келешегін талқылады. Құрылыс, энергетика, ауыл шаруашылығы, көлік-логистика, инфрақұрылым және туризм салалары ынтымақтастықтың перспективалық бағыттары болып анықталды.
Албания делегациясы Қазақстандағы шетелдік инвесторлар үшін қолайлы жағдайлар мен артықшылықтар туралы, сондай-ақ «Астана» халықаралық қаржы орталығы шеңберіндегі ынтымақтастық мүмкіндіктері туралы хабардар болды.
Екі ел арасындағы тауар айналымының көлемі төмен, осыған байланысты сауда-экономикалық ынтымақтастық қарқынын қамтамасыз ету мақсатында тараптар сауда-экономикалық ынтымақтастық, инвестицияларды көтермелеу мен өзара қорғау және қосарланған салық салуды болдырмау туралы үш негізгі келісімге қол қою процесін жеделдету туралы уағдаласты. Сонымен қатар келіссөздердің күн тәртібінде өзара құқықтық көмек көрсету туралы құжаттар бар.
Халықаралық және аймақтық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер, соның ішінде Орталық Азия мен Балқан аймағындағы жағдай туралы пікір алмасылды. Қазақстан мен Албанияның негізгі халықаралық мәселелер бойынша ұстанымдарының ұқсастығы БҰҰ, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы, Ислам ынтымақтастығы ұйымы сияқты платформалар аясында әріптестікке мүмкіндік беретіндігі атап өтілді.
Бұл тұрғыда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың халықаралық жанжалдарды реттеудегі жеке үлесі атап өтіліп, сондай-ақ Мемлекет басшысы Астана клубының шеңберінде жасаған бастамалар – 1975 жылғы Хельсинки процесін жаңарту, оған қоса 2020 жылы Астанада қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі конференцияны өткізу және ЕҚЫҰ, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңесі мен АСЕАН Аймақтық форумының бірінші бірлескен консультативтік кездесуін ұйымдастыру туралы айтылды.
Келіссөздер барысында Қазақстандық тарап Албанияның 2020 жылы ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету кандидатурасын қолдауға және осы ұйымға төрағалық ету тәжірибесімен бөлісуге дайын екендігін білдірді. Ал Албания тарапы Қазақстанның аталған ұйымға табысты төрағалығының тәжірибелерін пайдалануға құлықты екендіктерін білдірді.
Ресми кездесуден кейін журналистер алдына шыққан министрлер екі елдің қарым-қатынастарының маңызды бағыттары туралы айтып берді.
– Дитмир Бушати мырзаның сапары екіжақты қарым-қатынастарды одан әрі дамытуға және екі ел арасындағы ынтымақтастықтың болашағын айқындауға және дамытылуы тиіс бағыттарды нығайтуға ықпал етеріне сенімдімін, – деді Қ.Әбдірахманов.
Кездесу аясында бірқатар екіжақты құжаттарға – Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі мен Албанияның Еуропалық және сыртқы істер министрлігінің арасындағы ынтымақтастық туралы хаттамаға, Қазақстанның Сыртқы сауда палатасы және Тирананың сауда-өнеркәсіптік палатасы арасында өзара түсіністік меморандумына аталған құрылымдардың басшылары қол қойды.
Серік ӘБДІБЕК,
«Егемен Қазақстан»